• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2011

Бөкей хан кесенесі

1425 рет
көрсетілді

Елбасының тапсырмасымен, ұлтжанды азаматтардың отаншыл жігер-күшімен бой көтерді. Тағдырдың жазуымен Астрахан топырағы бұйырып, асыл сүйегі аталған облыстың Краснояр ауданы аумағында дамыл тауып жатқан  Бөкей хан зираты  басында тұрып айналаға назар салсаңыз, Атырау облысындағы Құр­ман­ғазы ауданына қарайтын шағын ауылдың ақшаңқан шатырлары жақын­нан көзге шалынады. Іргедегі Астрахан-Атырау болат жолымен батыстан шығысқа, шығыстан батысқа  бет алған пойыздар легі көрінеді. Кейбір отан­дастарымыздың «Қазақстан мен Ресейдің  мемлекеттік шекарасын белгілеген кезде Бөкей ханның сүйегі жатқан өңірді Қазақстан аумағына кіргізгенде болатын  еді», деп айтып қалатын себебі де осында болса керек.  Біздіңше, Бөкей хан бөтен елде емес,  бір кездері өзі қолымен құрған  іргелі ор­даның қасиетті жерінде, қалың қа­зақтың орта­сын­да  жатыр. Ресейдегі отан­дас­тары­мыз­дың ең көп шоғырлана орналас­қан жері – нақ осы Астрахан облысы. Сондағы Володар ауданының Ал­тынжар ауы­лын­да даңқты күйші-композитор Құр­ман­ғазының кесенесі бар. Атақты күйші­нің атқа мініп, қо­лына домбырасын ұс­таған еңселі ескерткіші Астрахан қаласы­ның қақ ор­та­сында тұр.   Ал­тын­­­­­жардағы Құр­ман­­­­­­­­­­­ғазы Сағырбаев атындағы мем­лекет­аралық мәдени кешен екі елдің рухани байланысын ны­ғайтуға елеулі ық­пал етіп келеді. Оның үстіне, ел ау­зындағы дерек бо­йын­ша, Бөкей хан өзін нақ осы жерге – Сейіт бабаның жа­нына жерлеуді аманат етіпті. Осы өңірде  дү­ние­ге келген Сейіт баба  –  ноғай жұр­тының қа­сиетті әу­лиесі. Ол жас кезінде  Каирде, Бағ­дад­та, Бұхарада шы­ғыс ғылымдарын оқып үйреніп, Түр­кіс­тан­ды, Үндістанды, Ара­­бияны көп ара­лаған. Жасы келіп, қартайған кезінде  Ішкі орданың  бас­шысы Бөкей ханның  өтіні­шімен туған же­ріне ора­лып, ислам дінін уа­ғыздап, адам­дарды емдеу ісімен айна­лысқан. Сейіт бабаның тұ­тастай хандық аума­ғында, сон­дай-ақ ноғай дала­сында  ешбір кідіріссіз жүріп-тұ­руына, бар­лық адам­дарды емдеуіне Бөкей хан  толық мүмкіндік беріп, бұл үшін  арнаулы грамота белгілеген.  Ол   Бөкей ханның жеке дәрігері міндетін  де атқарған. Сейіт баба 1812 жылы 70 жасында қайтыс болады. Қасиетті адам жерленген осы төбе басында оған зират тұрғызылған. Бөкей хан Сейіт бабаның сүйегі жатқан топы­рақты  ғажайып жер деп са­наған және  өзін  осы кісімен қа­тар жерлеуді өсиет еткен. Қазір Бөкей ханның сүйегі Сейіт баба зираты­ның шығыс жағында жа­тыр. Ханға іргелес зайыбы  (құлпытас­тағы жа­зуды оқыған мамандар оның  есімі Атан дейді,   кейбір деректерде  Ғи­тан ханым деп көрсе­тілген)  жерленген. Алайда,  «Еділді келіп алғаны, етекке қолды салғаны...» (Мұрат Мөңкеұлы) деп күңіренген  әрі-сәрі заманда қа­зақтың қасиетті ордасы­ның негізін қа­лап,   өзіне қарасты 5 