Б. Бекназаров «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысқаны үшін француз басшылығына ризашылығын білдірді және 21 маусымдағы осы елдің Ұлттық күнінің табысты өтуімен құттықтады.
Сенат Төрағасының орынбасары Франция Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптесі екенін атап өтті.
«Дипломатиялық қатынастар орнаған 25 жылда біз екіжақты қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне шығардық», – деді ол.
Парламентаралық диалогтың келешегі туралы пікір алмасу барысында екі мемлекеттің Парламенттерінде жұмыс істейтін ынтымақтастық топтардың қызметі жоғары бағаланды.
«Біздің еліміздің қоғамдық және саяси өміріне француз депутаттарының зор ықылас аударып отырғаны қуантады», – деді Б. Бекназаров. Ол сондай-ақ ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және НАТО парламенттік ассамблеялары аясында француз әріптестерімен байланысты дамытуға мүдделі екенін айтты.
Қазақстан Сенаты Төрағасының орынбасары біздің еліміз Парламенті жоғарғы Палатасының конституциялық міндеттері туралы француз делегациясын хабардар етті және еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың мазмұны туралы айтып берді.
Эрве Марсей энергетика және «жасыл» экономика саласындағы инновациялық шешімдерді әлемге таныстырған «ЭКСПО-2017» көрмесінің маңызды рөлін атап өтті.
Оның пікірінше, Қазақстан мен Францияның заң шығару органдары екі мемлекеттің өзара түсіністік пен ынтымақтастығын нығайтуға елеулі үлес қоса алады.