• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Маусым, 2017

Өскен өңірдің өрімдей акушері

182 рет
көрсетілді

Маңғыстаудың алыс ауылындағы орта мектепті қызыл аттестатпен аяқтаған Ләйлі арман қуып Ақтөбеге аттанды. Мектеп қабырғасында жүргенде өзі белсенді атсалысып жүретін спорт пен өнерге деген қызығушылығы оның бойында тағы бір қабілеттің барын аңғартты. Бұл – адам жанына арашашы болсам деген батыл шешім еді.

Ләйлі Айтжанқызы М.Оспа­нов атындағы Ақтөбе медици­на академиясын 2004 жылы аку­шер-гинеколог мамандығы бой­ынша бітіріп, интернатурадан соң туған жеріне оралды. Жас­тың бәрі қалаға ағылған сол жылдары ол ауылды, ауыл бол­ғанда да облыс орталығы Ақтау­дан 500 шақырым жердегі Бей­неуді таңдады. Аудандық ауру­хананың қатардағы дәріг­ер­- ­лігінен бастап, бала туу бөлі­мі­­нің меңгерушісіне дейін көте­ріл­ді. Жас маман бойындағы қуат-қабілетін ел ісіне неге жұм­самасқа деген мақсатпен ау­дан­дық мәс­ли­хаттың депутаты да болды. Бейнеуде табан­да­ған он жыл еңбек еткен Л.Әжібаева тә­жірибе жинап, ысыл­ған соң Ақтау қалалық перзентханасына қыз­­метке орналасты.

Қазіргі таңда жүкті, толғағы келген және босан­ғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерге тәулік бо­йы акушерлік шұғыл білікті ме­дициналық көмек көрсетіп, ауыр науқастар мен жүкті әйел­дерге консилиум өткізеді. Әр­дайым білімін жетілдіріп, із­деніп жүретін маман қосымша УЗИ аппаратына тү­сіру маман­ды­ғын да игеріп алды. Қазір қалалық пер­зентханада әрі акушер-гинеколог, әрі Узи маманы болып тынымсыз еңбек етуде. Өзі жас маман болса да, өзінен кейінгі жастарға білгенін үйретіп, жиған тәжірибесін бө­лі­се­тін ақылшы да. Айталық, жас дәрігерлерге ота техникасын үйретуден жалықпайды. Ләйлі Айтжанқызының жұмысқа ти­я­нақ­тылығына сенген бас­шы­лық оған диагностикалау, емдеу хаттамаларын қатаң бақылау және сақтау қызметін жүктеді.

– Ана мен бала денсаулығы, олардың өлімін бол­дырмау – біздің ең басты мақсатымыз. Ана да, сәби де – адам. Ал адам, Конституциямызда айтыл­ған­дай, мемлекетіміздің ең басты құндылығы. 2009 жылы  облыс әкімінің каулысымен  60 орын­ды перзентхана Ақтау  қаласының жүкті әйел­де­ріне және толғағы келген, босанған әйелдерге ма­ман­дандырылған медициналық көмек көрсету үшін ашылған болатын. Сол жылы жергілікті қар­жыландыру көмегімен атал­ған перзентханада күр­делі жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Қа­зіргі таң­да пер­зен­тхана өз ал­дына кешенді аку­шерлік ғи­­ма­ра­ты бар, бес бөлімнен тұратын үлкен босандыру ме­кемесі. Босанушы әйелдер саны жылдан-жылға артуда. Біз келушілерге тәртіпті, тазалықты және дәрігерлік міндеттіліктерді сақтап, лай­ық­ты жағдай жасауға тырысамыз, – дейді эксперт дәрі­гер және акушер-гинеколог,  аку­шерлік және гинекология ма­ман­­дығы бойынша 1 санатты ма­ман Л.Әжібаева.

Кеше ғана Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық экономика ви­це-министрі Руслан Дәленов Маңғ­ыстау облысы республикада бала туу көрсеткіші бойынша көшбасшылық орында келе жатқанын айтқан болатын. Табиғи өсім және көшіп келушілер  есебінен тұрғындар саны күрт артқан өңірде өмірге келіп жатқан әрбір сәбидің кіндігін кесіп, «қарсы алып» жүрген Ләйлі сынды акушер-гинекологтардың еңбегі зор.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы