• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Үкімет 22 Маусым, 2017

«Еуразия» халық­аралық консорциумын құру жөніндегі құжат бекітілді

117 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен еліміздің Энергетика министрлігі, қаржы институттары мен инвесторлар арасында жаңартылатын энергия көздері саласында бірқатар маңызды келі­сім мен меморандумға қол қойыл­ды. Сондай-ақ, «Еуразия» халық­аралық консорциумын құру жөніндегі құжат бекіді.

«Еуразия» халықаралық консорциумы жөніндегі Өзара түсінік туралы меморандумға Қазақстан тарапынан Энергетика министрі Қа­нат Бозымбаев, Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қой­науын пайдалану комитетінің төрағасы Ақба­тыр Надырбаев, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ния­сының төрағасы Сауат Мыңбаев қол қойды. Ал екінші тараптан «Еуразия» жобасының әлеуетті қатысушылары – «ҚМГ-Еуразия» ЖШС, «Аgір Саsріап Sea В.V.», «РН-Эксплорейшн», «СNPC international», «SOKAR»,  «NEOS Geosolutions» сынды компаниялар болды.  Каспий маңы ойпаты кемелденген мұнай-газ аумағы екені белгілі. Ол сондай-ақ, күрделі геологиялық құрылысымен және палеозойлық тұзды кешеннің шөгінділерінде тереңде жатқан мұнайдың және газдың ерекше кен орындарымен сипатталады. Онда мұнай мен газдың барланбаған көлемді қоры бар. Мәселен, бүгінде Каспий ойпатындағы ықтимал мұнай қоры 60 млрд тоннаға жуық деп бағаланған.  Меморандум негізінде қол қойған тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Каспий ойпатының тереңде жатқан горизонттарын геологиялық зерттеуге кіріседі. Жобаны іске асыру – біріншіден, мұнай-газ саласын тұрақты қор базасымен, яғни, көмірсутек шикізатының өзіндік «стратегиялық резервімен» қамтамасыз етуге, екіншіден, 15-20 жылдан кейін мұнай өн­діру көлемі төмендеген жағдайда, өндіру көле­мі азаюының алдын алуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, еліміздің энергетикалық қауіпсіз­ді­гінің іргетасы, ықтимал экономикалық сілкініс­терден қорғайтын тетік болады деп күтілуде.   «Бүгін тариxи құжатқа қол қойылды. Соңғы 4-5 жылдан бері Қазақстан қолға алған «Еуразия» жобасы өз жұмысын бастайды. Геофизикалық зерттеулер бойынша жаңа жасақтамаларға ие әлемдік компаниялар консорциумға бірігіп, «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірге Каспий маңы ойпатының жер қойнауын зерттейтін болады. Ойпат аумағы Қарашығанақтан басталып, Теңіз арқылы Қызылордаға дейін жайылған. Әрісі Ресейге дейін кеткен. Ресей Федерациясының тиісті мемлекеттік органдарымен келісім бар. Енді барлау жұмыстарын жүргізетін боламыз»,  дейді Энергетика министрі Қ.Бозымбаев. Министрдің сөзінше, ондағы жұмыс үш кезеңге бөлінген. Яғни, барлаудан бастап, аса терең ұңғымаларды бұрғылауға дейін жұмыстар атқарылмақ.  Кеше қол қойылған маңызды құжаттың бірі – Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Еуропа Қайта құру және даму банкі арасында Ынтымақтастық және Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды дамытуды қолдау мәселелері бойынша Өзара түсіністік туралы меморандум. Еуропа Қайта құру банкі басқа қаржы ұйымдарынан 480 млн доллар қосымша қаржы тарту арқылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін қолдану жобаларына 250 млн АҚШ долларына дейін қаржы бөлетін болды. Нәтижесінде, Қазақстанда 500 МВт-дан астам жаңартылатын энергия көздері жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік болады. Энергетика министрлігі ENI және General Electric сынды әлемдік компаниялармен ықпалдастықты тереңдететін келісімге де қол жеткізді. «Астана ЭКСПО-2017» жел электр стансасын салу жобасын қаржыландыру үшін «ЦАТЭК Green Energy», Қазақстан даму банкі мен «БРК-Лизинг» АҚ арасында келісім жасалды. United Greenи мен «Байқоңыр Солар» компаниялары Еуропа Қайта құру және даму банкімен Қызылорда облысында қуаты 50 МВт болатын күн электр стансасын салу жөнінде келісімге келді.  «Бүгін жаңартылатын энергия көздерімен байланысты маңызды келісімге қол қойылды. Үкімет пен Энергетика министрлігі жыл бойы осы бағытта қызу жұмыс істеді. Біз жалпы қуаты 700 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің жобалары бойынша меморандумдарға қол қойдық. Қазақстанда соңғы жылдары 300 МВт қуаты бар жобалар пайдалануға берілді. Соңғы бір жылдағысының өзі – 150 МВт. Біз 2020 жылы Қазақстанда өндірілетін энергияның 3 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен алынуына қол жеткізіп, бұл келісімдерді жүзеге асыруымыз керек. Ол межені Мемлекет басшысы бізге «жасыл» экономиканы дамыту тұжырымдамасында қойған болатын»,  деді Энергетика министрі Қ.Бозымбаев. 

Динара Бітікова, «Егемен Қазақстан»