• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Маусым, 2017

Қайрат Әбдірахманов Венгрияның Сыртқы істер және сыртқы экономикалық байланыстар министрімен кездесті

260 рет
көрсетілді

Кеше еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Венгрияның Сыртқы істер және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Петер Сийяртомен кездесті.

Биыл Қазақстан мен Венгрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Қос мемлекет арасындағы әріптестік жылдан жылға дамып келеді. Бүгінде Мажарстан Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа алаңындағы сенімді серіктесіне айналып отыр. Бүгінде екі ел арасында Қазақстан-Венгрия стратегиялық кеңесі, экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссиясы, Іскерлік кеңес және Қазақстан-Венгрия бірлескен тікелей инвестициялық фонды жұмыс істейді.

Кездесу барысында Қайрат Әбдірахманов тараптар білім грантының санын арттыруға келіскенін мәлімдеді.

– Ынтымақтастығымыздың басым бағыттарының бірі – білім беру. Осы жылдың наурыз айындағы келісім жоғары оқу орындарындағы бірлескен білім грантын 45-тен 200-ге арттыруға мүмкіндік берді. Осы үшін венгриялық тарапқа алғысымыз шексіз. Бүгінде біз Қазақстан-Венгрия экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияның, Қазақстан-Венгрия іскерлік кеңесінің, сондай-ақ, Астанадағы мажарлық сауда үйінің әлеуетіне баса назар аударып отырмыз, – деді Қайрат Әбдірахманов.

Жиында сөз алған Петер Сийярто Венгрияның Орталық Азиямен ынтымақтастық орнатқысы келетінін мәлімдеді.

– Алдағы уақытта біз Орталық Еуропа мен Орталық Азия арасында тығыз ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Бұл байланыс екі өңірге де оң әсерін тигізеді деген ойдамыз, – деді Петер Сийярто.

Жиын барысында еліміздің Сыртқы істер министрі Сирияға байланысты 4-5 шілде күндері өтетін Астана процесінің V кезеңі жайлы мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық кепілгер елдер бұл жиынға қатысатындарын растаған. Астанаға Ресей Президентінің арнайы өкілі, Ресей Сыртқы істер министрінің арнайы өкілі, Түркия мен Иран сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары келеді. Бұлардан бөлек, Сирия үкіметі мен Сирия қарулы оппозициясының келер-келмесі әзірге белгісіз.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі Стаффенде Мистура мен Йордания делегациясы да Астанаға арнайы ат басын бұратынын мәлімдеді. Сонымен қатар, АҚШ та бақылаушы ретінде жоғары лауазымды тұлғасын жібереді, – деді Қайрат Әбдірахманов.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»