14 қаңтарда Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ресми тұсаукесері болып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұйымға қатысушы мемлекеттерге үндеуі оның басты оқиғасына айналды.
ЕҚЫҰ үшін бұрын-соңды мұндай оқиғаның болмағандығынан ғана емес, сонымен қатар, Қазақстан Президентінің Ұйымның жауапкершілік аймағындағы осы заманғы сынақтар мен қатерлерге жасалған талдауының тереңдігі және бүкіл қоғамдастық үшін стратегиялық іс-қимыл жоспары жөнінде шын мәніндегі тарихи бағдарламалық сөзі еліміздің Ұйым ішіндегі “қарым-қатынастар экологиясын” қалпына келтіруге, ЕҚЫҰ-ның белгілі бір дағдарысына соқтырған қасаңдықтар мен қате түсініктерді, сенімсіздіктер мен күмәнданушылықты өзгертуге деген берік ұмтылысын көрсетіп берді.
Қанат САУДАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі.
Қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілдері атап өткеніндей, Қазақстан көшбасшысының айрықша жігерлілігі мен мақсаткерлігі Ұйымды жаңартуға қуатты серпін беріп, оның жауапкершілігіндегі кеңістікте әріптестіктің жаңа кезеңін бастау үшін ұжымдық күш-жігердің перспективаларын туындатты.
Төрағалық етуші мемлекет Президентінің бүкіл әлем үшін күрделі кезеңдегі еліміздің халықаралық миссиясы бағдарламасының басымдықтары және ол миссияның қалай атқарылатыны баяндалған үндеуі Қазақстан өз миссиясына артып отырған жауапкершілік пен мән-маңызды тағы да атап көрсетті.
Еуропа Одағы атынан Испания делегациясының, Ресей, АҚШ, Норвегия, Түркия, Ватикан, Канада, Швейцария, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Беларусь, Армения, Литва, Грекия делегацияларының, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның азиялық және жерортатеңіздік әріптестерінің ресми мәлімдеулерінде Мемлекет басшысы ұсынған Ұйымның жүйелік проблемаларын еңсерудің және осынау бірегей институтты одан әрі дамытудың стратегиялық жоспарына қолдау білдірілді.
Біздің әріптестеріміз ЕҚЫҰ саммитін шақыру жөніндегі Н.Ә.Назарбаев бастамасының деркезділігін және өзектілігін, бұл саммит оның жауапкершілік өңіріндегі жаңа сынақтар мен қатерлерге тиісінше жауап беріп, Ұйымды бүгінгі нақтылыққа бейімдей алатынын айрықша атап өтті.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ресми тұсаукесері жаһандық ақпараттық кеңістіктің негізгі жаңалықтарының біріне айналып, зор үндестік туғызды. Assocіated Press, Agence France Presse, Reuters, BBC, Euronews секілді жетекші әлемдік ақпарат агенттіктері, сондай-ақ АҚШ-тың, Ресейдің, Ұлыбританияның, Францияның, Германияның, Испанияның, Австрияның және басқа елдердің негізгі БАҚ-тары өз материалдарын Қазақстан тақырыбына арнады. Олардың хабарларының негізгі мәні осы заманғы әлемде Қазақстанның және оның көшбасшысының әлдеқайда өсе түскен рөлін, алғашқы күннен бастап бүкіл алдағы миссиясына оптимизм берген біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан жоғары нәтижелер күтетінін мойындауға саятын еді.
* * *
Қазақстан Мемлекетінің басшысы “ЕҚЫҰ төрағалығы біздің елімізде тек сыртқы саяси табыс қана емес, жалпыұлттық ауқымдағы құндылық ретінде” қабылданатынын ерекше атап көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлы осынау тұжырымды тіркесте төрағалық етуге деген біздің бүкіл ұмтылысымызды және оның Қазақстан қоғамы мен мемлекеті үшін тарихи маңызын нақты бейнелеп берді.
2003 жылы осынау беделді халықаралық ұйымның саяси көшбасшылығын қабылдауға деген ұмтылысын жария еткен Қазақстан ЕҚЫҰ жауапкершілігіндегі бүкіл ауқымды кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі күш-жігерін жалғастыру әзірлігін көрсетті. Біздің мәлімдеуіміз сондай-ақ елдің болашақ дамуына қатысты Қазақстан қоғамындағы консенсусты танытып, қоғамды одан әрі демократияландыруды дәйектілікпен іске асыруға деген біздің құлшынысымызды бейнелеп берді.
Бұл осынау Ұйымның “қырғи-қабақ соғысты” туындатқан қасаңдықтарға қарағанда бір кем емес сіресіп қалған дәстүрлері мен практикасына қарсы болу ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның кемелдігіне, оның саяси және әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне сынақ та болды.
Бүгінде біз Қазақстанның осынау сыннан лайықты өткенін мақтанышпен айтамыз – 2007 жылғы желтоқсанда Мадридте ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық 56 мемлекет осынау Ұйымға 2010 жылғы біздің төрағалығымыз туралы тарихи шешімді бірауыздан қабылдады. Осылайша Қазақстан Республикасы әлемдегі аса ірі өңірлік құрылымға жетекшілік ететін “Венадан шығысқа қарай” алғашқы елге, түркі әлемінің алғашқы еліне, мұсылман халқы басым алғашқы елге айналды.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық заңды түрде бүкіл Қазақстан халқының тарихи жетістігі аталады, ол ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың басты тірегі және негізгі бенефициары бола отырып, өзінің ең жаңа саяси тарихында алғаш рет сүбелі халықаралық жариялылыққа және өз ұмтылысында қолдауға ие болды.
Мадрид шешімі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көрнекті көшбасшылығы мен тәуелсіздіктің аз ғана жылында елімізді әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамытудағы біздің халқымыздың табыстарын объективті мойындау және оларға берілген жоғары баға болды.
Біздің танымал жалпыұлттық көшбасшымыздың сарабдал да сындарлы ішкі және сыртқы саясатының арқасында Қазақстан бұрынғы Одақтың басқалар қатарлы бөлшегінен экономикалық жағынан күшті және серпінді дамып отырған демократиялық мемлекетке айналды.
Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен Қазақстанды Орталық Азияның экономикалық басым еліне айналдырған жан-жақты нарықтық өзгерістер жүргізіліп, тұрлаулы орта тап қалыптасты, осы заманғы мыңдаған өндірістер құрылып, еліміздің өзінің әсемдігі жағынан таңғажайып жаңа елордасы тұрғызылды.
Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық қатынастардың үйлесімді дамуының бірегей стратегиясы жүзеге асырылып, 130-дан астам этнос пен 40-тан астам конфессияның өкілдерін біріктіретін үлкен отбасында бейбітшілік пен тыныштық сенімді түрде сақталып отыр.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық – бұл Президент Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы белсенді де мақсатты қызметінің таңғажайып нәтижесі де.
ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттердің бірауызды қолдауы Қазақстанның және оның Тұңғыш Президентінің өңірлік те, сондай-ақ жаһандық та деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан сүбелі үлесін халықаралық қоғамдастықтың мойындайтынын көрсетіп берді.
Әлем Қазақстан көшбасшысының ядролық мұрадан бас тарту, әлемдегі ірілігі жағынан екінші Семей ядролық сынақ полигонын жабу және ядролық қарусыз мемлекет ретінде таратпау режіміне қосылу жөніндегі тарихи шешімін жоғары бағалады. Қазақстан орынды түрде қарусыздану және таратпау қағидаттары саласындағы жауапты саясаттың көрнекі үлгісі болып табылады.
Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ-ның өзі бастапқы үлгісі болған форумды – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің бастамашысы болып, оның құрылуын іске асырды. Бүгінде 10,5 трлн. доллардан астам жиынтық ІЖӨ-сі бар Азияның 20 көшбасшы мемлекетін біріктіретін АӨСШК қазірдің өзінде халықаралық қатынастардың нақты факторына айналып, Азия континентінде өзара ықпалдастық пен сенімге қол жеткізуге елеулі үлес қосып отыр. Болашақта нақ осы ЕҚЫҰ мен АӨСШК тұғырнамасында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің біртұтас трансконтиненталдық жүйесі қалыптастырылуы мүмкін.
