Қазіргі таңда діни-ахуал жағдайында жалпы экстремизм деген терминге зерттеушілер ортақ бір нақты мазмұн беретін балама сөз тапқан жоқ. Әр ғалым өзінше сөз саптайды. Бір анығы, қоғам үшін бұл – үлкен қауіпті құбылыс. Енді осы экстремизмнің мағынасын объективті түрде түсіндіріп көрелік. Экстремизм (ехtгеmus) деген латын тілінен енген термин, сөздік мәні соңғы, шеткі деген мағынаны білдіреді, ал саяси мағынасы шектен шыққан көзқарас пен іс-әрекет арқылы ерекшеленетін күрделі әлеуметтік феномен. Сонымен қатар, бұл – тікелей немесе жанама түрде парламенттік демократияны жоққа шығаратын саяси қызмет түрі.
Экстремизмнің негізгі белгілері: біріншіден, мемлекетте диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни бұл дегеніңіз елдегі азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын кемсіту; екіншіден, елдегі конституциялық кұрылымды үзілді-кесілді мойындамайды, оны зорлық-зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды; үшіншіден, заңсыз қарулы жасақтар құрады; төртіншіден, елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады, сонымен қатар, осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқығын шектеуді мақсат етеді; бесіншіден, елде белгілі бір ұлттың немесе діни конфессияның тоталитарлық режімін орнатуға ұмтылады.
Сонымен, «діни экстремизм» дегеніміз – қоғамдағы дәстүрлі діннің құндылықтарын жоққа шығару. Дәстүрлі дінге жат «идеяны» белсенді насихаттау. Зайырлы қоғамға қарсы әрекет ету. Қоғамға белгілі бір діни конфессия бойынша өз түсініктері мен көзқарастарын насихаттау.
Жоғарыда аталған іс-әрекеттерді жасайтындарды, сәйкесінше, экстремистер дейді. Соңғы жылдары экстремистер өз мақсаттарына жету үшін «қанды террорлық» әрекетті құрал ретінде қолданып, әлем жұртшылығын алаңдатып отыр.
Айтқандай, экстремизмнің қай түрі болса да тұтас әлемге, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне, елдің аумақтық тұтастығына, азаматтардың құқығына және бостандығына үлкен қауіп төндіреді. Кез келген ел үшін діни экстремизмнің ең қауіпті түрі – діни ұранды бүркемелеп ұлттар және діндер арасына от қойып, шағыстыру. Оның арты үлкен қақтығыстарға әкеледі. Діни экстремизмнің негізгі мақсаты – өз дінінің басқа діни конфессияларға басым екенін мәжбүрлі түрде мойындату. Одан қала берді, халыққа өз діндеріне сай құқықтық нормаларды жасап, бөлек мемлекет құру.
Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі. Кез келген экстремизмнің мәні – олардың пікірлеріне қосылмағандарға зорлық-зомбылық көрсету. Діни экстремизм әлемді өздерінің шектен шыққан көзқарасы мен діни фанаттық идеологиясына сәйкес қайта құруға тырысады. Діни экстремизм – терроризмнің ең соңғы сатысы. Біз өмір сүріп отырған әлемде діни экстремизм қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жеткен. Дәл қазіргі уақытта халықаралық экстремизм және терроризммен тиімді күресу үшін әлемдік қоғамдастықты бірігіп күшейту қажет. Әлемдегі кез келген мемлекет бұл кесапатқа қарсы күресті жеке өзі жүргізуі өте қиын.
Осыған байланысты 2006 жылғы 8 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы «Ғаламдық террормен күрес» стратегиясын қабылдады. Бұл құжатта БҰҰ-ға мүше мемлекеттер экстремизм мен терроризмнің барлық пішінін бір жақты айыптайды және осыған қарсы тығыз ынтымақтастық арқылы әрекет етуге дайын екендігін көрсетеді. Стратегияны әр мемлекет шынайы түрде іске асырып жатса, діни экстремизм мен күрес шын мәнінде өз нәтижесін берер еді.
Елімізде 2005 жылдың 18 ақпанында «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды. Осы заңның 10-бабы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шет мемлекеттердің органдарымен және халықаралық ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы өзара іс-қимылы» деп аталады. Осы бап жоғарыда аталған БҰҰ-ның «Ғаламдық террормен күрес» стратегиясына сәйкес еді. Демек, еліміз аталған стратегиядан бір жыл бұрын қабылданған заңы арқылы экстремизм мен терроризмге қарсы басқа мемлекеттермен бірігіп күресуге әбден дайын.
Қазақстан өзі тарапынан аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, сонымен қатар, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық халықаралық тәртіп орнату үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Соның бір мысалы ретінде Қазақстанның 1996 жылы «Шанхай бестігі» деген атаумен құрылып, 2001 жылдың 1 маусымынан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымы аталған құрылым аясындағы экстремизм мен терроризмге қарсы нақты іс-шараларын айтуға болады.
Қазақстан өзі мүше болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында да халықаралық экстремизммен күресін жалғастыруда. 2000 жылы ТМД-ға мүше мемлекеттер арнайы антитеррорлық орталық құрған. Орталық ТМД-ның арнайы салалық органы болып табылады және ТМД-ға мүше мемлекеттердің құзіретті органдарының арасындағы байланысты үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Сонымен, соңғы жылдары экстремистік және террорлық әрекеттер әлем елдері үшін жаңа мыңжылдықтың бас ауруы болып отыр. Әлемдік қоғамдастық аталған жаhандық проблеманы шешу жолында күш біріктірмесе, бұл қатер белең ала түсуі әбден ықтимал. Осы орайда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекеттің бірден-бір негізгі бағыты болып табылады.
Қорыта айтқанда, жаңа заман жағдайында, яғни конфессиялық топтардың саяси қайшылықтары кезінде жоғарыда аталған мәселелер ерекше маңызға ие және оларды еңсеру барысында Қазақстанның саяси-құқықтық құрылымы мен ұлттық ерекшеліктері есепке алынып отыруы тиіс.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Мәжіліс депутаты.