Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінде «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында белгілеп берген міндеттерді іске асыру мақсатында және әлеуметтік-экономикалық дамудағы макроэкономикалық көрсеткіштердің 2011 жылға арналған нақтыланған болжамы негізінде әзірленді.
2011 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 4 439,3 миллиард теңге көлемінде немесе түзетілген бюджетпен салыстырғанда 183,3 миллиард теңгеге өсуімен айқындалды.
2011 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары түзетілген бюджетпен салыстырғанда 217,9 миллиард теңгеге ұлғайтылып, 5 170,22 миллиард теңге сомасында көзделіп отыр.
Ағымдағы жылғы ақпанда нақтыланған бюджетпен салыстырғанда бюджет тапшылығының 34,6 миллиард теңгеге ұлғаюы бюджет қаражатының қосымша көзі болып табылады. Бюджет тапшылығының жалпы көлемі 730,4 миллиард теңге сомасында айқындалып, ІЖӨ-нің 2,8 пайызын құрады.
Отырыста Қаржы министрі Б.Жәмішев, Экономикалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетов сөз сөйлеп, депутаттардың сауалдарына жауап берді.