• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2011

Сұлулық сарайы

771 рет
көрсетілді

Эссе Үстіміздегі жылы 5-7 тамызда жол бұйы­рып, дүниелік өркениеттің темірқазығы Парижге барудың сәті түсті. Қасымда зайыбым, кіші қызым бар, үш күн әйгілі мұражай мен корольдер сарайын асықпай араладық. Әсер ұшан-теңіз. Дүниелік өркениеттің биік сатысындағы француздардың ұлы мақтанышы Лувр мұра­жайын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Өткен үш ғасыр аралығында Франция 49 млн. адамы бар 9,7 млн. шаршы км. жер көлемін жаулап алып, ондағы көзге түсер барша өнер жәдігерін сыпырып-сыйырып осы Луврға әке­ліп халық көзіне қоюды үрдіске айналдырған. Бергі кезеңде өмір сүрген король, император, қолбасы, ел билеген ақ­сүйектер қолдарына іліккен барша өнерді Луврға өткізген. Ілгері, кейінгі заманда ха­лық­тың мықтылығын әскер күшімен, жаулап алу қабілетімен, қару-жара­ғымен өлшейтін болса, атом мен лазерь жарағы жетілген 21 ғасырда ел ұлылығын, кісілігін, азаматтық құнын анықтайтын бірден-бір таразы Лувр секілді сұлулық сарайы. Ендеше, сол сарайды ерінбей аралап шығалық. Халықтың жады мен есте сақтау қабілетін айғақтайтын ұлы күш – өнер. Өнері жоқ ел – бүгіні бұлдыр, ертеңі елеусіз тобыр ғана. Өнер иесін асқақтату арқылы адамзат көз жетпейтін көне ғасырлардан бүгінге азбай-тозбай жетті. Үлкенге құрмет, кішіге ізет арқылы адамның кісілік қасиеті анықталса, ал туған елге жаса­ған қайыры, жақсылығы арқылы кісінің аза­мат­­­­тық құны таразыға түседі. Осы өлшемнің қай-қай заманғы рухани ұстыны, қуаттысы – сурет, кескіндеме, мүсін, саз, көркем сөз. Тұтас халықтың адамгершілік қағидасын, өлісі бар, тірісі бар, барша рухани болмысын ту еткен біртуар жәдігерге көз суарғанға ештеме жетпейді. Луврда түзілген ұшан-теңіз сурет, мүсін­нің бас-басына сегіз секунттен кідірген кісі – барша мұражайды көзбен сүзіп шығу үшін 3,5 ай уақыт жібереді, дейді музей қызметкері. Лувр алғашында король апартаменті қызметін атқа­рып, келе-келе кескіндеме және мүсін акаде­миясына, сәулет акаде­миясына айнал­ған. Сәу­лет өнерінің ең озық үлгілері римдік барокко мен француз классицизмі үндескен кең залдарда құдайдың құтты күні кісі аяғы үзілмейді. Дүниелік мәдени, тарихи, рухани жәді­­герді бір жерге үйіп-төгіп, бүгінгі көрер­менге ұсынудан бірінші орындағы мұражай темір­қазығы Лувр туралы анықтамалық кітап теңіз. Леонардо да Винчидің «Мона Лиза», Пикас­соның «Герникасы» туралы әр тілде қорғал­ған ғылыми жұмыстың өзі жүзден асып жығылады. Сол мың сан анықта­ма­лықты қай­талап: пәлен жерде түген сурет­шінің полот­насы ілінген... түгенше қыл­қалам шебері осыншалық шедевр өрнек­теген... тү­ген мектепті қалыптаған... деп сауатты оқушының алтын уақытын алмай­мыз. Антика, классицизм, барокко, авангард, сюрреализм секілді мектептің айтулы шеберлерін, сол шеберлер туғызған біртуар туындының адамзат өрке­ниетінің бір-бір басқышына айналған мүсінді әрі кескіндемені тек қана өзіне тән айшығы мен бояуын, кеңістік пен жарықты сезіну сиқырын тілге тиек етеміз. Баянымызды