Кеше Сыртқы істер министрлігінде Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы болып өтті. Оның барысында Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов еліміздің сыртқы саясаттағы басты бағыттары жайында баяндап берді.
Өз сөзінде Е.Қазыханов «Қоғамымыздың барлық саласы бойынша маңызды шешімдер қабылдайтын Парламентіміздің рөлін ерекше атай отырып, дәстүрлі кездесулерімізде сыртқы саясат саласының өзекті мәселелері жөнінде сіздермен жан-жақты пікір алмасып отырамыз, әрдайым үйлесімді жұмыс жүргізіп келеміз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік беделі мен байыпты сыртқы саяси стратегиясының арқасында халықаралық қоғамдастықта дипломатиялық зор табыстарға қол жеткізіп, ел мәртебесін көтерер мазмұнды іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл саяси жетістіктеріміз, әрине, Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері болып табылатын сіздермен бірлесе үйлесімді атқарған күш-жігеріміздің нәтижесі деп санаймыз. Бұл ретте мемлекеттік қызметте және сыртқы саясат саласында жинақтаған өмірлік мол тәжірибелері бар, сонымен қатар, елімізге белгілі зиялы қауым, қоғам және мемлекет қайраткерлерінен тұратын сенаторлардың әрдайым көрсетіп отырған қолдауларын ерекше атап өткім келеді», дей келіп, 20 жыл ішінде біздің жас мемлекетіміздің сыртқы саяси салада зор табысқа ие болуы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекетті жаңартудағы қызметінің нәтижесі болып табылатынын атап көрсетті.
Одан әрі еліміз СІМ-інің басшысы ЕҚЫҰ-да алынған практикалық тәжірибе енді қазір 1,5 млрд.-тан астам халқы бар 57 мемлекетті біріктірген Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық тұсында қолданылатынын айтып, Қазақстанның ИЫҰ-ға төраға болуы Астанада маусым айында өткен Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесінде Ұйым атының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы болып өзгеруімен исламдық уммаға әйгілі тарихи оқиға болып енгенін де еске салды.
Ал еліміз абыройының ислам әлемінде биік болуы барлық қазақстандық шешімдердің, атап айтсақ, Семей полигоны жабылуынан бастап ядролық сынақтарға қарсы әрекеттесуге дейінгі аралықтағы шешімдердің халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау табуынан бастау алатынына екпін түсірілді. Министр назарынан стратегиялық әріптестер де тыс қалмады. «Бүгінгі күні біздің стратегиялық әріптестеріміз: Ресей, Қытай, АҚШ, Еуроодақпен ынтымақтастығымыз жаңа сапалы деңгейде дамып келе жатыр», – деп атап өтті Е.Қазыханов.
Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов министрдің сыртқы саясат бойынша кең қамтылған, мазмұнды баяндамасына алғысын білдіріп: «Кеңес заманында егер біздің ұлтымыздың өкілі халықаралық дәрежедегі бір мінберге көтеріліп сөйлесе, төбеміз көкке жететін еді, ал қазір бұл өте үйреншікті жағдай. Шүкір, қазір әлем Қазақстанды таныды, оның табыстары мен игілікті бастамаларына көз тігіп қарап отыр», деді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.