• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Маусым, 2017

Оңтүстіктің өнерпаздары түркиялықтарды тәнті етті

186 рет
көрсетілді

Түркия мемлекетінде VIII «Халықаралық Рамазан» фестивалі  аясында өткен «Қазақстан кеші» концертіне Оңтүстік Қазақстан облысының өнер тартуын арқалап 36 өнерпаз барып келді. Аталған делегаттардың топ жетекшілерімен Өңірлік коммуникациялар қызметінде  баспасөз конференциясы ұйымдастырылды.

Баспасөз конференциясына қатысқан облыстық мәдениет басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғ. Шарафиева, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртісі С.Әбдірайымова, облыстық опера және балет театрының директоры  Ә.Нұрмаханбетов бауырлас ел ыстық ықыласпен қарсы алғандарын айтып, өз әсерлерімен бөлісті. 

«Кечиөрен муниципалитеті мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған қос ел арасындағы мәдени байланыс Анкара, Адана, Мерсин, Ыстанбұл қалаларында кең көлемді концерттік бағдарламамен ерекшеленді»,- деді Ғ.Шарафиева.

Бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ортақ мәдениетті қалыптастыра отырып, әдеби, рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында қолға алынған айтулы шарада өнер көрсеткен ел өнерпаздарына Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және  аталған мемлекеттің мәдениет басшылары айрықша қолдау білдіріп, алғыстарын жеткізді.

«Күні бүгінге дейін күнгей өлкенің мәдениет майшамын маздатып, даңқты елдің дара өнерін республикалық, халықаралық сахна төрінде танытқан әннің дарабоздары, бидің тұсау салдырмас тарландары түркиялық көрерменнің шаттық шапалағына көмілсе, қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп ата әнін жатық нотада өрген  дәстүрлі әншілер елдің ұлттық әуендерін әуелетіп, тарихи мәнге толы гастрольдік сапарда айрықша із қалдырды. Оның дәлелі, Түркия мемлекетінің ақпарат беттерінде елдің сәлемін арқалай барған Оңтүстік өнерпаздарының жарқын бейнелері көрініс табуы болатын»,-деп атап өтті Ә.Нұрмаханбетов.

Сонымен қатар, VIII «Халықаралық Рамазан» фестивалі аясында  Түркияның бас қаласы  - Анкараның Кечиөрен ауданында жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі де жылдың айрықша жаңалығы ретінде орын алды. 

Брифинг барысында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртісі С.Әбдірайымова сапардың сәтті қадамдары мен «Қазақстан кеші» концерті туралы айтты.

Брифинг соңында спикерлер апталық сапар шеберлікті шыңдау мен мәдени қарым-қатынастың нығаюына ерекше әсер беретіндігін айтып, Елбасы мақаласы аясында жүзеге асқан қос ел арасындағы еңселі жоба жалғасын табатындығын жеткізді.