«Бүгін айтулы оқиға болып жатыр. Біз ең ірі күн электр стансасының құрылысын бастап жатырмыз. Бұл біздің аймақтың ЭКСПО-ға сыйлығы, − деді ашылу салтанаты барысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов. – Инвесторларға, серіктестерімізге жобаларын жүзеге асыруда Қарағанды аймағын таңдағандары үшін алғысымды білдіргім келеді. Жаңғырмалы энергия көздерін дамыту – ол Елбасының тапсырмасы. Бүгінгі таңда облысымызда біз сол тапсырманы орындау үшін алғашқы қадамдар жасаудамыз».
Аймақ басшысы үлкен дайындық жұмыстары жасалғанын атап айтты. Қазіргі уақытта заңдық және қаржылық мәселелер шешілген, барлық рұқсат беру рәсімдемелері орындалды. Күн электр стансасының құрылысына 160 га көлемінде жер учаскесі бөлінген. Жобаның техникалық негіздемесі құрылып, сараптама қорытындысы алынды. «KEGOC» АҚ-пен бірге қуат шығару нұсқасы құрылды және құпталды, қосудың техникалық шарттары алынды.
«Біздің инвесторлар үшін бұған жетудің жолы күрделі және ұзақ болды, олар бес жылдан артық уақыт жұмсады. Бұл істің логикалық соңы осы жерде Орталық Азиядағы ең үлкен күн электр стансасы іске қосылғанда болады», деді Ерлан Қошанов.
Инвесторлардың айтуынша, қазіргі уақытта құрылыстың басталуына барлығы дайын. Жоба бастамашылары Қазақстанда күн энергетикасын дамыту үшін барлық жағдай бар дейді. Қажетті аумақты таңдауда жергілікті биліктің қолдауы маңызды рөл атқарған екен.
«Бұл жобаны сәтті жүзеге асыруға байланысты барлық негізгі мәселелер шешілген. Біз бүгін күн электр стансасының құрылысын бастадық, оны 2018 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біздің электр стансамыз қазақстандықтардың өмір сапасын жоғарылатуға септігін тигізетініне сенімдіміз. Біріншіден, бұл «жасыл» технологиялар және қоршаған ортаны ластанудан сақтайтын әдіс. Екіншіден, жаңа жұмыс орындарының ашылуы», − деді жобаның бас инвесторы Ян Зонненшайн.
Белгіленген жер аумағында 370 мың күн панельдері орнатылады. Бір жылдық электр энергиясының өндіріс көлемі 145 млн кВт/с құрайды. Стансаның қуаттылығы − 100 МВт. Салыстырар болсақ, Саран қаласы 10 есе азырақ қуат жұмсайды.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы