Тәуелсіз Қазақстанның жиырма жылдығының маңызды жетістіктерінің бірі – мемлекеттің сенімді әріптесі саналатын қарқынды дамып келе жатқан үкіметтік емес сектор.
Халқымызда «азамат» деген қастерлі ұғым бар. Азаматтықтың өлшемі төлқұжатпен ғана анықталмайды. Нағыз Азамат атану – жүрегімен, ісімен осы ұғымға лайық болу. Ал кез келген азаматтық қоғам азаматтық ұстанымы берік, демократиялық қоғам құруда жауапкершілігі мен белсенділігі жоғары азаматтардың бастамаларынан құралады. Осыған орай егемендігіміздің алғашқы күндерінен бастап мемлекет азаматтық қоғам институттарының жан-жақты дамуына барлық жағдайларды жасады. Ал азаматтық қоғам институттардың ішінде үкіметтік емес ұйымдардың рөлінің ерекше екендігі бәрімізге аян.
Біріккен Ұлттар Ұйымының берген анықтамасына сәйкес, үкіметтік емес ұйымдар аса маңызды екі міндетті атқарады. Олардың алғашқысы – қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге жәрдемдесу, екіншісі – мәселе шешудегі азаматтардың белсенділігін арттыру. Бұл міндеттер азаматтық бастамалар мен азаматтық белсенділікті жүзеге асыруға қызмет етеді. Осы ретте мен қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар аталған міндеттерге лайық деп білемін.
Бүгінгі таңда Қазақстанда «үшінші сектор» деп аталатын 18 мыңға жуық ұйым бар. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Еліміздегі әрбір төртінші ҮЕҰ сонау 90-жылдары іргесін қалаған болатын. Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығының мәліметтеріне сәйкес соңғы жеті жылда Қазақстандағы ҮЕҰ санының жиынтық өсімі 24%-ды құраған. Демек, бұл елімізде үкіметтік емес сектордың дамуына қолайлы жағдайдың қалыптасқанын көрсетеді.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан нормативті-құқықтық базаның дамуы, азаматтардың ҮЕҰ-лардың қызметімен қамтылуы, олардың институттық және ұйымдастырушылық дамуы, қаржылық тұрақтылығы бойынша алдыңғы лекте. Мұндай динамика ішкі саяси тұрақтылықтың жоғары деңгейін, жағымды заңнамалық реттеу, мемлекет және үкіметтік емес сектордың толыққанды жүйелі әріптестігін байқатады. Бұл мемлекет пен азаматтық қоғамның тәуелсіздік жылдарындағы бірлескен күш-жігерінің жемісі деп білеміз.
Бүгінгі қазақстандық «үшінші сектордың» қай деңгейде дамуы, олардың бүгінгісі мен болашағына көзқарасы туралы қазақстандық ҮЕҰ-лар алдымыздағы V Азаматтық форумда жан-жақты тоқталатыны айқын. Ал, мен, осы жылдар ішінде азаматтық қоғам институттарымен белсенді өзара тығыз ынтымақтастық орнатқан министрліктің өкілі ретінде мемлекеттік органдардың осы бағытта жинақталған тәжірибелері жайлы сөз етпекпін.
Әрине, әр мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынасын дамытудағы өз жолы бар. Ал қазақстандық жол 2000 жылы Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жолдауынан бастау алады. Мемлекет басшысы Үкіметке «үшінші сектордың» дамуына қажетті барлық жағдай жасау туралы шаралар қабылдауды тапсырды. Президент «Үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар бүгінгі күні Қазақстанда құқық қорғау қызметінде, кейбір әлеуметтік топтардың мүдделерін жүзеге асыруда, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын сақтауда үлкен рөл атқарады. Бұл салаға мемлекеттік қолдау қажет, атап айтқанда, әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға гранттар жүйесін енгізу арқылы. Осы бағытта үлкен ауқымды жұмыстарды бастаудың мезгілі жетті», деп атап өткен болатын.
