Жиынды ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Сенат депутаттығына тіркелген үміткерлердің соңғы тізімі айқындалғанын айта келе, сөзді ОСК сайлау процесін ұйымдастыру және ОСК мүшелерінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Мақсатхан Анапинге берді.
Оның дерегінше, Сенат депутаттығынан үміткерлердің қатары – 38. Атырау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында бір орынға – үш, ал Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстанда екі кандидаттан тіркеліпті.
– Сайлау науқаны еліміздің «Сайлау туралы» Заңына және Орталық сайлау комиссиясының қаулысында бекітілген Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес келеді. Дайындық барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері өңірлерге қызметтік сапармен барып, дауыс беру күніне әзірлік барысымен танысып қайтты. Сайлау науқанын ұйымдастырушылар мен қатысушыларға көмек ретінде әдістемелік құрылғылар әзірленіп, оның мәтіні Орталық сайлау комиссиясының сайтында жарияланды, – деді Мақсатхан Анапияұлы.
Биылғы Сенат депутаттарын сайлаудың ерекшелігі – таңдаушылардың электрондық тіркеуді де пайдалана алатындығы. Бұл жайында да таңдаушыларға толыққанды ақпарат берілген.
Бүгінде облыстық және Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссиялары халықаралық және жергілікті байқаушылардың тізімін алған. Оларды тіркеу журналдары да дайын тұр.
Мақсатхан Анапиннің айтуынша, дауыс беру пункттері талапқа сай жабдықталды. Дауыс беру жүргізілетін ғимараттарда өрт қауіпсіздігі шаралары қатаң сақталуына, жарықпен, сумен қамтамасыз етілуіне баса мән беріліп, сайлау бюллетеньдері қойылған нысандарға арнайы күзет ұйымдастырылған.
Сонымен, 28 маусымға тағайындалған Парламент Сенаты депутаттарын сайлауға дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат 10.00-де басталады. Барлық аумақтағы дауыс беру пункттері дауыс беруге бір сағат қалғанда ашылуға тиіс.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»