Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төралқасымен кездесті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
– Біз Қарулы Күштер ардагерлеріне ризамыз. Олардың арқасында әскердегі және әскерге шақырылушы жастарға патриоттық тәрбие беруге көптеген пайдалы жұмыстар атқарылды, – деп атап өтті. Қорғаныс министрі. – Ардагерлер бірлестігі шын мәнінде бізге Қарулы Күштерге белсенді көмек көрсете алатын күшке айналды.
Отанымызға жанқиярлықпен қызмет еткендер бүгінде Қазақстан армиясына офицерлер корпусының кәсібилігін арттыруға өз көмектерін көрсетіп келеді. Олар әскерге шақырылушы жастармен кездеседі, ата-аналармен бірге жастарды армия қатарына өздерінің конституциялық борышын өтеуге аттандырады, бұл, әрине, жақсы дәстүр.
Қарулы Күштер ардагерлері бүгінде сапта: жас азаматтарға өздері өмірде басшылыққа алған патриоттық идеяларын үйретуден жалықпайды. Олар жеңіл жол таңдаған жоқ, өз жолдастарын жолда қалдырмады, аспандағы жұлдызға қол созбады. Жұлдыздар олардың өздерін тапты, алғыс пен мақтауға ие болды. Болашақ Отан қорғаушылардың сөзімен айтқанда, Отанға шексіз қызмет етудің өнегесі болған ардагерлермен кездескен әрбір сәт олардың мәңгілік естерінде қалмақ.
Кездесу соңында қорғаныс ведомствосының басшысы Қазақстан армиясының запастағы және отставкадағы генералдары мен офицерлеріне белсенді патриоттық жұмыстары үшін алғыс айтты, сонымен бірге, «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастыру жағынан күшейіп, халықаралық салада өз қызметінің бағытын кеңейте түсуі қажеттігін атап өтті.