Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтің төрағалық етуімен 2011-2012 жылдары жылу беру маусымына қала шаруашылықтарының дайындығына арналған кеңес өтті. Энергокешен кәсіпорындары биылғы жылдың жөндеу жұмыстарын уақытылы бастап, белгіленген кесте бойынша жүргізіп келеді. «АлЭС», «Теплокоммунэнерго» сияқты энергия көздеріндегі жоспарлы жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеге сай жүзеге асуда. Жылу жүйелерін ретке келтіру жұмыстары жылу маусымы аяқталған кезде-ақ қолға алынған болатын. Ал, су құбырларын жөндеу де кестеге сай атқарылуда. Қазіргі кезде денсаулық сақтау нысандарының жылу беру маусымына дайындығы – 99, білім жүйелерінің дайындығы 95 пайызды құрайды.
Сондай-ақ, ЖЭО-1-ді табиғи газға көшіру аяқталып қалды. Биыл жеке секторды газбен толық қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алатау, Медеу және Бостандық аудандарына газ желілері тартылуда. Кеңесте Ахметжан Есімов бірқатар тапсырмалар берді. Аудан әкімдіктері ПИК-термен біріге отырып, әр тұрғын үйдің қысқы маусымға дайындығын анықтаулары тиіс. Бұдан өзге, олар коммуналдық қызмет қарыздарын жоюды қамтамасыз етуге де міндетті. Білім және денсаулық сақтау басқармалары аудан әкімдерімен бірге емдеу және білім беру орындарын қысқы маусымға дайындап, автономды жылу көздерін отын резервтерімен толық қамтамасыз етулері қажет. «ҚазТрансГаз» қаланы қажетті мөлшерде табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ететін болсын», деді қала әкімі.
Бақыт БАЛҒАРИНА,
Алматы.