Осы тапсырманы орындау мақсатында 2002 жылдың басында Үкімет «Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың тұжырымдамасын» мақұлдады. Ал 2003 жылы екі жылға арналған «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау бағдарламасын» қабылдады. Бұл маңызды құжаттар қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарды азаматтық қоғамымыздың бір бөлігі ретінде қарастырып, олардың тұрақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік билік тарапынан өзара іс-әрекеттестік пен қолдауға негізделген қоғамның әлеуметтік маңызды проблемаларын шешудегі рөлін күшейтуге бағытталған. Мемлекет үкіметтік емес сектордың ұйымдастыру-құқықтық іс-шараларын, қызметті ақпараттық қамтамасыз ету, ҮЕҰ кеңесшілік, әдістемелік, ұйымдастыру-техникалық көмек көрсету сияқты бағыттарын қолдаумен қатар, аймақтардағы азаматтық бастамаларды дамытуға да үлкен мән беруде. Сол себепті, орталық деңгейдегі үлкен бағдарламаның қисынды жалғасы ретінде үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың аймақтық бағдарламалары әзірленіп, қабылданды. Бұл құжаттар жаңа ҮЕҰ-лардың пайда болуына әрі дамуына және жұмыс істеп жүрген ҮЕҰ-лардың белсенділігін арттыруға сөзсіз септігін тигізуде.
Қазақстандағы азаматтық қоғам дамуындағы жаңа парақты ашуға 2003 жылы қазан айында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен І Азаматтық форум үлкен серпіліс берді десек, қателеспейміз. Аталмыш тарихи форумға қатысушылар сол кездегі ашық та терең әңгімелесуді, бірлік пен ынтымақтастыққа жетелеген сезімді, еліміздің тағдырына деген азаматтық жауапкершілігі басым басқосуды күні бүгінге дейін жадында сақтап қалды.
Форумда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау мен білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларының сапасын арттыру, кедейшілікпен және әлеуметке қарсы құбылыстармен күресу сияқты проблемаларды шешудегі әлеуетін атап өтті. Президент барлық мемлекеттік органдарға қоғамдық маңызы жоғары шешімдерді әзірлеуге қатысты сараптамалық жұмысқа ҮЕҰ-лардың өкілдерін кеңінен тарту жөнінде тапсырма берді.
Осы тарихи басқосудың нәтижесі ретінде форум барысында қабылданған нақты мемлекеттік шешімдер – Азаматтық қоғамның даму міндеттерін жүзеге асыру туралы іс-шаралар жоспары мен «Мемлекеттік әлеуметтік қолдау туралы» Заңды айтуымызға болады. ҮЕҰ өкілдері мен сарапшы қауым жоғарыда аталған құжаттардың, атап айтқанда, аталған заңның билік органдары мен ҮЕҰ-лардың өзара қарым-қатынасының қағидатты жаңа жүйесінің қалыптасуында ерекше рөл атқарғанын әрдайым атап өтеді. Оларды іске асыру үшін әлеуметтік блок министрліктерінде, барлық облыс, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің жанынан консультативті-кеңесші органдар құрылды. Мемлекеттің ауқымды әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға ҮЕҰ-ларды тарту жүйесінің негізі қаланды. Тек 2003-2005 жылдары аймақтық бағдарламалар аясында ҮЕҰ-лардың әлеуметтік маңызды жобаларын іске асыруға 173 миллион теңгеден астам қаражат бөлінсе, әлеуметтік блок министрліктері желісінен 300 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.
2005 жылы ІІ Азаматтық форум барысында 2006-2011 жылдарға арналған Азаматтық қоғам дамуының тұжырымдамасы кеңінен талқыланып, кейін оны Мемлекет басшысы бекітті. Тұжырымдама тиісті мақсатты бағдарламалар мен нормативті-құқықтық актілерді әзірлеуге негіз болды. Сондай-ақ, Елбасы ҮЕҰ-лардың әлеуметтік маңызды жобаларын қолдау көлемін 1 миллиард теңгеге жеткізу туралы тапсырма берді.
III Азаматтық форум 2007 жылы қоғамды демократияландыру шеңберінде серіктестікті одан әрі дамыту аясында өтті. Ал былтырғы IV форум ҮЕҰ-лардың орталық мемлекеттік органдар басшыларымен белсенді мүдделі үнқатысуымен, көптеген сұхбат алаңдарында еліміздің маңызды әлеуметтік даму бағдарламаларын талқылаумен есте қалды.
