Концерт шымылдығын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашты. Ол Астана қаласының рөлі ерекше екенін атап өтіп, елорда еліміздің жетістігін, болашаққа ұмтылысын айқындайтынын жеткізді. «Барлық қазақстандық жақсы көретін Алматы – ел тарихына тәуелсіздіктің алтын бесігі ретінде енді. Президенттің тұрақты қамқорлығының арқасында Алматы заманауи мегаполиске айналып, еуропа қалаларымен бәсекеге түсе алатын деңгейге жетті. Алматының Астанадағы мәдени күндері аясында біз сіздерге еліміздің бай мәдени мұрасын ұсынамыз», деді қала әкімі.
Ол Президенттің халықаралық жоғары мәртебесінің арқасында ЭКСПО-2017 көрмесінің Астанада өткізіліп жатқанын айтты. «ЭКСПО-2017 – бұл заманауи технология мен инвестиция тарту ғана емес, сонымен қатар сананы өзгерту, инновациялық ойлауды қалыптастыру. ЭКСПО – Елбасы ұсынған рухани жаңғырудың бір жобасы», деді Б.Байбек. Ол өз сөзінде халықаралық көрме аясында өткізіліп жатқан мәдени күндер барысында, яғни 11-19 маусым аралығында 400-ден астам алматылық әртіс өз өнерлерін тарту ететінін хабарлады.
Солайша мәдени күндер «Алматыдан махаббатпен» атты концертпен басталды. Концертте «Досмұқасан», «Жігіттер», «Кешью» топтары, Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Айқын Төлепберген, Луина сынды елімізге танымал өнерпаздар ән шырқады. Ал Алматының мемлекеттік қуыршақ театры Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында күніне екі рет қазақ және орыс тілдерінде «Құлыншақ пен бөлтірік», «Көңілді аюлар» атты спектакльдерін қоятын болады. Сондай-ақ, «Алматының этноауылы» көрме-жәрмеңкесі, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және «Асқар таулы Алматы» концерттері көрермендерге тарту етіледі.
Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»