Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы болып өтті. Онда экономиканы жаңғырту мәселелері, сондай-ақ Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына тікелей шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі ұлттық жоспар талқыланды.
Алдымен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сөз алып, жастар саясаты мәселелері бойынша еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы туралы баяндама жасады. «Ұсынылған жаңа заң жобасының мақсаты жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуына көмектесу, олардың мемлекет пен қоғам өміріне белсене қатысуына жағдай жасау болып табылады. Жастар саясаты туралы заңнамаға түзету енгізу мәселесі арнайы сайтта (www.zan.zhastar.kz) талқыланып, оған 1000-нан астам ұсыныстар келіп түсті. Заң жобасына бірқатар жаңалықтар енгізу ұсынылды. Мысалы, олардың ішінде студенттерді баспанамен қамтамасыз ету, білім алушылар үшін көлікте жеңілдікпен жүру, «Дарын» мемлекеттік сыйлығын заңнамалық тұрғыда бекіту және басқа да ұсыныстар бар, деді Б.Жұмағұлов.
Бұдан соң күн тәртібіне енгізілген «Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына тікелей шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі ұлттық жоспары» туралы баяндаманы Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жасады. Ол ел алдында экономиканы жедел индустрияландыру бойынша үлкен мақсаттар тұрғанын тағы бір мәрте қайталап өтіп, өнімділік мәселесі мен жаңа технологиялардың бүгінгі таңда алдыңғы кезекке шығып отырғандығын жеткізді. «Бұның барлығы еліміз жүргізіп отырған тікелей шетелдік инвестициялар тарту саясатында көрініс табады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырған 1,5 жылдың ішінде ТШИ бағытында нақты жағымды нәтижелерге қол жеткізе бастадық. 2010-2014 жылдарға арналған экспортты ынталандыру және арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, инвестициялар тарту бойынша салалық бағдарлама жасап шығарылды. Оны жүзеге асыру барысында шетелдік инвестор-елдердің ірі компанияларымен 200 инвестициялық бастама бойынша жұмыстар басталды. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен 20-дан астам халықаралық түрлі бизнес-форумдар ұйымдастырылды. Біз Елбасының тікелей тапсырмасымен Франция, Оңтүстік Корея, Қытай елдері компанияларымен жұмыс жүргізіп, байланыс орнаттық. Сондай-ақ Германия, Жапония және Таяу Шығыс елдерімен жұмысты белсендіре түсудеміз», деп атап өтті Әсет Исекешев.
Оның айтуынша, 2010 жылы 12 тілде қызмет көрсететін ұлттық инвестициялық веб-сайт қолданысқа енгізілген көрінеді. Мұндай 12 тілді интерфейс үздік шетелдік 10 сайттың бірі болып табылатын француздық сайтта ғана бар екен. Веб-сайтта Қазақстанда бизнес жүргізудің қыр-сыры, барлық қажетті мәлімет, тіпті коммуналдық төлемақы туралы да ақпарат табылады. Веб-сайт ашылғаннан кейінгі 8 ай ішінде оған елімізге инвестиция салуға байланысты 100-ден астам өтініш келіп түсіп, 48 мыңнан астам келушілер тіркеліпті.
«Инвестициялық заңнаманы жетілдіру мақсатында биыл арнайы экономикалық аймақ туралы жаңа заң қабылданды. Заңда инвестиция салушыға ұсынылатын жеңілдіктер пакетін кеңейту мен АЭА қатысушыларына рұқсат берілетін шаралар санын қысқарту қарастырылған. Жағымды тенденцияларды статистикалық мәліметтер де растап отыр. 2007-2009 жылы жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында әлемде тікелей шетелдік инвестициялар ағысы екі есеге азайған кезде, Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Мамандардың айтуынша, 2012 жылы әлемдік экономиканың жағдайы нашарламақ. Биылғы жылдың өзінде Қашағандағы жұмыстардың белсенді фазасына байланысты елге келетін ТШИ көлемінің азайғаны байқалады, сондықтан бізге күшімізді тиянақтап, қарқынымызды төмендетіп алмауымыз қажет. Сонымен қатар, елімізде бірінші рет өңдеуші өнеркәсіпке тартылған инвестиция көлемінің өсуі байқалды. Мысалы, металлургияға тартылған ТШИ 12%-ға артып, ал қара металлургияға екі есе ТШИ тартылды. Электр өндірісі мен электронды жабдықтар өндіруге салынған шетелдік салымдар 16%-ға артқан. Жалпы, Қазақстанға ТШИ үшін бәсекелес елдер негізінен ТМД елдері болып табылады. Еліміз тартылған инвестицияның ІЖӨ-ге және жан басына шаққандағы көлемі бойынша Ресейден кейінгі толассыз көшбасшы болып табылады.
Қазіргі таңда қалыптасып отырған экономикалық жағдайға байланысты ТШИ-ға деген тартыс кенеттен күшейді. ТМД елдерін қоспағанда агрессиялы инвестициялық саясатты Еуропа да жүргізе бастады. Сондықтан дәл қазір Қазақстан алдында екі маңызды міндет тұр. Біріншісі, шетелдік инвестицияларды белсенді тарту болса, екіншісі, олар үшін өзге елдермен бәсекелестікті табысты жүргізу. Жүргізілген зерттеулер Қазақстанның инвестициялық сыйымдылығының өсу әлеуеті жоғары екендігін көрсетеді. Сәйкесінше, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ел әлеуетін тиімді қолдану арқылы ТШИ-ды жылына 10 млрд. АҚШ долларына дейін өсіруге мүмкіндік бар. Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру – барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың еліміздің бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыру арқылы қол жеткізетін негізгі міндеті. Осы мақсатта Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына инвестиция тартудың ұлттық жоспары жасақталды, ол Үкімет қаулысымен бекітілетін болады. Жоспар 4-ке бөлінеді. Алғашқысы – стратегиялық инвестициялық жобаларға арнайы режім қолдану», деді Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі. Ә.Исекешев 1994-2004 жж. аралығында жұмыс істеген «Инвестициялар туралы» Заңның заңнамалық тұрақтылық нормасын қайтаруды ұсынды. «Ол сол кезеңде ынталандыру факторы ретінде қолданылды, алайда, индустрияландыру бойынша мемлекеттік бағдарламалардың болмағандығы себепті оны шикізат секторының инвесторлары игілігіне жаратты. ҮИИДБ міндеттерін есепке ала отырып, оны 10 жыл тек қана өңдеуші сектор инвесторларына қайтаруды ұсынамыз. Екінші бағыт виза алу тәртібін оңтайландыру болса, үшінші бағыты қазақстандық қызмет көрсетуді жақсарту, ал төртіншісі мақсатты индикаторларды бекіту болып табылады, деді ол. Бұл төрт бағыт бойынша Әсет Өрентайұлы толыққанды түсініктеме беріп өтті.
Селекторлық режімдегі отырыс барысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау аталмыш министрлік тиісті органдармен бірлесе индустрияландыру күнін өткізуге арналған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығын хабарлады. «Шараны «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өткізу жоспарланып отыр. Елбасының қатысуымен индустриялық жобаларды іске қосуға арналған бұл телекөпір шамамен үстіміздегі жылдың 9 желтоқсанына белгіленуде», – деді ол. Вице-министр аталған телекөпір барысында «Алтын сапа» және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы «Парыз» дәстүрлі сыйлықтары тапсырылатынын жеткізді. «Ал индустрияландыру картасына келсек, 2011 жылдың екінші жартыжылдығында 600 млрд. теңгеден астам қаржының 129 жобасы іске қосылады. Бүгінде 6 жоба іске қосылды, ал қалғандары алдағы 3 айдың ішінде тапсырылатын болады.
Бұдан соң Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишімбаев сөз алды. Ол баяндамасын статистика мәліметтерімен бастады. Вице-министрдің айтуынша, тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар 37%-ға төмендеген көрінеді. Осыған байланысты тұрғын үй жетіспеушілігі орын алып, баға өсімі байқалуда. Биылғы жылдың алғашқы жартысында өңірлер бойынша тұрғын үй бағасы 20-25%-ға жоғарылаған. Қ. Бишімбаев тұрғын үйдің бастапқы рыногында (жаңа үйлер) ұсыныстар жоқтығын, ал қайталама рыноктағы үйлер алыпсатарлық саудаға айналып отырғандығын айта кетті. «Осыған байланысты арнайы бағдарлама жобасын әзірледік. Алайда, оны Қазақстан өңірлері аясында тексеріп көру үшін 2011-2012 жылдары ілкі жоба ретінде іске асыруды ұсынамыз», – деді ол.
Бағдарлама жобасымен танысқан Үкімет басшысы оны ілкі жоба режімінде Астана және Шымкент қалаларында іске қосу керектігін құптады. «Меніңше, жоба бағдарлама болуға әлі жеткіліксіз. Сондықтан оны алдымен ілкі жоба ретінде бекітейік. Жобаны Астанада және тұрғындар көп қоныстанған өңірлер арасынан Шымкентте іске асыруды ұсынамын», – деді Премьер-Министр. Үкімет басшысы аталған аймақтарда жинақталған тәжірибеден кейін ел шеңберінде жүзеге асыру үшін оның нақты бағдарлама тұрғысында қарастырылатындығын жеткізді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.