Ақырында аудан әкімінің орынбасары қызметіне үміткерлер арасында осы екі ағамыздың есімдері дараланып шығып, орынбасар қызметі үшін олардың ортасындағы күрес қызып береді. Екеуін де жақтаушылар қатары аз емес. Төребекті жақтаушылар Алғысбекті сынап-мінеп, Алғысбекті жақтаушылар Төребекті сын тезіне алып дегендей дабылдатып жатқанда, бұл екі ағамыз болып жатқан оқиғалардан бейхабар жандай халық алдындағы сыпайы да сырдаң қалыптарын сақтап қалады. Бір-бірімен кездесе қалғанда аман-сәлемдері де түзу, бірақ екеуі де жаңа қызмет үшін «кілем астындағы» тартысты күшейте түссе керек.
Ақыры тәжірибесі де, қызмет өтілі де молдау Төребек ағамыз жеңіске жетіп, аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалады. Астында қызметтік көлік пайда болады.
Осыдан көп өтпей-ақ ағамыз көлігіне мініп, кешкісін жұмыстан үйіне қайтып бара жатса, көшеден кешегі бәсекелесі Алғысбек ұшыраса кетеді. Көлігін жүргізушіге дереу тоқтаттыра қойып, Алғысбекті көлікке мінуге шақырады. Шамасы, екеуінің үйі де бір маңайда болса керек.
Алғысбек қарсы болмай көлікке келіп отырып, араларында түк болмағандай баяғыдағы татулық қалыптарымен бір-бірінен жөн сұрасып, сыпайы әңгімелесіп отырады. Үйінің тұсына жеткенде Алғысбек ағамыз көліктен түсе беріп:
– Төке, «кілем сатсаң көршіңе сат, бір бұрышына өзің де отырарсың» деп атам қазақ тауып айтқан екен ғой. Аудан әкімінің орынбасары қызметіне сіздің тағайындалғаныңыз қандай жақсы болды. Міне, игілігін көріп жатырмыз, – деп алғысын білдіріпті. Сонда Төребек:
– Рахмет, Алке! Бәрі де сіздердің арқаларыңызда ғой, – десе керек.
Сөйтіп екі ағамыздың арасында болып өткен қызмет үшін тартыс олардың арасындағы бұрынғы сыйластыққа кір жұқтырмаған қалыпта, өзінен өзі жуылып-шайылып жүре берсе керек.
«Мен сізден уды аяйын ба?!»
Төребек ағамыз аудан әкімінің орынбасары қызметін дүрілдетіп атқарып жатқанда тағы да дәл осындай қызметтегі Мұрат ағамызбен арада жұмыс бабында бір кикілжің пайда болып, ол біршама уақытқа созылып кетеді. Бірақ бұл кикілжіңді екеуі де көп жарыққа шығармай, баяғыдай кейіп танытқандықтарымен, айналасындағы қызметтестер оны байқап қалады. Өйткені, ағаларымыздың бір-бірімен сөйлесу мәнерлерінде сәл өзгерістер білінеді.
Содан көктемгі егіс жұмыстары басталған кезде жоғары жақтан оған қатысатын шаруа қожалықтары үшін түрлі зиянкестермен күресуге арналған химиялық дәрілік заттар келіп түсе бастайды. Мұрат ағамыз өз қызмет бабына сәйкес оларды қожалықтарға үлестіріп беру ісіне басшылық жасайды.
Сол жылдары жемір шегірткелер мен қоңыздар көбейіп кетті ме екен, ауданға әкелінген оларды улайтын дәрілер диқандардың бәріне бірдей жетпеуге айналады. Солардың қатарында Төребек ағамыздың бір танысы да болып, ол Төкеңнен көмек көрсетуін сұрап, қайта-қайта мазасын ала берген соң ақыры ол Мұратқа келіп:
– Мүке, әлгі шегірткеге қарсы таратып жатқан уларыңыздан қалып па еді, маған да сол удың аздап қажет болып тұрғаны, – десе:
– Ойбай-ау, Төке! Сіз өзіңіз келіп у сұрап тұрсаңыз, мен сізден оны аяйын ба?! Алыңыз, Төке, алыңыз! – десе керек Мүкең.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»