Тараз қаласында ІІМ алқасының кеңейтілген кезекті көшпелі отырысы өткізілді, онда ішкі істер органдарының жедел-қызметтік жұмысы тақыланып, алдағы кезеңге жаңа міндеттер белгіленді.
Мемлекет басшысының нұсқауына сәйкес алдағы уақытта ішкі істер органдары нәтижелерінің өлшемдері сандық көрсеткіштер емес, азаматтардың сенім деңгейімен айқындалатын жұмыс сапасы болады. Сондықтан, ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап Бас прокуратурамен бірлесіп, қылмыстар туралы барлық арыздар мен хабарламаларды толық және нақты тіркеуге назар аударылуда. Ішкі істер министрі Қ. Қасымов есепке алу мен тіркеуден жасырған қылмыстың әрбір дерегі бойынша кінәлі қызметкерлерге тәртіптік шаралар, оның ішінде жұмыстан босату және қылмыстық жауапкершілікке тарту шарасын қолдануға дейін қызметтік тексеріс жүргізуді қатаң талап етті. Ведомство басшылығы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде тиісті тәртіп орнатуға, қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру бағытын жалғастыруға, халықаралық стандарттарға сәйкес сотталғандарды ұстау және олардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге ерекше назар бөлді.
Сондай-ақ, мұнда командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығуға Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы М.Тәжин және бірқатар орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Оқу-жаттығу дағдарыстық жағдайлар қаупі төнген және туындаған кезде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдар бөліністерінің өзара іс-қимыл жасасу ведомствоаралық тетіктерін дайындау мақсатында өткізілді.
Оқу-жаттығуда Ішкі әскерлердің «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлінісінің жауынгерлері тікұшақ пен арнайы бронды автокөліктерді пайдалана отырып, адамдарды кепілге алған қылмыскерлерді залалсыздандыру, кепілге алынған адамдарды босату, арнайы құралдарды пайдалану, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын қолдану бойынша іс-әрекеттерді пысықтады, деп хабарлады ІІМ-нің баспасөз қызметі.