мыңнан астам  түтін,  22 мыңнан  астам  адам және 2 миллионнан астам малмен  Жа­йық­тың оң жағына өтіп,  Азия өңірінен Еуропа құр­лы­ғына қазақтың ұлы көшін бастап келген тұлғаны кешеге дейін білмей келдік қой. Сөйтіп алаш ба­ласын Еділ мен Жайық арасындағы бұрынғы ата­жұр­тына  қайта орал­тып, мәңгілік қо­нысын сайлап берген   Бөкей хандай ұлы тұлға зира­ты ғасырлар бойы көрік­сіздеу болып, темір сырықтармен қор­шалған киіз үй  іспетті қал­қайып тұрды да қойды. Басын­дағы белгі сұлбасы оның   қазақ халқы өмірін­дегі тарихи  орны мен рөліне де, сон­дай-ақ төрткіл дүниеге түгел танылған Қазақ елінің әлемге  әйгілі атақ-даң­қына да  сай келмейтін  еді. Хан зира­ты басын қарайтқан баласы Жәңгір хан екен. Бірақ өткен ғасырдың 30-жыл­дарындағы ойранда осы қоршаудың өзі жер бетінен жоғала жаздапты... Байбек, Кіші Арал ауыл­дары тұрғын­дарының кү­шімен  90-шы жылдар­дың бас кезінде     ғана Сейіт баба мен Бөкей хан жатқан жер тарихи-мә­дени маңызы бар ескерткішке айналып, біршама кешендік рай алыпты. Бұған Астрахан облысы­ның сол кездегі губерна­торы марқұм Анатолий Гужвиннің игі ықпалы болған екен. 1801 жылы құрылып, 1847  жылға дейін өмір сүр­ген  Бөкей Ордасы  – қазақ­тардың Еділ мен Жайық өзендері аралы­ғына орна­лас­қан  шын мә­ніндегі соң­ғы хандығы еді.  Сон­дай-ақ ол   Шың­ғыс ханның ұрпақ­тары бас­қарған  жер бетіндегі  ақырғы мемлекеттік құ­ры­­­­лым  деп те аталып жүр. Бұрынғы   Бөкей ор­да­сы­ның құрамына біз­дің елдегі қазіргі Батыс Қазақ­стан, Атырау, Ресейдегі Вол­гоград, Астрахан об­лыс­­та­ры­­ның бірқатар өңір­лері енгені тарихтан мә­лім.  Ал Бөкей жалпы есебі орда­ны 15 жылдай басқарған, соның ішінде 11 жыл бойы Ішкі қазақ ордасының би­леуші-басқа­ру­шысы  дәрежесін­де бол­­ған.  1812 жылы Александр І патшаның арнайы жарлы­ғымен орда ханы болып  та­ғайын­далған. Орыс тіліндегі жария­ла­нымдарда Бөкей «в 1812 году возведен в ханы Киргиз-кайсацкой меньшей орды» деп жазылыпты, со­ған қарағанда,  оны Бөкей орда­сы­ның ғана емес, тұтастай Кіші жүздің ханы болды деп атауға да бо­латын сияқты. Астрахан аймағындағы  Бөкей хан кесенесінің жай-күйі Ресейді мекендейтін  отандастарымызды һәм туған хал­қы­ның тарихына бейтарап қарай алмай­тын көпте­ген қазақстандықтарды  қатар тол­ған­дырып жүрген түйінді мәселе бола­тын. Ақиқатын айт­қанда,  Бөкей сынды тарихи тұл­ғаның – ешқандай соғыссыз, шебер дипло­ма­тия­сымен қазақ­тарды Еуропа аумағына алып келіп,  Еділ мен Жайық арасына ордасын тік­кен,  сөйтіп  еуразиялық қазақ ұлтын қалыптастырды деп айтуға болатын    ұлы ханның зираты өз дәрежесіне лайық емес-ті. Міне, сондықтан да өткен жылғы қыркүйекте  Қазақстан­ның  Ресейдегі Төтенше және өкі­летті елшісі Зауытбек  Тұрыс­бековтің   Елба­сымыз Нұрсұлтан На­зарбаев­тың  тапсырмасымен Ас­трахан об­лысында іссапарда болып, облыс губернаторы А.