• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Маусым, 2017

Алматыда отандық суретшілердің көрмесі өтті

610 рет
көрсетілді

ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана» арт-галереясында Анар Әбжанова, Зейнелхан Мұхамеджан, Сержан Баширов, Оразбек Есенбаев, Хашим Кұрбанов, Арман Баймұратов сынды отандық үздік суретшілердің «Қазақстанның заманауи суретшілері» атты картиналар көрмесінің ашылуы болды.  

«Кітапхана» арт-галереясы мен Әуезхан Қодар атындағы зияткерлік клубының қазақстандық арт-қауымдастықтың туындыларын көпшілікке кеңінен таныстыру мақсатында өткізіп отырған көрмесіне тақырыбы, жанры және стилі сан алуан суретшілер буынының айрықша туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Отандық алты бірдей автордың кескіндеме, графика, кестеленген картина, сәндік-қолданбалы өнер сияқты дәстүрлі бейнелеу өнер түрлерімен қатар, инсталляция, сомдау сияқты жаңа түрлері де өнерсүйер қауымға таныстырылды. 

Қазақстандық бейнелеу өнерінің талантты өкілдерін тек елімізге ғана емес, әлемге де танытып, ауқымды арт-жобаларға қатыстыру мақсатында көптеген іс-шаралар атқарыла бастағанын айтқан «Кітапхана» арт-галереясының жетекшісі Дина Досполова: «Қазіргі уақытта тек бейнелеу ғана емес, басқа да өнер түрлеріне, сол өнер иелерінің ұлттық сипаттағы айрықша туындыларына деген көпшілік назарын халықаралық деңгейге көтеру арқылы мәдениетімізбен қатар, экономикамызды да көтере түсуге мүмкіндік бар», – деді. 

Көрмеге жиналған қауым назарына еліміздің бірқатар өңірлерінде жеке көрмелерін өткізген, туындылары Париждегі әйгілі Лувр мұражайының көрме залдарына қойылған жас суретші-пейзажист, әлемнің айтулы байқауларының жеңімпазы Анар Әбжанованың еңбектерімен қатар, кесте өнерінің сақталуы үшін көп еңбек сіңіріп, ілмекпен өрнектелетін ежелгі қазақ кестесінің негізінде жаңа өнер түрі саналатын «біз кестені» ойлап табушы Зейнелхан Мұхамеджанның да жұмыстарын тамашалады. Сондай-ақ, «Этно-авангард» деп аталатын өзіндік стиль иесі, суретші-зергер әрі мүсінші Сержан Баширивтың абстракционизм мен модерн бағытындағы ассиметриялық сызықтарды халық өнерінің табиғи түрімен үйлестіре отырып, өзінің сүйікті композициялық тәсілі – ағаштарды түрлі тәсілмен әрі қарама-қарсы фактурадағы күміс, тас, сүйектермен үйлестіре қолданған еңбектері де келушілердің ыстық ықыласына бөленді.

Жібек матаға шарлы қаламмен суре салатын авторлық техникасының арқасында танымал болған кескіндемеші Оразбек Есенбаевтың да қоршаған ортаның дәлме-дәл көшірмесін бере білу қабілеті, поэтикалық шығармашылығы ежелгі ұйғыр халқының сәндік асқабақтардан қуыршақ жасау өнерінен бастау алатын ұйғыр суретшісі Хашим Құрбанов кескіндемелері, мүсінші, дизайнер Арман Баймұратовтың шығармашылық нақышы, сипаты мен образдарының мазмұны жағынан көп қырлы, реализм мен абстракцияның тоғысуынан туындаған жұмыстары да көпшілікті тәнті етті.

Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»                                                  АЛМАТЫ