Кеңес одағы ыдырап, экономикалық байланыстар шіріген жіптей үзілгеннен кейін-ақ кезіндегі әп-әсем тірлігі бар Алтынды ауылының күйі тайып жүре берді. Осындағы алтын кеніші жабылып қалды, ауылда электр жарығы болмады, басқа да әлеуметтік нысандардың қызметі тоқтады. Алтындылықтар шаһарлы жерлерге үдере көшті. Осындай күрделі кезеңде алтын кенішін сатып алған «Юбилейный» ЖШС қараусыз қалған кеніш өндірісінің бойына қан жүгіртуді қолға алды. Сөйтіп, ажары тайған Алтынды ауылының инфрақұрылымын қалпына келтіруді, әлеуметтік нысандарына көңіл бөлуді де ұмытпады. Мұндай игілікті іс жемісін беріп, ауылдың ажары кіре бастады, алтындылықтардың ертеңгі күнге сенімі артты.
Жақында Алтынды ауылының тұрғындары тағы бір қуанышқа бөленді. «Юбилейный» ЖШС ауылдың қақ ортасынан су жаңа 75 орындық «Балапан» балабақшасын салып, пайдалануға берді. Бұл балабақша толықтай серіктестіктің қаржысына салынып, жергілікті бюджетке тегін беріліп отыр. Балабақшаның салтанатты ашылуына ауылдың тайлы-таяғы қалмай үлкен-кішісі түгел жиналды. Инвесторлар Алтынды ауылының болашағымен таныстыру үшін әлемнің ондаған елдерінен қаржы құрылымдарының өкілдерін де ерте келіпті. Мерекелік салтанатта сөз алған Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шанғұтов алтындылықтарды қуанышты сәтпен құттықтады.
«Юбилейный» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Борис Лузин мұндай жобаны жүзеге асыра отырып, болашақты қаржыландырып жатқандарын тілге тиек етті. Бүгінгі бүлдіршіндер елдің ертеңі, олар болашақ инженерлер, экономистер, білікті мамандар. Білікті мамандарсыз экономика дамымайды, өндіріс өрге баспайды. Яғни, біз өз болашағымыздың қамын ойлап отырмыз, деді ол.
Қайыңды ауылдық округінің әкімі Ілияш Ниязова инвесторлар келгелі жасалған жақсылықтардың бірқатарын тарқатып айтты. Оның айтуынша, округке қарасты Қайыңды, Алтынды ауылдарында 257 отбасы тұрады, осы ауылға көшіп келуге тілек білдірушілер көп екен, алдағы көктемде 47 отбасы тұрғын үй салуға жер алып отырған көрінеді. Жоғарыда айтылғандардан басқа серіктестіктің ауылға су жеткізуге, мектепті жөндеуге, студенттердің бір жылдық оқу ақысын төлеуге көмектескенін тілге тиек етті.
Үш баласы серіктестікте жұмыс істейтін, немересі осы балабақшаға баратын ауыл ағасы Абай Баймұхамбетов бата берді, әжелер шашу шашты. «Юбилейный» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Борис Лузин балабақшаның символдық кілтін аудан әкімі Серік Шанғұтовқа тапсырды.
Салтанатты сәтке жиналғандар балабақшаның бөлмелерін аралап көріп, су жаңа жиһаздарына риза болған ауылдықтар бірін-бірі құттықтып, мәре-сәре болды. Ата-аналарымен, ата-әжелерімен ере келген, ертеңгі күні осы балабақшада тәрбиеленетін бүлдіршіндердің қуанышында да шек жоқ. Сәби көңілдің әуестігімен жарық та таза бөлмелерден шыққылары жоқ, мәз-мейрем. Балабақшаның ашылу салтанаты көңілді концертке ұласты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы.