• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2017

Сәбиіңізді смартфонның сиқырынан сақтаңыз

470 рет
көрсетілді

Кішкене күнімізде әкелеріміз: «қазіргі балалар іштен оқып туған», деп ерекше «белсенділігімізді» жақтырыңқырамай отыратын. Қазіргі күннің балалары шынымен іштен оқып туғандай-ақ. Бір-екі жасынан бастап ұялы телефондарды шұқылап, оның сенсорлы экран екенін де біліп, сипалап отырады. Одан сәл үлкендері өздері YouTube желісіне кіріп немесе Google жүйесінің дауыспен іздеуі арқылы мультфильм ойын, тағы басқа көргісі келген дүниелерді тауып алады.

Әлем қазір осы смартфондардың дертімен күресе бастады. Бұл ең бірінші адам мен адамның қарым-қатынасын қи­ындатты. Былай қарасаңыз, алыс­ты жақындатқан, виртуалды әлем­де бәрімен жақынсың. Бірақ еш­кім­мен бетпе-бет кезікпегенсің. Ал көрмеген адамнан адам ұял­май­­ды. Қанша виртуалды дос бол­са да. Бұл қазіргі таңдағы жаһан­дық мәселе ретінде қаралып, оған қарсы бейнероликтер де ғалам­торға шықты. Үлкендердің өзі смартфон сиқырына арбалып жат­қан кезде, бүлдіршіндердің күйі не бол­мақ?

Бүлдіршіндерге арналған 7 үздік смартфон да ұсынылды. Арнайы бала санасына икемделген. Бірақ қарапайым халыққа қол­же­тімді емес. Ата-ана баласымен хабар­ласып тұру үшін, болмаса қа­тарластарынан қалып қалмасын деп қымбат-арзанына қарамай алып береді. Бұл туралы ақын Аманхан Әлімұлы: «Смартфонды жас балалардың пайдалануы тек қана денсаулығына зиян емес. Моральдық, психологиялық тұр­ғыдан да залалы көп. Тіпті, кейбір ата-аналар қымбат телефондарды да баласына ұстатып қояды. Әлі қалыптаспаған болмыс, сана-сезім қашанда да икемге көнгіш болады. Жағымсыз жағдайларға бейім, жақсы мен жаманды айыра алмайды. Қолдарына ұялы телефон тиген балалар өте ыңғайсыз жағдайда өседі. Интернеттен кез келген нәрселерді көріп, санасы бұзылады. Оны бала ақыл-есі жетіліп, айтқаныңды тыңдайтын жасқа келгенде, соның өзінде қадағалап отырып, пайдалануға беруге болады. Жалпы, біздің қоғамда баланың жасымен санаспау белең алып барады. Оң-солын түсінген жағдайда ғана көп нәрсе айтуға болады. Оның үстіне ол әдеп мәселесіне де кедергі келтіреді. Ата-анасы сөйлеп отырса, қолындағы телефонын шұқы­лап отырады. Балалар бір-бірімен сөй­леспейді. Жақында жиеніме телефон алып берген едік, әке-ше­шесі «мынау атаңның, мынау апаң­ның нөмері» деп көрсетіп қой­ған. Бес-алты жасар бала ғой. Содан үйінде қолы босаса, әке-шешесі кішкене ұрсысып қалса бізге хабарласады. Бұл да мінездің қалыптасуына кедергі келтіреді. Бала ата-анасын тыңдап өсу керек. Содан телефонын қайта алып қойдық. Сондықтан оны дұрыс пайдаланудың тәртібін, ретін қарастыру керек», – деді.

Ал белгілі ІТ маманы Тимур Бектұр смартфонды тиімді пайдалану әркімнің өзіне байланысты деп есептейді. «Балаға мүлдем смартфон ұстатпайтын отбасылар бар. «Қарасаң қара» деп бере салып, отыра беретін отбасылар да бар. Шындап келгенде, бұл жеке гигиена мәселесі.  Кім, қалай тиімді пайдаланады? Оны әркім өзі анықтайды деген ойдамын. Қазір балаларға арналған неше түрлі ұялы қосымшалар ұсы­нылып жатыр. Балаларға ар­налған бағдарламадан көп нәрсе жоқ», деді ол.

Рас, қазір ұялы байланыс ком­­паниялары да қауіпсіздік қо­сымшаларын ұсынып жатыр. Ата-­аналар арнайы қосымшалар арқылы балаларының қайда жүр­ген­дерін көріп отыра алады. Ин­тер­­нетке кіре алмайтын, зиянды дүниелерді  бұғаттап қоятын да қосымшалар бар. Көруге болмайды деген бағдарламаларды бір папкаға жинап, оған да кілт сөз орнатып қойсаңыз болады. Осындай жаңалықтар ұсынылып жатқанымен, қарапайым халық соның бәрін бірден қабылдап жат­қан жоқ. Қазір әр үйде смарт-те­ледидармен, болмаса ұялы те­л­е­фонмен интернет шарлап отыр­ған бүлдіршіндер жетерлік. Жас ба­ла­лардың обалына қалған ойын­дар­­дың қаупінен, әртүрлі топ­тар­дың зиянды үгітінен от­ба­сың­ды, келешегіңді қорғағың к­еледі. Қалай?

Одан шығар жолды халық өзі жалыққан кезде табатын сияқты. Ал әзірге өз еркімен бас тартпағанша, қанша насихат айтылса да, жүрек көзі ашылмаған соң, кім қабылдай қояды.

Ал сіз өз балаңыздың ұялы теле­фонын қадағалап отырасыз ба?

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