• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Бокс 23 Маусым, 2017

Кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев чемпиондық белдікке таласады

399 рет
көрсетілді

Қазақ бокс мектебі кез-келген елмен иық тірестіре алатын айбынды шаңыраққа айналғалы қашан. Оған дәлел төрт жылдықтың ең үздік бәсекесі әр Олимпиада сайын бокстан көк туымыздың желбіремей қалған кезі жоқ. Соңғы жылдары елімізде әуесқой бокс пен қатар кәсіпқой бокс та қанатын кеңге жайып келеді. Геннадий Головкин мен Қанат Исламды, Марат Мәзімбаев пен Жанат Жақияновты білмейтін жан жоқ. Осы көштің көркін одан ары қыздырып жүрген тағы бір қазақ баласы бар. Ол – Айдар Шәрібаев.

Айдар Шәрібаев – Қазақстан бокс мектебінің түлегі. Екінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсетететін ол бір кездері әуесқой бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында болып, сан рет ел чемпионы атанды. Әуесқой бокста 250 кездесу өткізген. Осыдан үш жыл бұрын кәсіпқой боксқа ойысқан отты жігіт, үлкен спорттағы өнерін табысты бастады. Аз уақыт ішінде 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіс тұғырынан көрінді. Оның ішінде бес қарсыласын нокаутпен сұлатты. Айдар алғаш карьерасын бастаған тұста тағы бір қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның спарринг-қарсыласы болып, онымен бірге шетелдегі оқу-жаттығу жиындарында қатар жүрді. Үлкен спорттың қыр-сырына қаныққан азаматтың алғашқы аяқ алысы бүкіләлемдік кәсіпқой бокс мамандарының назарына ілікті. Айдар жұдырықтасатын салмақта әлем бойынша 2020 былғары қолғап шебері бар десек, отандасымыз солардың ішінде рейтингктік көрсеткіш бойынша үздік елулікке табан тіреген.

Елімізде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Айдар WВА INTERCONTINENTAL тұжырымы бойынша чемпиондық белдікке таласады. Аталмыш жекпе-жек тамыздың отызы немесе қыркүйек айының тоғызы күні Астанада өтеді деп күтілуде. Жауапты бәсекеге тыңғылықты дайындалып, оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Айдар АҚШ-қа аттанады. Осыған орай, Алматыдағы «Aidar Classis» бокс залында былғары қолғап шеберімен журналистердің кездесуі өтті. Кездесу барысында спорт жанкүйерлері мен журналистер алдағы жоспарланып отырған жекпе-жектің барысы туралы боксшының өз аузынан естіп, Айдардың жаттығу сәтіне куә болды. Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті даңқты боксшы Виктор Демьяненкоға көкейде жүрген сұрақтарын қойып отандық кәсіпқой бокстың жай-күйі жайлы мол ақпаратқа қанықты.

 – Әлем бойынша ең танымал спорттардың бірі кәсіпқой бокс біздің елімізде де тың серпін алып келеді. Қазіргі таңда 6 промоутерлік компания жұмысын жүргізіп, 40-қа жуық спортшыға Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының лицензиясы берілді. Шәрібаев үлкен спорттағы мансабын табысты бастады. Әдетте, боксшылар кем дегенде 20 кездесуде жеңіске жеткеннен кейін ғана чемпиондық белбеуге таласады. Алайда, Айдардың рейтингі жоғары болуына байланысты мамандар тарапынан зор сенім артылып отыр. Дегенмен, бәрі қаржыға келіп тіреледі. Айдардың промоутерлері жағдай жасай алса, көрме кезінде керемет тартыстың куәсі болуымыз әбден мүмкін. Өз басым Diamond Ring-ке сенім артамын. Өйткені аталған проумотерлік компания жекпе-жек ұйымдастырып қана қоймай, боксшыларды тұрақты түрде оқу-жаттығу жиындарына жіберіп отырады. Бокс кешінде Қанат Ислам, Жанат Жақиянов, Бекман Сойлыбаев, Иса Ақбербаев, Фируза Шарипова сынды боксшылар өнер көрсетуге тиіс, – дейді Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко.

Айдардың чемпиондық белдікке таласатын қарсыласының есімі әзірге белгісіз. Америкадағы жаттығу барысында ол спарринг-қарсылас ретінде Люк Кэмпбел және Юриоркус Гамбоа сынды Олимпиада чемпиондарымен шеберлік шыңдап, белгілі кубалық маман Осмири Фернандестің тәлімін алатын болады. Бізде өз тарапымыздан ел намысын арқалап жүрген азаматқа жеңісті жолдың жалғана беруін тілеп, шайқай бер, Шәрібаев дегіміз келеді.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