суретшінің қай мектептің үлгісімен салғаны бойынша бірте-бірте саты­­­лап жоғары өрлеп тілге тиек етеміз. Антика. Ең әуелі мәрмәр мүсін залына енесіз. Біздің дәуірімізге дейінгі мүсінші зергер өзінің бай қиялын, арман-мүддесін мәң­гіге сақталады деп тасқа қашауды үрдістеген. Қағаз өртенеді, бояу өшеді, саз ұмытылады, ал тасқа түскен мүсін мәңгілік деп ойлаған. Ең әуелі мәрмәр тасын іздеген. Шығыстағы Мәрмәр теңізінің жағалауы – тас кеніші. Сол заманның басыбайлы құл­дары белін бүгіп, терін тамшы­латып үлкен-үлкен тастарды жар­қабақтан ойып түсірген. Тас қаншалық үлкен болса – соншалық қымбат. Кісі бойы үлкен тасты папирусқа орап, бесікке бөлеген сәби­дей ғып, кемеге тиеп, жағадан арбаға артып, теңселдіріп Римге жеткізген. Римге жеткен мәрмәр ше­берханаға бөлінген. Со заманның жазба­сына көз жүгіртсек: Леонардо да Винчи шәкірт баланы ілестіріп, апталап, айлап індете кезіп кетілмеген, мүжілмеген мұз түсті ақсұр, жұмсақ тас іздеп аяғынан тозады. Тас иесі шебердің төбесін көргеннен әр тасқа құлдың құнын сұрайды екен. Леонардо тасмаң­­­дай пәлелердің бірін: «Құдайдың қаһарына ұшы­райсың!» – деп бопсалап, екіншісін апиын қосқан шараппен суарып, басын даң қылып, келер ұрпаққа атың қалады деп саудаласып шаршаған ғой. «Венера Милосская» – таңшолпан сұ­луының қиғаштай қараған көз жанарынан тұңғиық тереңді сезесіз. Шуақтана жымия қарайды. Бала кезімде ғой мәрмәр мүсіннің тарих оқулығындағы суретіне үңіліп, құйып қойғандай сұлу мүсіні өз алдына... кең ашыл­ған жанарына қарап... сол көз жанардан тұн­жы­раған ой да, мұң да оқи алмай... қина­лушы ем. Мәйіттің ашық қалған көзін елестеткендей болушы ем. Есейе келе – мәрмәр тасқа терең шөккен көз жанардың ернеуінен, білінер-білінбес кірпігінен, қас-қабақтан тұ­нып қалған қою мұңды танып, о, тоба дедім! Тас зергері тіршіліктегі тірі пенденің қабағына тұна қалған тұнжыр мұңды – әппақ мәрмәрға көшіруге нешеме күн... нешеме түн уақытын сарп етті. Жүрек лүпілін әуелі саусағына, саусақтан-қашауға, қашаудан-түрпіге, түрпі­ден-мақпал сүрткішке өткізіп... көркемдікке өліп-өшіп жеткенінің өзі бір хикаят. Мәң­гілікке тапсырыс жасағаны! Ойды, сезімді сөзбен қағазға түсіру шеберлікті тілейді. Ал, сол ой мен сезімді бояумен кенепке түсіру – әлгіден жүз есе қиын. Кісінің жан әлеміндегі ой мен қиялды қатып қалған тасқа өлшегендей ғып беру – мың есе ауыр. Мұны айтқан Леонардо да Винчи мүсінші. Классицизм. Неміс шебері Ганс Хольбейн­нің (Гольбейн), нидерланд Иероним Босх, фламанд шебері Питер Пауль Рубенс, голланд бөлмесі Рембранд Харменс Ван Рейн, Альбрехт Дюрердің «Автопортреті», ағылшын қылқалам шеберлері Гейнсборо, Рейнольдс, француз шебері Жан Фук, әсіресе Никола Пуссеннің пейзаж көріністері, Жорж Дю Мениль де ла Турдың «Малшы тәубасы», Антуан Ваттоның «Киферу аралына саяхат», «Жиль» – кемпірқосақ өрме­гіне, көркемдігіне көзді сатып көркейесіз. Пейзаж бен адам, тағдыр мен табиғат үндестігінің құп келісімі жан сарайыңызға ағыл-тегіл кемелдену сезімін сыйлайды. Жан-Батист-Симеон Шарденнің сиқырлы қыл­қаламы француз өмірінің әр қырынан көрініс тауып, айтуы жоқ әдемі әжуаға тізгін береді. Өз халқын аямай шенеп-мінейді. «Отаныма деген сын пікірлерім өз басымда жетіп артылады, ал сол сын пікірді жатжұрттық айтса – қараптан-қарап зығырданым қайнайды», деген А.