Қазақстан Батысты Шығыспен жалғастыратын, түрлі мәдениеттер мен халықтарды жақындастыратын көпір рөлін тиімділікпен атқаруда. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бұған дейін өткізілген үш өкілетті съездері Қазақстанның жаһандық өркениетаралық үнқатысуға қосқан нақты үлесіне айналды.
Қазіргі таңда Еуразияның ұлан-байтақ кеңістігінде қауіпсіздік пен ынтымақтастық үшін сондайлық көп іс атқарған және атқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев секілді басқа адамды атау қиынға түсетіні анық.
Әділдік үшін мынаны айтқан жөн. Ұйымға қатысушы барлық мемлекеттердің біздің төрағалығымызға бірауызды қолдау білдіруінің басты факторы біздің Мемлекет басшысының зор халықаралық беделі, оның бейбітшілікті, қауіпсіздік пен дамуды қамтамасыз ету мақсатындағы ұзақ жылдарғы қажымас қызметі болды.
Біздің Президенттің бай саяси және өмірлік тәжірибесі, баурап алатын жарқын қасиеті, стратегиялық көрегендігі, сирек кездесетін ішкі күш-қуаты және қағидатшылдығы, асқан дипломатиялық шеберлігі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының баға жетпес активін құрайды.
Мемлекеттер және үкіметтер басшыларымен сенімге және өзара құрметке негізделген қарым-қатынас, саяси ұзақ жасаушылармен де, сол секілді жаңа формация көшбасшыларымен де біздің Президенттің бірдей деңгейде оңай тіл табысуы Қазақстанның сыртқы саяси табыстарының айқындаушы факторы болып табылады.
Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық экономика дағдарысын еңсеруге және әлемді дағдарыстан кейінгі құрылымдауға арналған тұжырымдамалық еңбектері оны осы заманғы экономикалық ойдың барынша көрнекті генераторлары қатарына шығарып отыр.
Бүгінде халықаралық саяси истеблишментте Н.Ә.Назарбаев еңбегіне қарай және орынды түрде шынайы әлемдік ауқымдағы көшбасшы ретінде қабылданады, мұның өзі Қазақстаннан айрықша, жоғары нәтижелер күтуді алдын ала айқындап береді.
Біздің еліміз ЕҚЫҰ төрағасының лауазымына беделді өңірлік держава, таратпау және өркениеттер арасындағы үнқатысудың жаһандық үдерістерінің танымал көшбасшысы, өзінің ең жаңа тарихында қандайда бір қақтығыстар мен сілкіністерге ұрынбаған посткеңестік кеңістіктің барынша тұрлаулы мемлекеті мәртебесінде кірісіп отыр.
Қазақстанның геосаяси рөлі салмақты экономикалық іргетасқа негізделеді, біз жаһандық энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етуде барған сайын өскелең рөл атқара отырып, жаңа энергетикалық держава ретінде сенімді түрде орнығудамыз. Қазақстанның әлемде алғашқылар қатарында барынша аз залалмен жаһандық экономикалық дағдарыстан тұрлаулы экономикалық өсу траекториясына шығуы біздің экономиканың және оның айтулы әлеуетінің қуатталуы болды.
* * *
Біз атқаратын миссиямызды бүкіл ЕҚЫҰ қоғамдастығының алдындағы зор жауапкершілік ретінде қабылдап, төрағалыққа Ұйым жауапкершілігінің кеңістігінде біртұтас та баршаны қамтитын қауіпсіздікті нығайтуға маңызды үлес қоссақ деген табандылықпен кірісіп отырмыз.
Біздің ниетіміз нақты істермен негізделген және Президент Н.Ә.Назарбаев өз үндеуінде назар аудартқанындай, “бүгінде ЕҚЫҰ алдындағы шешілуі тиіс ең өзекті түйіткілдер біздің еліміздің сыртқы саясатының күн тәртібінде әрдайым орын алуда”.
Шынында да, қазақстандық дипломатияның ерекше қасиеті ұлттық-мемлекеттік мүдделерді қорғауды жалпыөркениеттік дамудың өзекті міндеттерін шешумен ұштастыра жүргізу болып табылады. Бұл ретте біз Қазақстан секілді ірі мемлекет үшін жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің іс-әрекетіне қатысу оның ішкі дамуына қолайлы сыртқы ахуалды қалыптастыратын айрықша қажеттілік болып табылады дейтін түсінікті негізге аламыз.
