– Жақсылықты жар сала айту да жақсы емес, әрине. Десе де, сіздің бастамаңызбен қолға алынған игі істер елдің ықыласын оятып, алғысын алуда. Қаражаттан қысылып, қамыққан жандарға көптен бері қолұшын созып жүрсіз бе? – Алла жұмыр басты пендесін кедейлікпен де, байлықпен де сынайды ғой. Қолымызда бар дүние, алдымен Жаратқан берген несібеден, содан кейін ғана еңбегімізбен біткені анық. Сондықтан, айналамыздағы ағайынның қиналғанына көз жұма қарай алмаймыз. Жалпы, компанияның атынан 1995 жылдан бері қайырымдылық шараларына қатысудамыз. Сол кезден былтырға дейін көмекке жаратқан қаражатымыздың жалпы есебі 37 миллионға жетіпті. Әсіресе, жетім балаларға, қарттар үйіне, ардагерлерге көбірек жәрдемдестік. – Соңғы рет елордадағы ЭКСПО көрмесіне Жетісу жерінен 500 жеткіншекті әкелдіңіздер... – Иә, Астанада ұйымдастырылып отырған, бұл шараның маңызы зор. Сол себепті, мұны еліміздің әрбір тұрғыны тамашаласа, артықтық етпейді деп білемін. Алайда, көпшілігіміздің оған мүмкіндігіміз бола бермейтіні тағы рас. Осы орайда, тұрмысы төмен, көп балалы, материалдық жағынан аз қамтылған отбасы балаларына 500 билет алып бергенді жөн көрдік. Шара біткенше тағы да жүз шақты жеткіншекті жолпұлымен, тағам-сусындарымен, жатын орындарымен қамтып, елордаға әкелсек деген ойымыз бар. – Көпке шарапаты тиген өзге шаруаларыңыздан там-тұмдап айта кетсеңіз. – Биылдыққа 600-ге жуық отбасына азық-түлік пакеттерін ұсындық. Олардың қатарындағы мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне қажет протездерін сұратса, қаржылай жәрдемдесуді өтінгендерге керек сомаларын бердік. Бұдан бөлек, бокс, күрес, ережесіз жекпе-жек сынды спорт түрлерінен Қазақстан, Азия чемпиондарына демеушілік жасадық. Жұмысшыларымыздың әлеуметтік ахуалын да назардан тыс қалдырған емеспіз. Олардың уақытында емделуіне, мереке кездерінде сыйақы алуына, жалақыларын кешіктірмеуге барынша күш саламыз. Мемлекет қазынасына түсетін салығымызды да уақытынан кешіктірген емеспіз. Орайы келгенде мақтана салайын, осындай және өзге де қайырымдылық шараларымызды ескерсе керек, өткен жылы Алматы қаласы әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы филиалының ұсынысымен «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығын еншіледік. Басқа да көптеген Алғыс хаттармен марапатталғанымыз бар. Әрине, игілікті істерімізді марапат алайық деп істемейміз ғой, оны көптің бағасы, рахметі деп ұқтық. – Өндіріс – ел экономикасының негізгі тірегі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан осы саланы қолдау мақсатында бөлінетін қаражат та еселеп өскен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауларында да шағын және орта кәсіпкерлікті ілгерілету, дамыту мәселелері сөз болып, қаржыландыру ісін жүйелендіру тапсырылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы – сөзіміздің нақты дәлелі. Енді өзіңіз басқарып отырған ЖШС жайында білсек. – «MetallPromGroup» ЖШС осыдан сегіз жыл бұрын ірге қалаған. Компания бірнеше жыл бойы жоғары сапалы болат қорытып қана қоймай, отандық шикізатты пайдаланып, металл илеу нарығында өнімді жұмыс істеді. Бүгінде шаруамызды жолға қойып, профильді, шаршы және дөңгелек құбырлар, профильді төсем, бұрыштаушы краб, мырышталған тегіс жабын, сылақ торы сынды, әсіресе, құрылысқа қажет темір-терсектер өндіреміз. Әу баста он адамнан тұратын ұжым мүшелері қазіргі таңда 130-ға жетті. Олардың қатарында он бес ұлттың өкілі бар. Алғашқы жылдары ай сайын 500 тонна өнім өндіретін болсақ, қазір 3500 тоннаға жеткіздік бұл көрсеткішті. Өнімдерімізді Қазақстанның 13 қаласына жібереміз. Ал шет мемлекеттерден Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан республикаларына экспорттаймыз. Астанадағы ЭКСПО қалашығының құрылысына жараған металдардың біршамасы да біздің өнімдеріміз. Бүгінгі Қазақстанда бизнеске қолдау жоғары екені рас. Ерінбеген жан еселеп табыс табатынына күмәнім кем. Өйткені, Елбасымыз кәсіпкерліктің қай саласына да кеңінен жол ашып қойды. Бізге осы мүмкіндікті барынша пайдалану қажет. P.S. Сөз соңында айта кетер бір жайт, он төрт бала өсіріп, тәрбиелеп отырған Долкунтай Абдулхалил олардың үшеуін балалар үйінен асырап алған екен. Барлығын тең дәрежеде бағып-қағып, білім алуларына жағдай жасауда. Осы ісі де өзге қалталы жандарға айрықша үлгі болатын қасиет. Замандастарымыз сауапты шаруаны жалғай кетсе, қанекей!..
Әңгімелескен Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»