Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен болған Парламент Сенаты бюросының отырысында Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары комитеттер мен Сенат аппаратына берілді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Отырыста Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша негізгі комитет болып белгіленді.
Ал Заңнама және құқықтық мәселелер және Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеттері тиісінше «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша негізгі комитеттер болып белгіленді.
Бюро отырысында сондай-ақ биылғы 6 қазанда болатын Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі туралы ұсыныстар да қаралды. Алдағы жалпы отырыста «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау жоспарланды. Ал «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің жобасы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымда қаралатын болды.