Сондықтан Қазақстан төрағалығының басым міндеті “Венадан батыс жақта” және “шығысқа қарай” орналасқан елдер арасындағы сенбеушілікті еңсеру, ЕҚЫҰ-ға деген сенім мен құрметті арттыру болып табылады. Бұл Ұйым күн тәртібінің шешуші мәселелері бойынша перспективалық үнқатысудың сұлбасы айқындалып, “созылмалы” жанжалдарды реттеуде алғашқы оң ілгерілеулер белгілі болған, жекелеген елдер арасындағы қарым-қатынасқа “қайта салмақ түсіру” жүріп жатқан бүгінгі күнде айрықша өзекті болып отыр.
ЕҚЫҰ-ның саяси көшбасшысы ретінде біз сайып келгенде Ұйым кеңістігінде әріптестіктің жаңа дәуірін ұжымдық күш-жігер арқылы ашу үшін осынау оң үрдісті дамытпақпыз.
Бұған ең алдымен грек төрағалығы бастамашысы болған еуропалық қауіпсіздіктің болашағын талқылауды жатқызуға болады. “Корфу үдерісі” тұрғысында біз сондай-ақ Ресей Федерациясының Еуропалық қауіпсіздік туралы шартты әзірлеу жөніндегі ұсынысын қарастыруды қолдаймыз.
Прагматикалық ойлауды пайдалану, блоктық қарама-қарсы тұру идеологиясынан, енжарлықтан және бітпейтін өзара кінәмшілдік жүгінен бас тарту жағдайында, біз сондайлық қажетті алғашқы қадамдарды жасай алатынымызға сенімдімін.
“Венадан батыс жақта” және “шығысқа қарай” орналасқан елдер тең дәрежеде бізге сенетіні және Қазақстан мен оның көшбасшысының бүгінгі оппоненттердің ұстанымдарын жақындастыруға және ЕҚЫҰ-дағы өзара түсіністікті нығайтуға қабілеттілігіне сенетіндігі бізді жігерлендіреді.
Мұндай күтушілік посткеңестік кеңістікте “созылмалы” жанжалдарды реттеу жолдарын табуға қатысты да өзекті саналады. Біздің еліміздің қарсы тұрушы барлық мүдделі жақтармен сындарлы ынтымақтастығы, біздің ортақ тарихи өткеніміз бен менталитеттік жақындығымыз реттеу жолдарын іздестіру жөніндегі жемісті жұмыс үшін барлық қажетті алғышарттарды жасап берді. Мұнда жанжалдасушы елдердің халықтарында Н.Ә.Назарбаев, оның даналығы мен әділдігі ие болып отырған жоғары беделі мен сенімі біздің басты ресурсымыз болып табылады, олар ТМД аясында күрделі жанжалдарды шешуге талай рет көмектескен.
Орталық Азия мемлекеті ретінде біз ЕҚЫҰ қоғамдастығының жіті назарын Ауғанстанды сауықтыру проблемасына аудармай тұра алмаймыз, онсыз біздің өңірдің тұрақтылығы туралы ғана емес, сонымен бірге Ұйым жауапкершілігіндегі аймақтың қауіпсіздігі туралы да айту қиынға түседі.
Ауған халқына қоғамды қарулы қарсы тұрушылықтан жасампаздық арнасына көшіруге жәрдемдесу халықаралық коалиция елдерінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл біздің Ұйымның аса маңызды міндеті болуы тиіс деп санаймыз. Және оны шешуге Қазақстан лайықты үлес қосуда. Мәселен, біз елеулі гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз, осы жылдан бастап екі жақты үкіметаралық келісімді іске асыру басталады, ол бойынша біздің оқу орындарымызда 1000 ауғандық маман: агрономдар, мұғалімдер, дәрігерлер, құрылысшылар әзірленетін болады. Іс басындағы төраға ретінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның мүмкіндіктерін Ауғанстанды сауықтыру үшін толық пайдаланбақ.
Өз алауыздықтарын еңсеріп, бұдан 35 жыл бұрын Хельсинкидегідей ортақ жоғары мақсаттармен біріккен ЕҚЫҰ қоғамдастығы бүгінде қалыптасып жатқан жаңа әлемдік тәртіптің негізгі сұлбаларын бірлесіп жасауға қабілетті.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі бастамасының Ұйым үшін де, сол секілді оның әрбір қатысушы мемлекеті үшін де айрықша құндылығы осында болып табылады.
Қазақстан көшбасшысының ұсынысы – бұл қатысушы елдер үшін ЕҚЫҰ-ның Ванкуверден Владивостокқа дейінгі жауапкершілік аймағындағы ұлан-байтақ кеңістікте пайда болған жаңа сынақтар мен қатерлерге тиісінше жауап табуының, Ұйымды бүгінгі нақтылыққа бейімдеудің тарихи мүмкіндігі.
Бұл саяси ұстанымдардың жақындасуы ғана емес, ең алдымен ЕҚЫҰ ұлттарының өскелең бағалы топтасушылығы, Венаға қатысты географиялық орналасуы бойынша да, сол секілді түрлі елдер дамуындағы теңсіздіктер бойынша да оның кеңістігіндегі сегменттік тосқауылдарды еңсеруі.
Сонымен қатар, Екінші жаһандық соғыс аяқталуының 65 жылдығы, Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылуының 35 жылдығы, Париж хартиясының 20 жылдығы жаңа Еуропа үшін ЕҚЫҰ-ның бүгінгі рөлін байыпты талдауға және қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың кең тұрғысында оның болашағы туралы ойласуға жақсы себеп болады.
Афинада 2009 жылғы желтоқсанда ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесіндегі ресми қолдау және Қазақстан төрағалығының Венадағы табысты тұсаукесері жоғары деңгейдегі кездесуді ұйымдастыру жөніндегі нақты жұмысты бастап берді.
ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы жаңа сынақтарды ескере отырып, біздің Мемлекеттің басшысы әділ атап өткеніндей, жоғары деңгейдегі кездесудің күн тәртібі еуропалық қауіпсіздіктің болашақ жүйесі, Ауғанстанды сауықтыру және төзімділікті қамтамасыз ету секілді мәселелерге шоғырлана алар еді.
ЕҚЫҰ саммитін Қазақстан көшбасшысының төрағалығымен өткізу жалпыеуропалық және еуразиялық кеңістікте кооперативтік және біртұтас қауіпсіздіктің қағидаттарын одан әрі нығайтуға қуатты серпіліс беретініне сенімдімін.
* * *
ЕҚЫҰ саммитін өткізудің стратегиялық мақсатымен қатар қазақстандық төрағалыққа әлемдегі аса ірі көп қырлы құрылымды тиімді басқаруды жолға қою және Ұйым мақсаттарын оның қызметінің барлық үш өлшемінде ілгерілету жөніндегі күнделікті қажырлы жұмысты жүргізу қажет болады.
Төрағалық бағдарламасы сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі, төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгей конференциясы, ЕҚЫҰ ПА-ның трансазиялық парламенттік форумы және басқалары секілді ірі шараларын қоса алғанда 200-ден астам түрлі шаралар, сондай-ақ Іс басындағы төрағаның Ұйымға қатысушы елдердің көпшілігіне 30-дан астам сапарын өткізуді көздейді.
Мемлекет басшысының нұсқауларына сәйкес біз өз төрағалығымыздың аясында қазақстандық күн тәртібін нақтылы ілгерілету ниетіндеміз. Бұл шаралар таратпау және ядролық қарусыздану режімінің тиімді жұмыс істеуі жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне саяси қолдау білдіруді, еліміздің өскелең мүмкіндіктерін энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән бергізуді, сондай-ақ Арал теңізі мен Семей ядролық полигонындағы үлкен экологиялық апаттардың зиянды салдарын еңсеруге баса назар аударуды қамтиды.
Қойылған міндеттерді негізге ала отырып, Қазақстан бәрінен бұрын ЕҚЫҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін осы заманғы сынақтар мен қатерлерге әлдеқайда жедел әрі тиісінше ден қою ұмтылысына қажетті серпін береді.
Осыған байланысты әскери-саяси өлшемде біз лаңкесшілдікпен, экстремизммен, есірткі заттарының заңсыз айналымымен, ұйымдасқан қылмыспен, адам саудасымен күрес бойынша ЕҚЫҰ аясында ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылатын боламыз. Бұл бағыттағы негізгі шара ретінде біз Астанада Лаңкестікке жол бермеу жөнінде конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.
Афинада қабылданған таратпау жөніндегі министрлік декларацияға сәйкес әлемдік таратпау үдерісінің танымал көшбасшысы болып табылатын Қазақстан ядролық қарусыздану жөніндегі жаһандық күш-жігерге қолдау жасаудағы ЕҚЫҰ үлесін арттыру ниетінде.
Экономикалық-экологиялық өлшемде Қазақстан трансконтиненталдық транзит пен көлік дәліздерінің дамуын басымдық ретінде анықтады, мұның өзі барлық қатысушы мемлекеттердің мүдделеріне сай келіп қана қоймайды, сонымен бірге оны жаһандық дағдарысты еңсеру қисыны ұсынып отыр.
Бұл бағыттағы пікірталасқа осы жылдың шілдесінде “Дағдарыс сабақтары және жаһандық жағдайындағы экономикалық дамудың дағдарыстан кейінгі моделі” тақырыбымен өтетін ІІІ Астаналық экономикалық форум қосымша серпін беруі тиіс.
Біз сондай-ақ Афинада қабылданған министрлік шешімдеріне сәйкес көші-қон және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмысты жалғастырмақпыз.
Екінші өлшемде төтенше өзекті жұмыс саласы экологиялық қауіпсіздік болып табылады, мұнда біз экологиялық қатерлер мониторингі мен оларға ден қою жөніндегі ЕҚЫҰ кешенді жүйесінің негізін салу қажет деп есептейміз. Бұл тұрғыдан қазақстандық төрағалық Арал теңізінің проблематикасына айрықша назар аудара отырып, Ұйымның жауапкершілік аймағындағы өзекті экологиялық мәселелер бойынша Еуропа парламентінде тыңдау өткізбек.
Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың қамқоршылығы жағдайында Халықаралық Аралды құтқару қорымен, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық конференциясымен және Орталық Азия үшін алдын алу жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығымен ынтымақтастықта Арал бойынша арнаулы нәрлендіру конференциясы шақырылатын болады.
Осылайша Арал проблематикасы біздің Ұйымның жауапкершілік аймағындағы экологиялық проблемаларды шешудің референттік моделіне айналады.
Экологиялық қауіпсіздікті нығайтудағы Қазақстанның күш-жігері Орталық Азияның барлық елдері үшін Қазақстан төрағалығы “қосымша құнның” құндылығы тұрғысынан көрнекті болады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың өз үндеуінде “Қазақстан үшін Орталық Азияның тұрлаулы дамуы — аса маңызды басымдықтың бірі” деп атап көрсетуі кездейсоқ емес.
Біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның саяси көшбасшысы және Орталық Азиядағы халықаралық қоғамдастықтың шешуші әріптесі ретінде өзекті мәселелерді шешудегі оң серпіні мен өңірлік дамуға әкелетін нақты практикалық көмегі біздің өңірдегі барлық халықтардың игілігіне бүгін және болашақта ықпалды қызмет ететін болады.
Адами өлшем Ұйымның және біздің төрағалықтың күн тәртібіндегі шешуші тақырып болып қалады. Қазақстан Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ), Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың, БАҚ еркіндігі жөніндегі өкілдің офистері секілді ЕҚЫҰ институттарының қызметіне қолдау көрсетуді жалғастыратын болады.
Ұлтаралық және конфессияаралық жанжалдар, Еуропаның барынша сәтті делінетін елдерінде БАҚ-ты тиістілігінен кері пайдалануға байланысты дау-дамайлар төзімділікті, өзара құрмет пен өзара түсіністікті нығайту және ілгерілету мәселелері бүгінде қандайлық өмірлік маңызды болып табылатынын барынша айқын көрсетіп берді.
Сондықтан, өз елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтаудың әбден оңды тәжірибесіне ие болған біз ЕҚЫҰ кеңістігінде төзімділік пен мәдениетаралық үнқатысуды өз төрағалығымыздың аса маңызды басымдығы жасау және ЕҚЫҰ-ның бүкіл кеңістігінде гуманитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосу ниетіндеміз.
Астанада осы жылдың 29-30 маусымында ЕҚЫҰ-ның төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгей конференциясын өткізу осынау ізгі мақсатқа арналады.
Адам құқығымен және демократиямен тікелей байланысты гуманитарлық өлшемде заңның үстемдігі орталық құраушы міндеттеме болып табылады. Осыған байланысты біз сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға, сондай-ақ жеккөрушілік негіздегі қылмысқа жол бермеу, қозғалыс еркіндігі, ром мен синти жағдайы секілді және басқа мәселелерге айрықша көңіл бөлмекпіз.
Жыл сайынғы Варшава кеңесін, адамның, аз ұлттардың іргелі құқықтары мен еркіндіктерін сақтау, сайлау жөніндегі міндеттемелердің орындалуына шолуды өткізумен қатар, ЕҚЫҰ-ның Копенгаген құжатының 20 жылдығына арналған конференция да өткізілетін болады.
Біз сондай-ақ балалар саудасын даралай отырып, адам саудасымен күрес тетіктерін жетілдіруді жеке басымдық ретінде қарастырамыз, мұның өзі жаһандық ауқымға ие болып, трансұлттық қылмыстың бір бөлігіне айналды.
Гендерлік саясат мәселелерін ілгерілетудің маңызын ескере отырып, біз гендерлік тепе-теңдікті ілгерілету және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуы жөнінде кеңес өткізуді, ДИАҚБ-ның әйелдердің мемлекеттік құрылымдарға қатысуын ұлғайту жөніндегі бағдарламасына қосалқы демеуші болуды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ Ұйым көшбасшысы лауазымындағы өз қызметімізде қалыптасқан практикамен шектемейтінімізді атап өткім келеді, өйткені қазіргі әлемдегі ЕҚЫҰ реттеушілігі оның дәстүрлі тақырыптар бойынша жұмысына ғана емес, сонымен бірге жаңа сынақтарға жедел ден қоя білу қабілетіне де байланысты. Көптеген елдер осыған ұқсас ұстанымда болып отыр және бірқатар жаһандық мәселелерге жауаптар іздестіруді олар нақ ЕҚЫҰ тұрғысынан қарастырады. Осындай мәселелер қатарында Ұйымның барлық қатысушылары үшін бірдей өзекті болып отырған климаттың өзгеру проблематикасын атауға болар еді.
Басқа шешуші проблемалардан ЕҚЫҰ-ның жаһандық дағдарысты еңсеру проблемаларын талқылаудан сырт қалып қою жәйтін атап айтар едім. Ал енді дағдарыс халықаралық маңызы бар толып жатқан проблемаларды қай кездегіге қарағанда да жалаңаштап көрсетті.
Олардың қатарында әлемнің дағдарыстан кейінгі қалыптасуын айтуға болады. Мұнда қиындықтарды дербес еңсере алмайтын артта қалушы елдердің пайда болу қаупі бар. ХХ ғасырдың сабақтары бізді елдердің нақ осындай жіктелісінде жаңа қақтығыстық идеологияның, экстремизм мен реваншизмнің пайда болу қатерлерінің болатынына үйретеді. Тарихтың мұндай сабақтарын ұмытуға болмайды.
Тұтастай алғанда, қазақстандық төрағалықтың басымдықтары Президент Н.Ә.Назарбаев халықаралық аренадағы өз қызметінің алғашқы күндерінен бастап басшылыққа алған “жасампаздық көшбасшылық” философиясын толық мәнінде бейнелейді. Біздің бұл ұмтылыстарымызды қазақстандық төрағалықтың сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік тәрізді ұстанымы да дәлме-дәл танытады.
* * *
Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың маңызына қатысты біздің кейбір сыншыларымыз бен түңілушілерімізге жауап беріп, мынаны айтқым келеді: менің терең сенімім бойынша ЕҚЫҰ-дағы төрағалық біздің халқымыздың шын мәніндегі жұлдызды сағаты, Қазақстан тарихындағы кезеңдік оқиға болып табылады, ол ең сәтті деген жағдайда 55 жылдан кейін қайталануы мүмкін.
Мемлекет басшысы стратегиялық ұлттық басымдық ретінде белгілеген ЕҚЫҰ-ға төрағалық еліміздің ұлттық мүдделерін сыртқы алаңда іске асыру тұрғысынан да, сол секілді Қазақстан мемлекетін болашақта дамытуға өзінің ықпалы бойынша да ол маңызы жағынан бұрын-соңды болмаған оқиға болып табылады.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстан қоғамында бірлік пен патриотизм сезімін арттырып, елдің одан әрі демократиялық дамуының, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын өсірудің қуатты жеделдеткішіне айналды.
Бір нақты мысал келтірейін. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалығы тұрғысынан Мемлекет басшысы “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге бастама көтеріп, ол өзінің мәні жағынан осы заманғы қоғамның еуропалық тұрпатына бағдарлануды бейнелейді, біз оны өзіміздің – қазақстандық жолмен одан әрі жүру барысында ескеретін боламыз.
Өз төрағалығымыздың аясында ЕҚЫҰ қызметінде гуманитарлық бағытқа басым маңыз бере отырып, біз бұл үдерісті өз елімізде нық жақтайтындығымызды көрсетеміз.
Аса ірі өңірлік құрылымның төрағасы мәртебесі іскерлік және қоғамдық топтардың Қазақстанды өңірдегі тұрақтылықтың индикаторы ретінде оңды қабылдауын арттыратын мультипликативтік тиімділік береді, мұның өзі әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру мақсатына қол жеткізуге жәрдемдеседі.
Біз сондай-ақ Қазақстанға осы заманғы қоғамдардың барынша өзекті проблемаларын терең сараптамалық түсінуді, кешенді және күрделі саяси үдерістерді реттеудің, адами және кадр әлеуетін жақсартудың озық әдістерін әкелу туралы сөз қозғап отырмыз.
Саяси дивидендтер былай тұрғанда ЕҚЫҰ-ға төрағалық біздің халқымыздың мәдени және рухани құндылықтарын ілгерілету үшін бірегей мүмкіндік болып табылады.
Қазақстанның мәдени әлеуетінің саналуандылығы мен молдығы Қазақстанның оң имиджін ілгерілетудің қуатты бір құралы болуы тиіс, бұл имидж мәдениет пен өнердің әмбебап тілі ұлттық қатыстылығы мен сеніміне қарамастан әркімге қолжетімді болатын қоғамның жоғары даму деңгейін танытады.
ЕҚЫҰ-ға төраға ел лауазымы – бұл қосымша ресурс және Қазақстанның ұлттық мүдделері қауіпсіздікті, тұрақтылық пен ынтымақтастықты барынша нығайтуды талап ететін халықаралық саясат пен мемлекетаралық қатынастар саласында біздің стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізудің мүмкіндіктері.
ЕҚЫҰ Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік архитектурасының маңызды элементі болып табылады. Ұйымның қызметіне толық құқылы қатысу біздің еліміздің халықаралық беделін нығайту және Қазақстанды халықаралық координаттар жүйесінде жаңаша таныту үшін бірегей мүмкіндік береді.
Жауапкершілік аймағы Ванкуверден Владивостокқа дейін созылатын еуразиялық-атлантикалық ұйым бола отырып, ЕҚЫҰ біздің ұлттық мүдделерімізді халықаралық-құқықтық, әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық салаларда жаһандық деңгейде таратудың жария арнасына айналады. Бұл Қазақстанды жалпыеуропалық кеңістік пен континенталдық үдерістердің елеулі бөлігі етудің бұрын-соңды болмаған мүмкіндігі, осының нәтижесінде конъюнктуралық саяси тербелістерге деген біздің сыртқы саяси ұстанымымыздың тұрақтылығы өсе береді.
* * *
ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымына кірісе отырып, біз бүгінде жаңа Қазақстанда тұрып жатқанымызды мақтанышпен айта аламыз. Бұл оқиға халықаралық қоғамдастықтың біз қол жеткізген биіктерді объективті мойындауы ғана болып табылмайды, сонымен бірге алдымыздан тәуелсіз Қазақстанның сапалық жаңа даму кезеңін ашып береді.