Елдің шетінде, шекараның шегіндегі Ұлы батыр бабамыздың атымен аталатын ауданның өзінде ғана тәуелсіздіктің не бергеніне нақты дәйек келтірсем, уақыт араға өз өрнегін салғанын көреміз. Тәуелсіздіктің авторы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев десек, асыра айтқандық емес. 1990 жылдан бері аудандық ардагерлер және ақсақалдар кеңесін басқарып келемін. Тәуелсіздіктің әр күнін, әр жылын елімнің ортасында, халықтың арасында оның қиыншылығын бірге көтеріп, жеңісіне шаттанып, қияс кеткеніне өкініп жүрген адамдардың бірімін.
Әдетте қазақ, тәлім сөзін тәрбиемен байланыстыра айтады. Оның жөні бар. Өйткені, елдің болмысы, ұрпақтың өсіп-өніп, өркен жаюы солардың өмір сүрген заманының тәліміне байланысты. Ең алдымен Тәуелсіздіктің 20 жылында дүниеге жаңа көзқарастағы жаңа ұрпақ келді. Менің немерем Айдана Мақсатқызы Оразаева осы Тәуелсіздік күнімен түйдей құрдас.
Менен пікір сұрайтындар көбінесе бүгінгі ұрпаққа, жастарға қалай қарайсыз, деген сауал қояды. Мен бүгінгі жастар өз заманының адамы. Қашанда бұрынғы ұрпақ, кейінгі ұрпаққа риза емес пиғыл көрсететін бір үрдіс заманнан заманға ұласып келе жатқаны бар. Біздің жас кезімізде қариялар: «Ой, шірік немелер, біз сендердей кезімізде жауға шауып, жау түсіретінбіз. Ал сендер ерттеулі тұрған атқа мінбек түгілі, шөгіп жатқан түйеге ыршып міне алмайтын жасық, боркемік, босбелбеу болып өсіп жатырсыңдар», дейтін. Сөйтсек, олардың өмір сүрген дәуірі бөлек, біздің өмір сүрген дәуіріміз бөлек болыпты ғой.
Қазіргі қарттар деп жүргеніміз Мұқағалиша айтқанда: «Бәрін де көрдіңіздер, бәрін де бердіңіздер, бәріне сендіңіздер, бәріне көндіңіздер», – деген ұрпақтармыз. Балаларымыз, немерелеріміз, шөбелеріміз біз көргенді көрмей-ақ өссін деп тер төгіп, өмір сүрдік. Ұрпағымыз соған сай өсіп келеді. Қазір олар компьютер, интернетпен жұмыс істейді.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа Қазақстанның жаңа азаматтары өсіп-жетілді. Енді шөберелеріміз 2020-2030 жылдары заман дәл осындай тыныштықта болса, өркениетті елдердің қатарына баратынына күмән келтіруге болмас.
Ұлы батыр бабамыз Райымбектің атымен аталатын ауданда қазір 85 мыңдай халық тұрса, оның 22 мыңнан астамы жастар. Шекараның күзетінде тұрған халық болғандықтан жастарымыздың, әсіресе, мектеп оқушыларының Отанын сүюге, оны қорғауға әрқашанда дайын болуы – басты мәселе болып қала береді. Ежелден шекараның шебінде рухы жоғары халық тұратындықтан, оның үлкен мемлекеттік маңызы зор екендігі белгілі. Сондықтан да біз «еліміз аман, жұртымыз тыныш» деген ұранды сөзді алға тартамыз.
Сол елдің тыныштығын сақтауда бұрын да, бүгінге дейін өмірін сарп еткен аға буын өкілдері болған ғой. Солардың өмірі – өнеге. Тәуелсіздіктің екінші бір қыры – кешегі заманда аты өшуге айналған небір батырларымыз, әулие-әмбие, ғұлама данышпан, абыз бабаларымыздың рухы оянып, өмірге қайта оралды.
Біздің ауданда ғана 52 ескерткіш бар. Ұлы батыр бабамыз Райымбекке 3 жерден ескерткіш қойдық. Бірі жауға шауып бара жатқан Райымбек, екіншісі шекара күзетінде тұрған Райымбек, үшіншісі елінің болашағын көріп, болжап отырған Райымбек. Ұлы бабамыздың 300 жылдығын атап өттік, оған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, елдің мерейін көтерді.
Кезінде 1916 жылы атақты Қарқара жәрмеңкесінде «бала өлгенше, шал өлсін» деп албандар көтерілген жердегі Ереуіл-төбеге еңселі ескерткіш қойылды. Ел азаматтары бірігіп көтеріліс көсемдері Ұзаққа Сарыбастаудан, Жәмеңкеге Қақпақтан, Қазыбекке Текестен ескерткіш тұрғызды. Атақты Мұхаметжан Тынышбаев кезінде осы көтерілісте 35 мыңнан астам жергілікті халық қырылған деп жазған еді.
Ауданымызда көтерілісшілердің қаны тамбаған жер кемде-кем шығар, ескерткіштер басына әскер қатарына шақырылғандар барып, Отанына, Елбасына адалдығына ант береді. Отау құрған жас жұбайлар отбасының беріктігін сақтауға уәде етеді. Жаңа туған жас баланың азан шақырып атын қояды, тұсауын кеседі, мектепке баратын балалардың тілашарын жасайды. Осының бәрі айналып келгенде, рухани азық, ұлттық тәлім емес пе?! Ел-жұрт, халық бүгінгі күні «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды» деп, ризашылықпен ақ батасын жаудырып жүр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Алакөл ауданындағы Үшаралға бардым. Ұлы батыр бабамыз Қаракерей Қабанбайға байланысты жастар шеруіне қатыстым. Ауданда екі жүз Ерасыл атты адам бар екен (Қабанбайдың өз аты Ерасыл ғой). Аудан әкімі Ерасылдарды жинап Қаракерей Қабанбайдың, Димаш аға Қонаевтың ескерткіштері алдында аға ұрпаққа, Отанына, Елбасына адалдығына ант бергізді, арқа терің шымырлайды. Жастардың адал, ақ көңіліне тәнті болып қайттық.
Нарық байларды да, кедейлерді де жалғанның жарық дүниесіне екшеп шығара бастады. Қиын кезде нашарлар, жалғыз басты қарттар, көп балалы отбасылардың тіршілік қамы ел басқарушылар мен жанашыр ағайынды ойландыра бастады. Олар жеке мекемелерге, кәсіпкерлерге тіркелді. Ауданда «Кеусен» қоры құрылып, нашарларға ұн, шай, күріш, қант, картоп, олардың балаларына жылы киім беріліп, басқа да отын, көмір сияқты мұқтаждарынан шығарылды.
Қазір ауданда 43 мешіт бар. Бұрын бірде-бір мешіт жоқ аймақта осыншама мешіттің 20 жыл ішінде салынуының өзі көп нәрсені меңзейтіні анық. Әсіресе, Ораза айт, Құрбан айт кезінде әсірелеп айтсақ, «еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін» мешітке барады. Ешкім шақырмай-ақ оқушы балаларымыз жеті сайын жұма намазына қатысатын болды. Ол дегенің, Абай айтқандай, «Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас» екенін мойындау емес пе?! Мешіт жағалаған баланың иман, ізет, әдеп, адалдықты ту етіп ұстап, темекі, арақ-шарап, нашақорлықтан аулақ болатынын ұғынсақ, ұрпағымыздың адал, таза өсуіне үлкен өріс ашатыны белгілі.
Әйтсе де, дінге шөлдеп қалған халықты түрлі діни секталар сағалай, жағалай бастады. Кітаптарын, уағыздарын арқалап шет аймақ ауылдарды аралайтын болды. Жалаңашқа, Жамбылға, Нарынқолға сондай келімсектерді адамдарға жолатпай, қариялар қуып жіберіп жүрді. Тіпті, Қарқарада бір қарияны ақша беріп айналдырып «кришнайттар» өз дініне кіргізіпті. Оны естіген ақсақалдар әлгіні түртпектеп, тіпті, «торқалы той, топырақты өлімге» қатыстырмай, ақыры етегін кесіп, елден ысырып жіберді. Қазір ислам дінінің өзін неше саққа жүгіртіп, бөлшектеп, бірнеше ағымға бөліп, оның дініне «құрт» кіргізуге тырысушылар көбейіп барады. Олай болса, қазақтың ежелден келе жатқан діни ұстанымына дақ түсірмейтіндей шаралар жасалуы керек шығар. Бұл істе Қазақстан діни бірлестігі қарап отырмайтын болар дейміз, біз қариялар.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарды білу үшін мол түсінік, Елбасына деген үлкен сенім керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиыншылыққа зор шыдамдылық пен төзімділікті қарсы қойып, ел-жұрт болып бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қайсарлық көрсетті біздің халық. Мен осы бір елдік болмысымызды Елбасына жеделхат арқылы жеткіздім.
Ең шеткері жатқан біздің ел бұл күнде терезесі тең, есігі кең ел болып өркенін жайып, өрісін кеңейтті. Ғасыр құрылысы Мойнақ ГЭС-і биыл ел игілігіне беріледі. Бұл біздің өңірдің бағына, өркендеп өсуіне, болашағына жасалып жатқан кемел дүние.
Жеріміздің асты-үсті тұнған байлық. Ұлы Хан Тәңірі бар, Аспантаудың аясында тәуелсіздік туын биіктетіп жатқан халқымыз бақытты. Алла осы берген бақытын басынан алмасын деп тілейік, ағайын!
Совет ОРАЗАЕВ, Райымбек ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер және ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Алматы облысы,
Райымбек ауданы.