­С.Пушкин сөзі осындайда еріксіз еске түседі. Нәзік поэзия мен кеңістік контрасына іліккен көрі­­­ністің арғы астарына жасырынған әзіл, кекесіннен ұлтына деген ұлы сүйіспеншілікті қапысыз танып, айран-асыр боласыз. Импрессионист шебері суретінен өмірге деген іңкәрлік, ізгілік, көңіл шуағы ағыл-тегіл алдыңыздан шығады. Леонардо да Винчи 1503 жылы салған 25 жастағы «Мона Лиза кескіні, Джоконданың» ал­дын­да кісі аяғы аткөпір. Сығылысып жүріп біз де суретке түстік. Вазаридің: «Портретке көз салған – қай суретшінің бойын өрт боп лапыл­даған құштарлық оты мен жүректі қытықтаған ұят сезімі тұсап алады» дегені ойға оралды. Өз басым Джоконданың жүзінен тұңғиықты таныдым. Франсиско Гойяның корольдер отбасын салу стиліне ой жіберелік. Суретші салған сол заман­дағы испан королінің отбасы 18-ші залдың түстік қабырғасын түгел алған. Қайран қалатын нәрсе: Гойяның тікесінен тік тұрған оншақты кісінің кескін-кейпін дәл бергендігі, я болмаса кенептің алыптығы емес; әр кейіпкердің өзіне тән мінез қырын ашуға ұмтылғаны. Король бәйбішесі аса тәкәппар, маң­ғаз, ақылман сыйпатта, оның сол жа­­ғындағы әмір­­ші сырты дүр­дей, іші кеуек, қопал адам, жанарында пә­ле қай жа­ғымнан келіп қалады деген үрей, бөрі арығын білдірмес, сырт­қа жүнін қампайтардың кейпі. Үлкен ханзада бү­­гінгі бақытын шындап сезіне білмейтін, көзін­де шел, көңілінде алаң, кекшіл, зәлім, жымысқы кейіп­те танылады. Кіші ханзада ішпей-жемей тойып жүретін момақан, бейкүнә бейнеде. Ентелей кідірген кіші ханшайым басынан сөз асыр­­­майтын, обып, жеуге құныққан, ашқарақтың өзі. Сол қанаттағы ханшайымның жанары ләззат ойы­нын, құштарлық отын лап еткізуге қазір-ақ әзір. Үлкен полотноның екінші ерекшелігі: сурет­шінің кең көлемді құлаштай қамтып, кейіпкердің межеге алған түпкі ойын шеңберінен шығармай ұстауы. Бәрі уақытқа тәуелді, енді келіп уақыт шіркінді біз тәуелді етсек дегенді ашады. Мінезімен, бет ажарымен мәңгілікке қалсақ дейді. Бәрінің ойы: кеңістік пен жарыққа ұмтылу арқылы – салтанатты сарай, үлде мен бүлдеге бөленген баршылықтың базарында өле-өлгенше жүре бергенді қалайды. Қарс жабылған қабақ... жымысқы жымиыс... сайқал күлкі... момақан момындық... бәрі-бәрі тарихтан үміткер. Сурет­­­шінің қылқа­ламы шашырамай, түп мазмұннан ұзамай, әр нәрсенің басын шалмай, айқара көріністі құп үйлестіруін әлі күнге еш суретші қайталай ал­мапты деседі өнер зерттеушісі. Фото, кино, өзге де бейнелеу аспаптары дү­­­ниеге келмей тұрғанда елдің тұтас өткені мен бүгінін, адамгершілігі мен зымияндығын, ізгілігі мен зұлымдығын қылқаламмен қалт жібермей мың құбылған бояу мен жарықтың сиқырымен елестету бір қарасаңыз ақылға сыймайтын секілді. Аты аталған суретшілер әлгіндей асқар таудай мақсатқа қалайда аяқ салуға құлшынған. Үңіле зер салсаңыз: жалғыз ғана суреттен мынау деген елдің талайы мен тағдырын айнадан көрген­­­дейсіз. Сүйегі француз жерінде қалған әйгілі орыс жазушысы Иван Бунин Луврға үнемі үл­кейткіш әйнегін қалтасына салып барған. «Бағзы шебердің суретін көзбен көру аз, оның шын мағынасын түсіну үшін жүрек көзінен өткізген ләзім; әрбір детальдің түбіне жетемін деп үлкейткіш әйнекпен ұзақ үнілемін», деп күн­­делігіне жазыпты. Тірі сөз бен қылқалам сиқы­рының табысуы деп түсіндік бұл сөзді. Қайта өрлеу дәуірінің қайталанбас қас шебері Рафаэль Сантидің мұражайда 29 суреті қо­­йылған. Қалғаны әр заманда, әрқилы жағдайда қолды боп құрыған. Рафаэль заманында карти­наға арналған зығыр кенебін арнайы әзірлейді екен. Мұның өзі жеке-дара әңгіме. Күнге кеуіп піскен түстік зығыры ұнтақталып, түтіліп, түгі білінбейтін жіпке айна­­лады. Қолөнер тоқымашы әлгі жіпті өрмекке құрып-қос тізерлеп бүгіліп отырып – аса жұмсақ, әрі жеңіл, әрі берік кенеп мата тоқиды. Тоқыманы суретшілер аяғынан тозып жүріп манфактура иесінен удай қымбатқа сатып алады. Баяғы Леонардо да Винчидің мәрмәр сауда­лағаны секілді. Суретші кенеп сапасын иісінен сезген. Пісіп үлгермеген, күн сіңбеген зығыр иісінің жұпары алдамшы – көпке шыдамайды. Керісінше, өзегіне уыз қатып, күн иісі аңқып, толып піскен зығыр кенебі – уақыттан озады. Өңін бермейді. Кәнігі суретші кәсекіге керілген кенебіне я зығыр, я інжір майын сіңіріп көлең­кеге ұзақ кептіреді. Май толық сіңген кенептің түсі бидай өңденіп шығады. Мұны сурет тілінде – кенептің төсемі дейді. Кенепке май сіңіру, көлеңкеге кептіру айрықша ептілікті тілейді. Төсем уағында әлгі кенепке шаң тұрмағаны құп. Рафаэль – суретке әзірлеген кенепті таң шапағына, гүлзар баққа, таза ауаға ұстап таңа­сырып сергітіп баптағанды, сосын ғана қылқалам сілтегенді әдетке айналдырған. Өнер зерттеу­шісінің: «Рафаэль кенебі бетіне бояу түскенде сөйлеп қоя беретін скрипка секілді, суретінен сиқырлы үн қосыла шығушы еді», деуінде үлкен гәп бар. Қылқаламды скрипка таяқ­ша­сына теңеу кө­ңілге құп ұялай­ды. Суретшінің көңіл көзінде – гүлзар бақта ағаш бұтағынан уылжып піскен жеміс үзіп үл­біреген бойжеткен бейнесі. Суретшіге қажеті – бой­жеткеннің бұратылған я құлын мүшесі, я дөң­геленген әжімсіз ажары. Қылқалам иесі бәденді бикештің бетажарын ашуға құлшынады. Әуел баста суретші қылқаламын алқызыл бояуға мал­майды. Олай етсе – әлгі алқызыл түс уақыт өте, күн сәулесі түссе – күреңітіп кетеді. Соны сезген суретші әуе­лі кенеп бетіне шикіл сары бояу жағады. «Жаға­ды» – дөп табылған сөз емес. Кенеп бетіне алғашында шикіл сары бояу түседі. Сосын алжасыл, сосын алқызыл, ең соңынан алкүрең. Баяғы бәденді бикештің бетіне ұят қызылы там-тұмдап тебеді; әлгі ұят қызылы суретшінің қылқаламы бесінші мәрте я жеңіл, я батыра – сызып қана өткенде – құлпырып шыға­ды. Өнер иесі қылқаламын санап сілтейді, артық түссе – әлгі бет ажардағы реңк қою жағылып, сұлу бикеш – көзі ойнақшыған сайқалға айналып кетеді. Я, кем түссе – бәденді бикеш сабағынан үзілмеген, тіс тимеген жеміс секілді бейкүнә қалпында қалады. Көркемөнер тілінде мұны құп көріністі ашқан бояу дейді. Қайта өрлеу дәуірінің суретшісі кісінің бет ажа­рын ашу үшін қылқаламын санап сілтеген. Сырт көзге баттасып түскен лағыл бояу уақыт өте, үңілген көзге – қатесіз сызыл­ған сызық қана. Өнертанушы бұл шын­­дықты тақауда ашты. Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» жүзіндегі жеңіл жы­мию­дың арба­уы­на, астарына үңілген өнер­та­нушы жақында ғана ғажайып сиқыр: терең­дегі тұнықтық... кісінің бет ажа­ры мен авторлық қиял­дың қан тамырдай бүлкіліне таңданыс танытуы жайдан-жай емес. Сюрреализм сұңғыласы Сальвадор Дали қыл­қаламы айшықтаған жанайқайы... етжүректің бүл­кілі... жас орнына қан тамған көз шарасы... желкедегі ұртоқпақ... ауыздағы қақпақ... құлақ­­тағы тығын – көр азапта қиналған кездегі адам ағзасын кернеген ашу-ызадан түршігесіз. Ашу көтеріп кетсе дүлейге айналады. Рухани сынған жан жәй көлеңке. Осыны меңзеп, тұспалдап түршіктірген – қылқалам құдіреті! Сальвадор Дали суретінің жантүршігерлік арпалысын ой-сезіміне сыйғыза алмай, үлбіреген қараторы испан қызы біздің көзімізше күрт әлсіреп, самайын сығып отырып қалды. Мұра­жай қызметкері жалма-жан қалта телефоны ар­қы­лы дәрігер шақырып, ақ халатты әулеті қызды зембілге салып, ем-шара қолданғанына куә болдық. Уақыт озған сайын өнердің адамтанытқыш құдіреті, айтқыштығы шекарасын ұлғайта түсті. Натураның кешегі айқын, дәлме-дәл ұқсастығы сары сахараның сағымы секілденіп қашықтап, оның орнын – ойдың, қиялдың құбылысы қам­тыды. Дәлдік сан ықылым бояудың астарына жұтылды. Я болмаса көркемдік тәсілдің көлең­кесінде қалды. Дәлірек айтсақ: кейіпкердің бет ажары, дене бітімі алғы межеден кері шегініп, оның орнын авторлық қиял кернеді. Қылқалам қисынды-қисынсыз меңзеу мен ишараға басым­дық берді. Осыдан келіп абстракционизм есік қағып, үлкен мектеп дүниеге келді. Абстракцияны әуелгіде өнерсүйер қауым қабылдай қоймады. Көбіне суретші кісінің кескін-келбетін сала алмай шаршады, таза өнерден іргесін аулақ салды, алақолдық жайлады деп сынап жатты. Түсініксіз шатпақ деді. Келе-келе қылқа­лам шеберлері Пикассо, Матисс классицизм мектебінен ірге ажыратып, меңзеу, тұспал әдісіне басымдық беріп – абстракцияға ойыса бастағанда барып – бұл мектепті сынау, мінеу сәл саябыр тапты. 20-ғасырдың орта шенінен абстракционизм өз алдына отау тікті. Луврдың Эйфель мұнарасына қараған түстік бетінде, екінші қабаттың 21-ші залында ға­жайып, қайталанбас екі туынды қойылған. Жарық жалғанға лағыл жұлдыздай жарқ етіп туып, жасын боп ағып өткен ғұмырды білеміз. Ондай ғұмырдың жасағанын ешкім қайталай алмайды. Сурет өнерінде де сондай құбылыс болған. Жалғыз мәрте сілтеген қылқалам жарық пен кеңістіктің ойда жоқ оқыс үндесуінен дөп түскен бояу кемпірқосағы – екінші мәрте ешқашан қайталанбайды. Керуенбасы Мұса­бай­дың туысы болып Әлімбай есімімен шашын қырғызып, қазақша киініп Қашғарға барған 24 жастағы Шоқан Уәлихановтың акварельдік кескіндемесін былайғы кезеңде жан баласы құп келістіріп сала алмас еді. Алып асқар ала тау басынан құла­ниектеніп атқан таңды Шоқан жанары өзі ғана таныған бояумен қабыл­дады. Өмірге ын­тызар сезіммен қыл­қалам сілтеді, сендірді, жүрек төріне шығарды. Шындыққа салыс­тыру арқылы көз жеткіземіз. Альпі шыңы­нан сырғанап түскен жібек таңды, етегі түріле­ түскен қараңғылықты дәп Шоқан жасын­дағы Матисс – 20-ғасырдың бергі қаба­ғында – өзінше бірегей бозғыл, ақшаңқан ашық бояумен қайыра ашты. Шоқан салған таңның ажары бөтен. Жарық жалғанды өліп-өшіп жақсы көру мен тұнжыр қабақты қою мұң қосақабат берілген. Матисс таңсәрісі – жаңа таңды қарсы алудан гөрі – қи­май қоштасуға келеді. Шұғылалы шуақ... сағы­­ныш... іңкәр аура... қайта­ланбас құш­тарлық... тамбай қалған көз жасы... от құшақты ыстық ықылас кісіні әбі-тәбі, кел-қайт, кел-қайт қамкөңіл әсерге бө­лейді. Көз көрмес жыраққа безіп жоғалғың келеді. Мына Матисс таңсәрісі мен осыдан бір ғасыр бұрын қағазға түскен, көз бен көңілде жатталған Шоқан таңы несімен ұқсас дейсіз ғой. Қыршын өмірдің жарық дүниемен қоштасар кездегі қимас сезімі екі суретте... араға ғасырдан астам уақыт салған... жарық дүниенің екі шетінде... екі мезгілде жүріп-ақ – жүрек тербеген сұлулықты сызып берген. Іңкәр сезім бұрқағы. Екі суретшінің қылқалам сілтесі, жарықты сезінуі, кеңістікті қабылдауы екі бөлек. Бірін-бірі қайталамас полюсте жатыр. Мұның керісінше, өнердегі барлық уақытқа, баршаға ортақ – сұлулықты сезіну сыры бірін-бірі туыс еткен! Өнер – адамзаттық құндылықты көтерсе ғана өміршең. Ана мейірімі, жар сүйіспендігі, жарық­қа, жақсылыққа ұмтылу, ізет, ізгілік, достық сезімі – сурет өнерінің бетке ұстар темірқазығы. Осы құнды­лық­ты қорғау азабына ба­сын тіккен да­рынды өнер иесінің мәрмәр, қола мү­сін­нен, майлы бояу суретінен, натюрморт, пейзаж, графи­касынан тіл жеткізіп айтып болмас ұлы мұратын табасыз. Жан азабын сезесіз. Қайран қалар жәйт: қылқалам иесі, я мүсінші – әрдайым кейіпкерінің жан алып, жан беріп ашынған мезетін, я бел кетер, я белбеу кетер нартәуекелін кескіндеуді құп көреді. Ашын­ған кезде мінез ашы­лады, ал мінез – көркем­­өнердің жүрек бүлкілі. «Сан Мишель бұрқағы» аталатын айтулы қола мүсін Луврдың кең залынан шығып, бұл күндері Сорбонна университетінің терістік шығы­сына қойылған. Луврда шағын көшірмесі қалған. Аспан­ға шапшыған алты бұрқақ, бұрқақ төрінде жер сүзе құлаған жаралы батыр, жас батырдың тас төбесіне құлын мүшелі, қос қанатты, балғын төсі тік шаншылған періште бойжеткен жанұшыра ұшып жетіпті. Періште бойжеткен жаралы батыр басын сүйеуге келді ме, әлде жеңіс белгісі – зәйтүн жапырағын ту ғып желбіретуге жетті ме – бұл арасы беймәлім. Жер сүзе құлаған жаралы батыр­дың рухы періште қанатымен аспандап әлі күнге ұмытылмай, жоғалмай мәңгіге ұшып жүр дегенді меңзеу болар, сірә! Зұлымдық пен ізгілік... жарық пен қараңғы... жақсылық пен жамандық әрдайым кереғар келіп, үнемі текетіресіп, дүние-дүние болып жаралғалы жеңісе алмай келеді. Ақ пен қараның арпалысы полотноның түпқазық мәні. Қай жағынан алып қарасаңыз-дағы жарық пен көлеңке, шың мен шыңырау, мұң мен күлкі, адамшылық