Жил­кинмен   кездесуі барысында Бөкей хандай ұлы бабаның  ба­сына көрнекті кесене тұрғызу жө­нінде  уағдаластыққа қол жеткізілді. Жұрт­шылық көптен күтіп жүрген  мәселенің алғашқы беті осылай  ашыл­ды.  Сөйтіп,  бұ­ған дейін Қазақстанның  Өзбек­стан Республикасындағы елшісі бо­лып істегенде осы ел   аумағында Әй­теке би кесенесін тұрғызуға, Төле би кесенесін қайта жаң­ғыртуға басшылық жасаған Зауыт­бек Қа­уыс­бекұлы бұл ба­ғыт­тағы іс-тәжірибесін Ресей жерінде жалғас­тыруға мүмкіндік алды.  Көп ұза­май Бөкей хан кесе­несінің құры­лысы жөнінде Қазақстан елшісі мен облыс губернаторы бекіткен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді.  Онда  кесене салу жұмыстары мен істің орын­далу мерзімі, орында­луына жауапты органдар егжей-тегжейлі көрсетілді. Елшіліктің  мемлекетаралық дең­гей­ге көтерген бастамасы Бө­кей хан зира­тын жаңғыртуды бұрын­нан да көздеп жүрген аты­раулық бір топ ұлтжанды азамат­тардың  ізгі ниетімен ұштасты. Сол өңірдегі мақ­саттас жігіттер осыған орай баста­машыл топ құрып, оның  жұмысын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі об­лыстық басқармасының бас­тығы Мұхит Ізбанов үйлестіріп отырды. Мұхит Кәрімұлы Қазақ­стан тара­пынан атқарылатын істерді өз қолына алып, барлық жұмыстың ұйымдастырушысы ретінде елшілікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, осы жобаның ой­дағыдай жүзеге асуына шын мәнінде елеулі еңбек сіңір­ді. Мысалы, құрылыс жұмыс­тары негізінен басқа мемлекеттің ау­мағында жүргізілгендіктен, кесенеге қажетті ма­териалдарды Қа­зақстаннан тасып жеткі­зудің, олар­ды екі мемлекеттің шек­арасынан кідіріссіз өткізудің, басқа да қар­жылық-материалдық ұйымдас­ты­ру шараларының қи­ын­дығы аз болған жоқ. Осындай кездері  Мұхит Ізбанов Қазақ­стан  елшісі­нің хабарына сәйкес  мем­ле­ке­таралық игілікті жо­баға қа­тысты кез келген  істердің  оң­тайлы   шешілуіне  ойдағыдай атсалысты. Өңірдегі елжанды азаматтар­дың алға қойған бұл сауапты ісі облыс әкімі Бергей Рысқалиев тарапынан қолдау тапты. Бөкей хан кесенесін  тұрғызуға елеулі қаржылай көмек көрсетіп, атқа­рылатын жұмыстарды өзара бөлісіп,  іске білек түре кіріскен меценаттар тобы құрамында Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсе­генов, Мәжі­ліс депутаты Болат Қонарбай, аты­раулық белгілі кә­сіп­керлер  Аман­жан Рыс­қа­ли, Аман­гелді Баракатов, Әбдібек Бисенов, Орын­ғали Әл­­­­декенов, Мұрат Жақабаев, Әділ Жұ­манов, «Қаз­мұ­найгаз» АҚ ұлт­тық ком­па­ния­сы­ның президенті Қа­­йыр­гел­ді Қабыл­дин  сын­ды  нағыз отан­шыл, ел­жан­­ды аға­й­ындар бол­ғанын бүгін аса ілтипатпен атау­ға болады. Болашақ кесе­не­нің жоба­сын ал­матылық сәулет­кер Сәдуа­қас Ағы­таев әзір­леді, оның іске асыры­луына Ораз Іздібаев бас­шы­лық жасады. Кесене құрылы­сы  Қа­зақ­­стан елшісі З.Тұрыс­беков пен Ас­трахан облы­сы­ның губер­на­торы А.