• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2011

Мерекелерімен құттықтады

529 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының ұстаздарына, білім беру саласының қызметкерлері мен ардагерлері атына құттықтау жолдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. «Сіздерді төл мерекелеріңіз – Мұғалім­дер күнімен құттықтаймын! Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан­да ерекше. Өйткені, қоғамның басты бай­лы­ғы – адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сондықтан білім саласы – елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызды сала. Биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғын атап өтеді. Біз осы жылдарда заман талабына сай білім берудің жаңа жүйесін құрдық. Бүгінде мемлекетіміз халыққа әлем­дік стандарттарға сай білім беру үшін өз тарапынан барлық жағдайларды жасауда. Ұстаз мәртебесін көтеру және оның ерен ең­бегін лайықты түрде бағалау орайында ауқым­ды әрі жүйелі шаралар іске асы­ры­луда. Мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және жоғары білім беруде мүлде жаңа бағыттар анықталып, электронды оқыту жүйесі енгізілуде. Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз. Сондықтан еліміздің ертеңгі келешегі сіздердің қолдарыңызда. Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қиын да қастерлі ұстаздық қызметте табыс тілеймін!», делінген жеделхатта.