• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2017

Тұсауын тәуелсіздік кескен «Отарқа»

931 рет
көрсетілді

Аты елең еткізердей етіп қойылған Екібастұздың «Отарқа» қалалық газетінің жа­рық­қа шыға бастағанына биыл 25 жыл толды. Егемендігімізбен рухтас басылымның өмір­ге келуі де оңай бола қойған жоқ. Алғашқы бас редакторы Аманкелді Қаңтарбаев аға­­мыз өзіндік ізін салып, ғұмырлық аманат етіп кеткен «Отарқа» бүгінде биік тұ­ғыр­да, еңселі.

Газеттің мерейтойына арналған шара қаладағы «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде өтті. Қала әкімдігі, ішкі саясат бөлімі газеттің мерейтойына жақсы дайындықпен келіпті. Әкімнің орынбасары Ерлан Мыр­забеков: «Отарқа» – Тәуелсіздіктің жаршысы. Екібастұздықтардың рухын оятып, рухани тұрғыдан байытты. Аманкелді ағамыз салған сара жолын бүгінгі тілшілер, редакция ұжымы жалғастыруда» деген жақсы тілек айтты. Облыстық «Са­ры­арқа самалы» газетінің редакторы Нұрбол Жайықбаев әріп­тес­те­ріне шығармашылық шабыт тіледі. «Отарқа» газетін Аманкелді ағамыздан кейін 2006 жыл­дан бастап 9 жыл басқарған жур­­на­лист Жассерік Сәдуақасовты «Қа­ла ал­дында сіңірген еңбегі үшін» бел­гі­сі­мен марапатталды.

– «Отарқа» мен Аманкелді аға мен үшін егіз ұғым. Ағаны қатты сағы­нып жүрміз, – деп ағынан жарылды Жас­се­рік Сәдуақасов.

Сондай-ақ, газеттің қазіргі редакторы Жанаргүл Қадырова Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамының «Қазақ тілінің ж­ана­шыры» төсбелгісіне ие болды.

– «Отарқа» өз оқырмандарымен бірге Екібастұзда Наурыз мейрамының қай­та оралуына, қазақ балабақшалары мен мектептерінің көбеюіне, қала көшелерінің қазақылануына үлес қосты. Әлі де рухани жаңғыру саласын­да бірге қыз­мет жасаймыз, – деді Жанаргүл әріп­тесіміз.

Ме­рей­тойға арналған салтанатты жиын­да басылымның ең бірінші басшы­сы болған Аманкелді Қаңтарбаев аға­мыз­дың жа­ры Мәктай апай айтқандай, марқұм әріптесіміздің қазақ тілінде газет ашу үшін бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған еді. Сонда да қайсар мінезді журналист алған бетінен қайтпайды.

Ол уақытта аудандық «Алға-Вперед» газеті қазақ және орыс тілдерінде шығады. Мақалалар орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылады. Ақыры, қолына қалам алып, Өзбекәлі Жәнібеков ағамызға хат жазады. Аманкелді ағамыз негізін салған, Тәуелсіздік тұсауын кес­кен «Отарқа» 1992 жылдың 1 қаңтарында осылай өмірге келді.

Газеттің №1 санында Амангелді Қаң­тарбаевтың «Ағайынға арнау сөз» де­ген мақаласы, жазушы Қалмұқан Иса­баевтың «Өткір бол, «Отарқа!» деген тілегі жарияланды. Газетке «Отар­қа» деген ерекше атауды көмірлі, дү­бір­лі, басқан жері кенге толы болған соң ба, екібастұздық ғалым Серік Жақ­сыбаев ағамыз ұсынса керек. Кен иге­ріп, лаулай жанған өндірісті дала­ның рухани өміріне де от берсін деген болар. Сол-ақ екен, қазақ газетінің жеке шаңырақ көтергенін қолдап, ауыл-аудандардан Қай­нылқаят Еңсебаева, Рая Нұрова, Рухия Дәлелова, Еркеш Мұсабаева, Күланда Сүйрікбаева сынды тілшілер жан-жақтан үн қосты.

Қазіргі күні өңірдегі рухани өмірдің тыныс-тіршілігіне қаламымен қан жүгіртіп жүрген Жассерік Сәдуақас, Сая Молдайып, Рауза Мұсабаева, Анар Қабдолла, Әсем Жүніс, Дария Ерғазина, Гүлсана Медеубай, Жанар Қадырова, Айнұр Мейрамова сынды журналис­тер алдыңғы буынның мектебінен өтіп, қабырғаларын қатайтқан-ды. Бас­­қа да әріптестеріміздің баршасы ба­сылымның беделін биіктетіп, оқыр­ма­­нын арттыру үшін үлестерін қосып ке­леді.

Ширек ғасырлық белесті бағын­дыр­ған басылымның мерейтойында «Атамұра» орталығының, музыка мек­тебінің өнерпаздары өнер көрсетті. Өңір­дің аудан-қалаларынан жиналған жур­налистер арасында дойбы, шахмат және тоғызқұмалақтан жарыстар өткізілді. Тарихи-өлкетану музейінде «От қаланың жылнамасы – «Отарқа» атты көрме ашылды.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы, Екібастұз қаласы

Суреттерде: Марқұм Аманкелді Қаңтарбаев; бүгінгі редакция