Отандық үкіметтік емес ұйымдар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде мол тәжірибе жинақтады. Тек 2010 жылы ғана ЕҚЫҰ аясындағы іс-шараларға қазақстандық азаматтық сектордың 600-ден астам өкілі қатысқанын атап өтудің өзі жеткілікті деп ойлаймын. Варшава қаласында жыл сайын өткізілетін ЕҚЫҰ гуманитарлық өлшемі Шолу конференциясында 400 баяндама жасалса, олардың 289-ы қазақстандық ҮЕҰ-лардың өкілдерінікі болды. Астанада өткен ЕҚЫҰ тарихи Саммитінің күндерінде қазақстандық ҮЕҰ-лардың қаншалықты белсенділік танытып, оларға халықаралық сарапшылардың қандай жоғары баға бергені әлі есімде. ҮЕҰ-лардың басым көпшілігі шынайы патриотизмді, бірлікті танытып, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының табысты болуына өз үлестерін қосты.
Ағымдағы жылы Азаматтық қоғам дамуының 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аяқталмақ. Бүгінгі күні ол тұжырымдаманың өз миссиясын толығымен орындағандығы айқын көрініп тұр.
Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен шынайы әріптестік негізінде қызмет атқарады. ҮЕҰ-ларды заң жобаларын әзірлеуге, бағдарламаларды жүзеге асыруға, экономика, әлеуметтік салалар дамуының маңызды мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуге кеңінен тарту күнделікті қалыптасқан тәжірибеге айналды. Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына ҮЕҰ-лармен әріптестік деңгейі туралы индикатор енгізілді. Бұл дегеніміз – министрліктің стратегиялық жоспарының орындалуы, оның профильді ҮЕҰ-лармен қарым-қатынасының қалай құрылуына байланысты болады деген сөз. Сонымен қатар, ҮЕҰ пікірлері мен бағалаулары мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігін бағалау барысында кеңінен пайдаланылатын болады.
Биліктің барлық деңгейлерінде консультативті-кеңесшілік органдар жұмыс істейді. Үкімет жанында ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі қызмет атқарып келеді. Парламент Мәжілісі жанында Қоғамдық палата жұмыс істейді. Қоғамдық палатаның қызметі қоғамдық сараптаманы заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастық орнатқан. Үкімет тұрақты түрде ЮСАИД, Бүкіләлемдік даму банкімен, ЮНИСЕФ, БҰҰ ДБ және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлескен әлеуметтік бағдарламалар кешенін жүзеге асыруда.
Елбасымыздың ІІ Азаматтық форумда берген нақты тапсырмасына сәйкес, мемлекеттің ҮЕҰ-лардың әлеуметтік маңызды жобаларын қолдауға бөлінетін шығыстары жыл сайын артып келеді. Соңғы үш жыл ішінде осы мақсатқа мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінуде. Үкіметтік емес секторды қолдаудың осындай игі шараларын Мәдениет, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет министрліктері, облыстар және Астана, Алматы қалаларының әкімдері жүзеге асырып келеді.
Тек осы жылдың ішінде ғана елімізде мемлекеттік органдардың тапсырысы бойынша үкіметтік емес сектормен әртүрлі бағыттағы мыңнан астам әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылуда. Олардың тақырыптары да өмірдегідей сан қилы. Бірақ, анық бір нәрсе – осы жобалардың барлығы азаматтарымыздың нақты проблемаларын шешуге және ел бірлігін нығайтуға бағытталған. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы қорының, республикалық этно-мәдени бірлестіктер мен шығармашылық одақтардың қызметі жан-жақты қолдауға ие болып келеді. Жылдан-жылға патриоттық, мәдениеттанымдық, білім беру, ағарту сипатындағы бірқатар жобалар табыспен іске асырылуда. Журналистік, жастар, әйелдер, экологиялық, құқық қорғау, ардагерлер және басқа да көптеген ұйымдар мемлекеттің сенімді әріптестері болып табылады.
Осы саладағы заңнама да жетілдірілу үстінде. Бүгінгі таңда Парламентте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқылануда. Бұл жоба қоғамның кең қатысуымен әзірленгенін баса айта кеткеніміз жөн. Заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобына жүзден астам ҮЕҰ-ның қатысқаны осының нақты айғағы болса керек.
Осылайша, қазіргі таңда тәуелсіздік жылдарында мемлекет пен ҮЕҰ ынтымақтастығы жүйелі сипатқа ие болып, өзінің тиімділігін паш етуде.
Бүкіл әлемде кез келген мемлекеттің, оның экономикалық жағдайы мен әлеуметтік игілігінің көрсеткіші, ең алдымен, адам әлеуетінің сапалылығымен, қоғам бірлігімен, жоғары мәдени азаматтығымен айқындалады. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан үшін мұның бәрі – нақты шындық.
Жанна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы.