Ұйғыр ауданы, Кепебұлақ ауылының бүлдіршіндері жаңа мектепте білім ала бастады. 180 орындық жаңа мектеп сыныптары жарық, әрі жан-жақты жабдықталған. Пән кабинеттері де дәріс беруге қолайлы-ақ.
Бөдеті орта мектебінің ғасырлық тарихы бар. Содан болар, білім ордасын бұрын тәмамдаған түлектер көп жиналған. Самайларын ақ қырау шалған қазыналы қарттар жастарға ақ тілектерін арнаса, жас буынның да айтары мол болды.
–Жаңа мектептегі кабинеттер жарқырап тұр. Бізге жасалған қамқорлық осыдан-ақ сезілуде. Биылғы оқу жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы – ел мерейі» деген ашық сабақпен басталды. Мерейлі жылдардағы табыстар жан-жақты айтылды. Егемен елдің ұландары елдік, ұлтжандылық туралы өз ойларымен бөлісіп, пікір алысты, – деді Бөдеті орта мектебінің оқушысы Қымбат Қанаш.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.