Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов журналистерге арналған дәстүрлі брифингте осы аптаның ішінде сыртқы саясат ісінде өтетін қадау-қадау шаралармен таныстырды.
Ресми өкіл Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов елімізге жұмыс сапарымен келетін Еуропалық комиссиясының Энергетика мәселелері жөніндегі өкілі Гюнтер Оттингерді қабылдайтынын айтып, кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы қазандағы Еуропалық Одақтың бас пәтеріне өткен сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуы талқыланатынын жеткізді.
Ал 5 және 8 қазан аралығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Литва Президенті Даля Грибускайтенің Астанаға ресми сапары болып, оның барысында мемлекет басшыларының қатысуымен екеуара және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізу, бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қою жоспарланыпты. Сондай-ақ, Грибускайте ханымның Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен кездесулері жоспарланыпты.
Асқар Абдрахманов брифингте Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметтік және жекеменшік секторлардың кезекті үшінші бірлескен комиссиясы Астанада өтетінінен де хабардар етіп, 6-7 қазанда Рабат қаласында Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігінің Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар болатынын да қаперге салып, қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбайдың бастап баратынын жеткізді.
Осы аптада еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыханов ирандық әріптесі Әли Ақбар Салехидің шақыруымен Теһранға жұмыс сапарымен барып, оның аясында Иранның жоғарғы басшылығымен кездесулер өткізетіні жоспарланып отырған көрінеді. Кездесулер барысында мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастар, өзекті аймақтық және халықаралық мәселелер қаралып, тараптар мүше болып отырған халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайту жайы да талқыланады, деді ресми өкіл. Алдағы сапар екі ел арасындағы саяси үнқатысудың нығаюына, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың одан әрі өрбуіне мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Турбьерн Ягландт та осы апта ішінде алғаш рет елімізге ресми сапармен келмек. Оның шеңберінде мәртебелі қонақтың Қазақстан басшылығымен жоспарланған кездесулері барысында еліміздің осы маңызды еуропалық құрылыммен ынтымақтастық мәселелері талқыланады.
Биыл Семей сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ядросыз әлем үшін атты форум өткізіледі. Екі бөлімнен тұратын форумның алғашқы күні 12 қазанда Астанада басталып, 13 қазанда Семейде жалғасады, деді ресми өкіл. Тәуелсіздік сарайында өтетін конференцияның тақырыптары арасында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарттың (ЯСЖТШ) дереу күшіне енуі бойынша жаһандық әрекеттерге қосымша серпін беру, Ядролық қару мен басқа да ядролық жарылғыш құралдарға арналған ыдырағыш материал өндірісіне тыйым салу жөніндегі шартты әзірлеу, ядролық қарудан бос аймақтар қағидаларын тиімді енгізу және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ядросыз әлемнің жалпы декларациясын қабылдау бойынша нақты ұсыныстар жасау көзделініп, соңында конференцияның қорытынды құжаты – Ядросыз әлем үшін Астана декларациясын қабылдау жоспарланып отырған көрінеді.
Форумға қатысу үшін бірқатар халықаралық ұйымдардың басшылары, ядролық қарусыздану саласындағы жетекші рөлдегі мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының лауазымды тұлғалары, қарусыздану және таратпау ісіне елеулі үлес қосқан немесе мемлекетіміздің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ядролық қарусыздануын жүзеге асыруға қатысқан ардагер саясаткерлер, сонымен қатар, әлем мемлекеттерінің үкіметтері мен парламенттерінің, ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығының, таратпау мен қарусыздану саласындағы беделді халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың, шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері шақырылған.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.