пен итшілік итжы­ғыс түсіп, көңілге айтып болмас қайғы, уәйім сіңіреді. Сол мұң, сол уәйім біртуар кескін­деменің бет ажары. Абайдың қара сөзіндегі Бас иенің адамды мінсіз етіп жаратуы туралы ойы оралады. «Сократ хакім бір Аристодим деген ғалым шәкіртіне құдай табарака уа тағалаға құлшылық қылмақ турасында айтқан сөзі: әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса дүние­дегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззат алар едік. Құлақ болмаса – не қаңғыр, не дүңгір, дауыс, жақ­сы үн, күй, ән – ешбірінен ләззат­танып хабар ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе – дүниеде болған жақсы иіске ға­шық болмақ, жаман иістен қашық бол­мақтық қолы­мыздан келмес еді... мұның бәрі хикметпен біліп істелгендігіне дәлел емес пе депті». Абыз Абайдың қиялына қанат жалғап, ойына от берген Аристотель хакімнің Симоне Мартини қолынан шыққан суретіндегі, әжім сы­зығындағы пайым... ұстаным... дана­лық­тың тереңдігі мен сиқырына сүңги­сіз. Жүректі тәкәп­парлық баурайды. Адам жара­тылы­сының кемелдігіне тәнті боласыз. Сұлулық – мінсіздікпен егіз. «Сұлуды сүймектік, пайғамбар сүннеті». Сұлулық – табиғат егізінің сыңары, сұлулықты ашқан суретші нағыз өнерпаз, адам жаратылы­сының көріпкелі. Әр художник сұлулықты өзінше ашады, өз пайымымен түсіндіреді, өзі ынтық бол­ғанға – өзге де сұқтанса, назар жықса, арбала түссе дейді. Рафаэль Санти көзіндегі сұлулық пен Франсиско Гойя көзіндегі сұлу­лықтың айыры­мы жер мен көктей. Рафаэль әйел бойындағы сымға тартқандай нәзік­тік пен қарға қан тамған­дай таза­лықты алғы межеге шығарады. Сұлу­­лық-нәзіктік пен пәктік бар жерде ғана өмір сүреді дейді. Ал Франсисконың ұр­ғашысы бетінен қаны тамған, уылжып піскен мәуе­дей албыраған, әрі тығыз, әрі тығыншық­тай. Шертіп піскен мәуедей сөлі сыртына тепкен бойжеткен ғана өмірге қуатты тұқым береді дейді. Әйел әлемі уылжып піскен жемістей сөлі сыртына шертіп, құштарлық отын тұ­тата білсе ғана жанға дауа дейді. Илан­дырады, тәнті қылады. Дүниеде қанша суретші болса – сұлу­лық символы соншама! Адам бойын­дағы сұлу­лық, тазалық, нәзіктік, табиғаттың сыңарын­дай көрінуі – нешеме ғаламат кескіндемеге өзек болғанын Луврдан көресіз. Бір деталь. ХV ғасырдың қылқалам шебері Паулюс Рой майлы бояумен 55х44 см. кенепке жарық пен күміс ұнтағы қосылған қарасұр бояуды құп үйлестіріп заманының үш тұлғасын шағын көлемге сыйғызып – бетбейнесін салып шыққан. Кескіндеме кереметі: қабырғаға ілінген суреттің сол жағынан тақап қарағанда Фердинанд бейнесі қалқып шыға­ды, ал сәл оңға ығысып назар салсаңыз екі кісі: Максимилиан ІІ мен Рудольф ІІ келбеті көрі­неді. Ең ғажабы: суретші жарық пен кеңістік аурасын үйлестіріп үш кісінің бейнесін шағын көлемге сыйғызған. Бір-біріне еш ұқсамайтын, сесі мен сұсы қайталанбас үш бейнені бір-біріне мінгестірмей, бояуын ара­лас­тырып алмай, бір-біріне кереғар кеңістікте салып шығуы таңқаларлық. Дүниеде мұндай сынаққа басын тіккен суретші саусақпен санар­лық, соның бірі, әрі бірегейі – Паулюс Рой еді. Екінші тілге тиек