Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылға дейін ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға дейін жеткізу туралы міндет жүктеген болатын. Отандық бизнестің, әсіресе, шағын және орта бизнестің хал-жағдайына жалпы еңбек рыногындағы жағдай не болмаса бюджеттің толығуы, сондай-ақ кең ауқымды мемлекеттік жоспарлардың орындалу тиімділігі де тікелей байланысты. Сол себепті бизнес-ахуалды жақсарту, кәсіпкерлер құқықтарын қорғау, шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері үнемі «Нұр Отан» ХДП-ның бақылауында болады.
Бизнес санатының қалыптасуында мемлекеттік бағдарламалардың орны ерекше. Бұлардың ішінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Экспортаушы-2020», «Өнімділік-2020» бағдарламалары бар.
Кеше Өскемен қаласында өткізілген форум барысында «Нұр Отанның» бастамасымен әзірленіп жатқан шағын және орта бизнесті жүйе құраушы кәсіпорындардың көмегімен дамытуға арналған бағдарлама жобасының негізгі ережелері талқыланды. Құрал-жабдықтар, көлік құрастыру саласына арналған бөлшектер, құрылыс материалдары, электр техникасы, арнайы жұмыс киімдері және тағы басқа керек-жарақтардың барлығын шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өздері өндіруге қауқарлы. Алайда, біздің өндірістік алпауыттар өз тапсырыстарын беруді жөн көретін ірі шетелдік кәсіпорындармен бәсекелесу олар үшін қиынға түседі. «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары Расұл Оразғұловтың айтуынша, жаңа бағдарлама жергілікті өндірушілердің мүддесіне қарай басымдықтарды қайта қарауға мүмкіндік береді. «Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылға дейін жоғары дамыған елдер қатарына кіру туралы арнайы тапсырма берген болатын. Әрине, осы мақсатқа жету үшін қуатты кәсіпкерлік керек екені сөзсіз. Сондықтан, партияның жаңа бағдарламасы аймақтарда шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен серпін береді деп ойлаймыз», деді Р.Оразғұлов.
Партиялық бағдарлама талқыланғаннан кейін оны әзірлеушілер облыстың жетекші кәсіпорындарының әлеуетімен, кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларымен танысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерліктің дамуы үшін бәрін жасап жатқаны атап көрсетілді. Сондықтан да, кәсіпкерлер өз аймақтарын дамытуға көмектесуіміз қажет деп есептейді.
«Егемен-ақпарат».