• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қыркүйек, 2011

Табыспен өрілген тәуелсіздік

419 рет
көрсетілді

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ АРҚАУЫНА АЙНАЛДЫ Тәуелсіздіктің жиырма жылында Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізді. Парламент Мәжілісінде кеше «Жаңа әлем­дегі жаңа Қазақстан: Тәуелсіздікке – 20 жыл» тақырыбымен өткен халық­аралық ғылыми-практикалық конференцияда осы мәселе жан-жақты пайымдал­ды. Осы­лайша аталған шара арқылы өткенге көз сала отырып, болашақты бағамдауға қадам жасалды. Конфренцияға қатысушылар Мә­жі­лістің жалпы отырыс өткізетін зал­дың фойесіне қойылған көрмеден Тәуелсіз Қазақстанның өткен белестерін бедерлейтін фотоматериалдарды та­машалауға мүмкіндік алды. Көр­меге қойылған фотоларда еліміздің алғашқы тәуелсіздік алған 1991 жыл­дың 16 желтоқсанындағы сәттерден бастап, қазіргі кезді де қамтыған кө­рі­ністер сыр шертеді. «Елдің құрылуы», «Ядроға қарсы саясат», «Халық­ара­лық байланыстар мен бастамалар», «Ас­тана», «Мәдениет және спорт» деген тақырыптарға бөлінген экспози­ция көпшілік ықыласын тудырды. Конференция жұмысына еліміз, Қырғызстан мен Ресей Федерациясы парламенттерінің депутаттары, ха­лық­аралық және қоғамдық ұйымдар өкілдері, бірқатар министрліктер мен ведомстволар басшылары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Конференция «Тәуелсіздік пен ұлттық ой-сана­ның жетілуі», «Тәуелсіздік – жаңа Қазақстанның басты байлығы», «Қа­зақ­стан барысы мен Беларусь зубры: 20 жыл бойы бірге», «Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия жобасы: ресейлік көзқарас», «Қазақстан қазіргі шындық алаңында» және өзге де өзекті деген тақырыптарды қамтыды. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті­нің төрағасы Ә.Жолшыбеков өзінің кіріспе сөзін «Біз бірлігі жарасқан ең­селі еліміз Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына арналған алқалы жиында бас қо­сып отырмыз», деп бастап, тақы­рып­тың негізгі тінін айқындап берді. Қазақта «Бақ қайда барасың, десе – Ынтымаққа барамын» деген аталы сөз бар, расында да осынау ынтымақтың арқасында бақ қонған мемлекет аз уақыт ішінде дүниені дүр сілкіндіріп, «Қазақстан» атты тарихы бай, қо­нақ­жай және экономикасы қарыштап да­мып келе жатқан, болашағы жар­қын мемлекеттің бар екеніне төрткүл дү­ние­нің көзі жетті, деді Әмзебек Рыс­бек­ұлы. Тәуелсіз Қазақстан осынау 20 жыл ішінде өзінің бейбітшілікті қа­лай­тын, ұлтаралық келісімді қол­дай­тын іргелі ел екенін дәлелдеді. Соны­мен қатар, жас мемлекетіміздің алар биігі әлі алда екенін мойындаған әлем жұртшылығы Қазақстанның болаша­ғы­на қызыға қарайтыны да жасырын емес. Өйткені, 20 жылда барлық салаларда осындай жетістіктерге қол жеткізген Қазақстан үшін бұл үлкен шың­ның бастауы ғана сияқты көрінеді. Қазақстан мемлекеттігін құру ба­ры­сында Тұңғыш Президенттің жар­қын талантының, ұлттың Көшбас­шы­сының айналасына ұйысуының арқа­сын­да әлеуметтік саясатты, эконо­ми­каны дамытуды және келісім мен бейбітшілікті сақтаудағы маңызды міндеттерді шешуде күш біріктіре білдік. Ең негізгісі мемлекеттік шекараны шегендеу мәселесі өткір қойылды. Қа­зақ­станның алдында көршілерімен мың­даған шақырым шекараны делимитациялау мәселесі тұрды. Бұл және өзге де трансшекаралық мәселелер дер кезінде шешімін тапты. Соның нә­ти­жесінде Қытаймен, Өзбекстан­мен, Түркі­мен­стан­мен, Қырғызстан­мен және Ресеймен шекара мәселесі халықаралық-құқықтық деңгейде шешімін тапты. Бұдан басқа Қазақстан 20 жылдан бері ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау режімін күшейтуге күш салып келеді. Президент Жарлығымен әлем­дегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартылып, Семей полигоны жабылды. Қазақ­стан­ның бұл салада көшбасшы екенін 2010 жылы Семей өңіріне келген БҰҰ Бас хашысы Пан Ги Мун да өз сөзінде ерекше атап өткен болатын. Еліміздің өтпелі кезеңіне шолу жа­саған Мәжіліс Төрағасының орын­ба­сары В.Бобров бәрін қайтадан бас­тау­ға тура келгендігін тілге тиек етті. Елбасының көрегендігі арқасында Қа­зақстан саяси жүйесі тұрақты, рынок­тық қарым-қатынасқа көшкен және азаматтары әлеуметтік жағынан қор­ғал­ған елге айналды. Тәуелсіздігі­міз­дің 20 жылы ішінде Қазақстанға тар­тыл­ған тікелей инвестиция 132 миллиард долларға жетті. Ішкі жалпы өнім­ді жан басына шаққанда 12 есеге өсіп, 10 мың АҚШ долларын құрады. Осы­лайша қазақстандықтардың табысы 17 есеге дейін ұлғайды. Медицина мен білім беру өмір сапасының басты құ­рам­­дас бөлігі ретінде басым міндеттер бо­лып табылады. Соңғы онжыл­дықта де­н­саулық сақтау саласына бөлінген қаржы он есеге артты. Қазақстан сауат­ты­лық көрсеткіші бойынша әлемдегі белді елдер ішінде 14 орынға тұрақ­та­ған. Мұ­ның барлығы адам капиталын еселеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ еліміз ЕурАзЭҚ-тың белді мүшесі болып табылады. Сарапшы­лар Кеден одағы құрылуының арқасын­да тауар айналымын 400 миллиард долларға жеткізетін әлеует бар дегенді айтады. Қазақстан Еуразия кеңістігінде саяси, мәдени және экономикалық жа­ғы­нан тоғысқан ел астанасын салып алды. Сондықтан да әрбір қазақстандық өз елімен мақтана алады. Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші Төрағасының орынбасары А.Жээн­беков Қазақстан мен Қырғызстан бауыр­лас­тық қарым-қатынастарды ерекше дең­­гейде сақтай білгендігіне тоқтала кетті. Енді екі ел жақын достар ғана емес, сонымен қатар, стратегиялық әріп­тестер және одақтастар да болып табы­лады. Елдер арасындағы сауда-саттық та соңғы кезде өсуге бет алған. Қазақстан Қырғызстанның ең басты сауда әріптесі болып табылады. 2010 жылы арадағы сауда айналымы 1 миллиард АҚШ дол­ларына жеткен. Бұл 2009 жылмен са­лыс­тырғанда 17 пайызға артық. Биыл да сауда-саттық 20-25 пайызға өседі деп күтілуде. Қазақстандағы тұрақтылық пен келісім жайын сөз еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов былай деді: «Тарих Нұрсұлтан Назар­баевтың дұрыс таңдау жасағанын және саяси алысты болжайтындығын дәлел­де­ді. Оған мысал – Конституцияға елдің саяси жүйесін модернизациялау жөнін­дегі бірқатар инновациялардың енгізілуі, соның ішінде заңды түрде Назарбаев моделі аталып кеткен, этносаралық то­ле­ранттылық пен қоғамдық келісім­нің қазақстандық моделінің іс жүзінде жүзеге асуының құқықтық тетіктері бекітілгендігі». Қазақстандық этносара­лық толеранттылық пен қоғамдық келісім моделінің тұсаукесері 2009 жылы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде өткізілген. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы Аз ұлттар жөніндегі жоғарғы комиссар тарабына да бұл модель жан-жақты паш етілді. Бүгінгі таңда Қырғызстан және Ресей халықтары ассамблеясымен келісімдерге қол қойылған. Еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктеріне шолу жасаған Қазақстан Сырт­қы істер министрінің орынбасары Қ.Сары­бай Тәуелсіздігіміздің аясында Елбасы белгілеген сыртқы саясаттың ба­сым ба­ғыт­тары сәтімен жүзеге асы­ры­лып, бү­гін­де Қазақстан бүкіл әлем таныған беделді де ықпалды мемлекетке айналғанын атап өтті. Вице-ми­нистр­дің пайымынша, Ел­ба­сының аймақтық және жаһандық қауіп­сіз­дік­ті нығайту­да­ғы жеке үлесі зор. Және Астананың ең өзекті деген халық­ара­лық мәселелерді шешу және жаңа әлем тәртібін қалып­тас­тыру үдерісіне жоғары деңгейде, биік мәртебемен қатысуына мүм­кіндік ту­ғызып отыр. Ресеймен, Қы­тай­мен, АҚШ-пен, Еуро­­па­лық Одақпен және өзге де елдермен тату көршілік, дос­тық және страте­гия­лық әріптестік қа­рым-қатынастары ор­наған. Президент бастамасымен қа­был­данған «Еуро­па­ға жол» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде бірқатар жаңа жобалар жү­зеге асырылуда. Сарыарқаның төрінде Еу­ро­падағы қауіп­сіздік және ынты­мақтас­тық ұйы­мы Саммитінің өткі­зілуі, сөз жоқ, отан­дық дипло­ма­тия­ның ең ірі табыс­тарының бірі болды. Астана декл­а­рациясы қауіпсіз­дік­тің Еуро-Атлантика мен Еуразия аума­ғын­дағы біртұтас және бөлінбей­тін үдерісі қалып­тасуын бастап бергені хақ. Шанхай ынтымақтастық ұйымын­дағы біржылдық төрағалық шеңберін­де 110-нан астам іс-шара өткізілді, деді сыртқы саясат ведомствосы бас­шы­сының орынбасары. Астанада өткен тарихи Саммит ұйымның онжылдық жұмысы қорытындыларын шығарып, оның әрі қарай даму келешегін ай­қындап берді. Үстіміздегі жылғы 28-30 маусым күндері елордамызда Ис­лам Конференциясы Ұйымы Сырт­қы істер министрлері кеңесінің 38-сес­сиясы өтсе, еліміз содан бері Ұйым­ның осынау маңызды саяси органын­дағы біржылдық төрағалығын ат­қару­да. Қатысушылардың жалпы пікіріне сүйенсек, Астанадағы кездесу Ұйым­ның дамуындағы тарихи белес ретінде қарастырылады. Беларусь Ұлттық ғылым академия­сы Әлеуметтану институтының ди­рек­торы И.Котляров екі ел дамуын­дағы өзіндік ұқсастықтарды келтіре оты­рып, табысты қадамдарды ашып көр­сету­ге тырысты. Ғалым, әсіресе, Қа­зақстанның жетістіктері орасан екен­­дігін тілге тиек етті. Қазір әлем қа­зақ­стандық ғажайыпты қар бары­сы­ның секірісіне теңеп жүр. Бүгінгі таң­да Қа­зақ­стан әлемдік держава­лардың жаһан­дық бәсекесінде өз халқының мүд­десін сақтап қалды, сондай-ақ дұ­рыс эконо­микалық шешімдерді қа­был­дап келеді. Конституцияға енгізілген өзгерістер Парламент пен саяси партиялар рөлін арттыруға мүмкіндік берді, деді Бұдан кейін сөз Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультеті деканының даму жөніндегі орынбаса­ры, ММУ АТО бас директоры А.Вла­сов­қа берілді. Сарапшы өз сөзінде Н.Назар­баевтың бастамасы ТМД елдерінің ба­сын біріктіргендігін, бұл еуразиялық идеяның қалануына негіз болған­ды­ғын қаперге алды. 90-шы жылдары бұл ой көпшілік санасында қиял бо­лып қалыптасса, араға жылдар салып ол өзінің шын мәнінде жүзеге асқан­дығын көрсетіп отыр. Қазақстан өзі­нің Тәуелсіздігін алған 20 жылда оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық өзара ықпалдастық аспектілерін дамытуға күш салып келеді. Қазақстанның посткеңестік кеңіс­тікте интеграцияның локомотивіне айна­лып отырғаны да сондықтан, деді. Бұдан кейін сөз алғандар да жиыр­ма жыл ішінде Қазақстанның ма­ңыз­ды саяси және экономикалық реформалар жүр­гіз­гендігін, соның нәтиже­сін­де мем­ле­кеттіліктің тұрақты негізі қала­нып, азаматтық қоғамды дамы­ту­ға қол жеткізілгенін ерекше атады. Елі­міз­дің қалып­тасуы мен Астананың нығаюын­да Елбасы Н.Назарбаевтың рөліне ерек­ше маңыз берілді. Елдің сыртқы саясаттағы жетістіктері, кон­фессия­аралық үнқаты­су бағытындағы жетістіктері де назардан тыс қалған жоқ. Қорыта келгенде, Қазақстанның демо­­кратиялық, әлеуметтік бағытқа бет бұрған жетістіктері жан-жақты са­ра­лан­ды. Конференцияға қатысу­шы­лар елі­міз­дің дамуы барысын, оның жетістіктерін үнемі бақылап келе жатқандық­тарын байқатты. Ендігі мәселе Қазақ­стан­ның мемлекет құ­рып, қалыптас­тыру­дағы тәжірибесін халықаралық қоғам­дастық тарапынан терең түсінуге мүмкіндік туғызу болып табылады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. Суретті түсірген Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ.