Отырысқа БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО), БҰҰ Сауда және даму конференциясы (ЮНКТАД), БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП), Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), Стандарттау бойынша халықаралық ұйым (ИСО), БҰҰ Климаттың өзгеруі бойынша конвенциясы (РКИК) және ДСҰ−ға мүше барлық мемлекеттердің өкілдері қатысты.
Кеңесті аша отырып, Ж.Айтжанова осы жылдың желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін 11-ші ДСҰ министрлік конференцияның қорытынды кұжаттарын зерделеу мақсатында сауда және қоршаған орта арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың маңызына тоқтала келе, қатысушыларды ашық және белсенді пікірталасқа шақырды.
Отырыс барысында ДСҰ Хатшылығы өкілінің ДСҰ алаңында өткен келіссөздер жайлы баяндамасы тыңдалды. Жүргізілген келіссөздердің негізгі мақсаты балықтардың белгілі түрлерін аулауға бөлінетін қаражатқа тыйым салу жайлы көпжақты келісімдерге келу болып табылады. Шамадан тыс балық аулауға және балық аулаудың деңгейін арттыратын, заңсыз, тіркелмеген және реттелмеген балық аулауға бөлінетін қаражатқа тыйым салынады деп күтілуде. Бұл келіссөздердің ДСҰ мүшелері арасында белсенді талқыланып жатқаны және олардың сәтті аяқталуы ДСҰ министрлік конференциясының ең маңызды нәтижелерінің бірі болатыны атап өтілді.
Сонымен қатар, Австралия өкілі экологиялық тауарлар жайлы плюриратералдық келісімге қол қою бойынша келіссөздер үдерісі туралы қысқаша баяндама жасады. Келісім әкелінген тауарларға және жабдықтарға қатысты кедендік баждарды жоюға бағытталған. Бұл, өз кезегінде, шағын және орта бизнес субъектілерінің «жасыл» технологияларға қолжетімділігін жақсартады және жаңартылған энергия көздері аясындағы жобаларды дамытуға қосымша ықпал етеді.
Кездесу барысында ФАО өкілі Ұйымның заңсыз, тіркелмеген және реттелмейтін балық аулауға қарсы күрес туралы жобаларымен таныстырды. Заңсыз балық аулау мәселесін қадағалауды жедел қолға алу қажеттілігі ДСҰ мүшелерінің бірқатар делегациялары тарапынан қолдау тапты және олар осы өндіріске балық аулаудың 30%-ы немесе 10-23 млрд АҚШ доллары тиесілі екенін көлденең тартты.
Отырыста тағы бір маңызды мәселе – Париж климат келісімін жүзеге асыру үдерісі қаралды. РКИК өкілі отырысқа қатысушыларды климат бойынша жалғасып жатқан халықаралық талқылау барысымен таныстырып өтті. Бүгінгі таңда 148 ел Париж келісімін ратификациялады, ендігі басты міндет оны іске асыру жөніндегі жұмыс бағдарламасын пысықтау болып табылады.
Осы сегмент аясында Корея Республикасы, Жаңа Зеландия және Перу өкілдері Париж келісімінде көрсетілген міндеттерге қол жеткізу мақсатында ортақ жоспарларын ұсынды.
Қазақстан делегациясы отырысқа қатысушыларды Париж келісімін іске асыру бойынша өз бастамаларымен таныстырып, Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ЭКСПО-2017 көрмесі өтіп жатқанынан хабардар етті. Сондай-ақ, делегация мүшелері ЭКСПО-2017 шеңберінде «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» атты министрлік конференциясы өтіп, онда «Жасыл» технологиялар мен инвестициялардың халықаралық орталығын Астанада ашу туралы шешім қабылданғаны туралы ақпаратты да қатысушыларға жеткізді.
ДСҰ-ның Сауда және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитетінің кезекті отырысы қараша айына жоспарланып отыр.
«Егемен-ақпарат»