­Жил­кин­нің қа­тысуымен  салта­нат­ты жағ­дайда бас­­­­талды. Бөкей хан зи­ратын тұрғызу ба­рысында, ханды рухани ұстазы­нан айырмай, қатар жатқан Сейіт ба­баның зиратын да жаңартып, қоса көтеру жобаланған еді. Бірақ жергілікті халық­тың пікірі ескеріліп, қасиетті деп танылған адам­ның  зиратын сол қал­пын­да қал­дыруға тура келді. Сонымен бірге алдағы уақытта Бөкей ханмен қатар жерленген Атан (Ғитан) ханымға  да кесене көтеру көзделуде. – Өткен жылдан басталып, жалпы алдын-ала жүргізілген жан-жақты да­йындық жұмыс­тары­ның нәтижесінде бүгін Бөкей хан кесенесінің құрылысы  ойдағыдай аяқталды деп баяндай аламыз, – дейді Қазақстан елшісі Зауыт­бек Тұрысбеков. – Бұл шын мәнінде бүкіл­­халықтық іске айналды. «Қазтран­сойл» АҚ Ба­тыс филиалы­ның ұжымы жүр­гізген көлемді жұмыстармен бірге, Ресейдің Крас­нояр, Қазақ­станның Құр­ман­ғазы аудандары­ның тұрғындары да жү­рек қа­лауымен құрылыс басына келіп, сенбіліктер өткізіп,  игілікті істің ойда­ғыдай атқарылуына ай­тар­­лық­тай үлес қосқаны бұған айқын мысал бола алады. Жұрт­шылықтың  ықылас-ние­тіне қа­рай Бөкей хан кесенесін көтеру арқылы біз екі ел арасындағы  достық байланыс­тарды бұ­рын­ғыдан да биіктете түске­німізді сезіндік.  Өйт­кені көп ұза­май бұл аймақ зиярат етушілердің, басқа да турис­тердің  ізгілік жолына айналады. Сейіт бабаның, Бөкей хан­ның рухына тағзым ете келген  зиярат­шы қауым  Алтынжардағы Құрман­ғазы кесенесіне қайыры­латыны,  облыс орта­лы­ғындағы Құрманғазы ескерткішіне бара­тыны, сөйтіп екі елге де тиімді жа­ңа туристік маршрут ашыла­тыны  сөзсіз. Бөкей хан кесенесінің биіктігі ірге­та­сынан ұшар басына дейін есептегенде 18 метрге жетеді,  ұзы­ны мен ені – 15 және 12 метр. Кесененің сыртқы сым­батына Маң­ғыстаудың  дәстүрлі ұлутас­тары пай­дала­нылып, ал ішкі әрленуіне  мәрмар тастар мен  гранит­тер  жұм­сал­ған.    Жаңғақ аға­шы­нан жасал­ған есіктері Хиуада әзірле­ніпті. Келушілерге қо­лайлы болу үшін кесене ішіне көрікті кілем төселген.  Сондай-ақ  жалпы кесене аумағы тұтастай қайта абаттандыры­лып, қоршау­лары жаңар­ты­лып, кешен табаны қырлы-қырлы  табиғи кеспе тастармен  көмкерілген.  Кесененің маңдайалды тұсындағы жасыл мәрмар тасқа қазақ және орыс тілдерінде: «Бөкей хан кесенесі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  тапсыр­масы бойынша  Қазақстан-Ресей халық­та­ры­ның ежелгі достығы құрметіне арналып тұрғызылды», деп жазылған. Қазақстан елшілігі мен Астрахан облысының үкіметі екі елдің шек­аралық шебінде орналасқан әрі  көршілес халықтардың тарихи дос­тығын нығай­туға, өзіміздің ұлттық тұтастығымызды таны­туға  бұрын­ғы­дан да кең өріс аша­тын Бөкей ханның келісті  кесенесін   ресми таныстыру салтанатын мизам­шуақ­ты қазан айының 7 жұлдызы –  жұма күні өткізуді  жоспарлауда. Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден. Мәскеу-Астрахан-Мәскеу.