етеріміз: дүниеде Лувр каталогіне ғана енген сурет. Ол Бартоломеус Спрангердің 1610 жылы салған «Түріктермен соғыс аллегориясы» кескіндемесі. Ұзыны метр жарым, ені метр келетін үлкен полотнода реализм мен абстракционизм әдісі қайшыласа түскен. Ұрыс алаңында шалқалай құлаған түрік сұлтаны. Жанары аспанға атысып кеткен. Әлде үрей, әлде құштарлық сезімі қатар шарпысып, шарасынан шыға жаздап шаты­найды. Қызыққа қараңыз! Бөксесі әппақ қар­дай, жартылай жалаңаш, бәденді ханшайым шалқалай құлаған сұлтанның кеудесінен баса-көктеп жоғары аттап бара жатыр. Сұлтанның атысқан жанары бикештің ұятты жерінде. Ұяттан өртеніп, мысы құрып, жанары аспандап шалқалай құлаған түрік сұлтаны мен әппақ қардай бөкселі, абы­ройын ашып-шашып алға ұмтылған бәденді бикеш. Жайшылық өмірде кездессе – кездесер, ал жан алып, жан берген ұрыста ұшыраспайтын пендешілік хал.        Суретші пайымынша, аллегория – астамшыл еркектің үстінен аттаған жала­­ңаш бойжеткен бейнесі әрі арсыздық, әрі сайқымазақ! Шындығында кез келген соғыс лаңы еркек намысының өтеуі мен ұрғашы абыройының шашылуы... екеуі де апаш-құпаш... я күлеріңді, я жыларыңды біле алмай­­тын алмағайып шаппа-шап мезетті бояумен ғана ұстаған. Сурет сыры тұңғиық. Импрессионизм үлгісіндегі керемет қай-қай тақырыпты алмасын – түп-тамырдан қозғауы. Кісінің жанды жерінен ұстауы. Қан қыздырған құштарлық, жан азабы, ашу-ыза, жүрекпен сөйлеу, ыммен, меңзеумен сезім сарайын ашып салу – құйтақандай кәсекіге қалай сыйған деп ғажайыпқа қаласыз! Көп полотнодағы көз жасының, самай әжімінің дәлдігі, тірі пенденің түсіне, ажарына егіз тамшыдай ұқсастығы – бояу мен кеңістік, бояу мен жарық, бояу мен қылқалам сілте­сінің біртуарлығы ғажайып енді. Луврдың ұшан-теңіз кескіндеме суретін көзбен сүзгенде – Лев Толстой айтқан сөз ойға оралады. «Дүние түбінде таусылады, бәрінің аяқталуы бар. Ең өкініштісі – сол таусылу, сол жоқтыққа жұтылу кезеңінде адамзат қиялының шырқау шегі – музыка, саздың мәңгілік жоғалып кетуі. Осыны ой­лағанда өзегімді айтып болмас өкініш өр­тейді». Кемеңгердің ұлы уәйімі әлгі. Шы­нында ғой. Күндердің күнінде дүние жоқ­тыққа жұтылар болса – мөлдіреген уыз табиғаттың, алдаспан жүзін­дей асыл ердің, сымға тартқандай сұңғыла сұлудың бояу­дағы кескін-келбеті ұшты-күйлі ұмыты­лады дегенге еш сенгіңіз келмейді. Бояу­дағы көкірек жарған күрсіністі, жан айқайын, тамбай қалған көз жасы мен жүрек лүпілін қайтіп жоғалтасыз! Кескіндеме, мүсін, графика, пейзаж біртуары сақталған Луврдың басқы­шы­нан түсіп келе жатып көңілді тұнжыр уәйім басады. Көзді арбап, көңілді тұсаған нешеме ақылманның ойлы жанары, адам тәнінің сұлулығы, ержүрек қолбасының текетіресі, ләззат ойынының от шарпы­ған лапылы көзден кетсе де көңілден еш жуылмай­тынын ойлағанда – жан сара­йыңызды шабыт теңізі шалқы­тады. Қақпа алдында жылма-жыл қабығын тастап өсетін французша платан – орысша бесстыдница ағашы қоштас­қандай, көк жүзінде төңкеріле жүзген бұлтқа бір, бізге бір сәлем салған сыңаймен жапырағын судырата санап қала берді. Дүкенбай ДОСЖАН.