Мен білім саласында 13 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде қазақ халқының даналығына, барша этнос өкілдеріне деген кеңдігіне ерекше тәнті болдым. Ал тілінің құдіреттілігін жан-тәніммен сезінген, болашағына нық сенген өзге ұлт өкілдерінің бірі екенімді үлкен мақтаныш тұтамын. Кішкентайымнан қазақ ауылында өстім, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын бойыма сіңірдім. Бастауыш мектепті қазақша бітіріп, әрі қарай оқуымды облыс орталығындағы №1 орыс мектебінде жалғастырдым. Алайда, одан кейінгі тағдырым да қазақ тілімен тығыз байланысты болды. Еліміз тәуелсіздік алып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген жылы көп ойланбастан Петропавл педагогикалық институты тарих-филология факультеті жанынан қазақ тілі және әдебиеті бөліміне құжаттарымды тапсырып, студент атандым.
Қазақ тілі мамандығын таңдап алғаныма еш өкінбеймін. 1993 жылдан бері «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауына үзбей қатысып, талай рет жеңімпаз атандым. «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталдым. Роза Мұхамедиярова, Күлғайша Ілиясова секілді бала күнгі құрбыларыммен әлі қатынасып тұрамын. Мен еңбек ететін № 26 орыс мектебінде өзім қатарлас жас ұстаздар көп. Қазақ тілінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген Айжан Тәттібаева, Сандуғаш Итқұлова, Алма Құдабаевамен жұбымыз жазылған емес. Саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан Жанна Дручининаның да көмегі көп тиді. Білмегенімізді бір-бірімізден үйренуден жалыққан емеспіз. «Бест» гимназиясында еңбек ететін Бақыткүл Таймуллина да жиі хабарласып, ақыл-кеңестерін айтып отырады. «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» демекші, ауызбірлік, татулық бар жерде жұмыстың жемісті, еңбектің өнімді келетіні белгілі.
Мен жетекшілік ететін 5 сынып оқушыларының да ұйымшылдығы жақсы. Олар өздерін Тәуелсіз еліміздің ертеңіміз деп есептейді. Мемлекеттік тілдің маңыздылығы мен қажеттілігін жан-тәндерімен сезініп, меңгеруге деген айрықша ықыластары сүйсінтеді. Оларға отаншылдық қасиеттер тән.
Ұлтымызға, дінімізге қарамастан бәрімізді біріктіріп отырған ұлы күш бар. Ол – ортақ Отан, Тәуелсіз Қазақстан, қоғамдағы бірлік пен ынтымақ.
Людмила МИЛЮТИНА, №26 мектептің қазақ тілі мұғалімі.
Петропавл.