Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен мөлтек сұхбат
– Бокстан өтіп жатқан әлем чемпионаты бел ортасына келді. Біздің боксшылардың жекпе-жектері туралы не айтар едіңіз?
– Алдымен басынан бастап айтайын. Бізге жеребенің ең қиыны Біржан Жақыпқа түсті. Ол кезінде Куба боксшысын ұтқан болатын. Бірақ, Кубаның аты Куба ғой. Ол жерде бокс жақсы дамыған. Куба – әлемдегі бокс жақсы дамыған державалардың бірі. Бостандық елінің боксшысын Біржан бір рет жеңсе де оны оңай қарсылас деуге болмайды. Кезінде кубалықтармен Ермахан Ыбырайымов, Нұржан Сманов, Болат Жұмәділов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев кездескен. Біржан кубалықпен екінші, үшінші рет жолы түйіссе, жақсы болар ма деп ойлаймын. Осы чемпионатта Біржан бар мүмкіндігін беріп қойды. Ұлттық құраманың бапкерлері оған үміт артқан еді. Біз ол тек жолдама емес, жүлде ала ма деп ойлағанбыз. Өмір деген осы. Әр нәрсенің сүйініші мен күйініші болады.
– Жігіттердің мүмкіндігі қандай деп ойлайсыз? Кімнің алтын, күміс, қола медальге үміті бар? Ниязымбетов, Сужанов, Елеусінов чемпионатқа алғаш рет қатысып отыр. Олардың жүлдеге ілігуге мүмкіндігі бар ма?
– Бәрі екінші, үшінші кездесулерінен кейін ашылады. Сол кезде кімнің қандай мүмкіндігі бар екені көрінеді. Боксшыларымыздан үміт күтеміз, әрине. Бәрі жақсы дайындықпен келді. Әсіресе, Дычко туралы айтсам, оның осыдан екі-үш жыл бұрын салмағы 97 кило болатын. Қазір 104 кило. Екі жылда есейді. Бойы мен салмағы сәйкес келіп тұр. Оның да жүлдеге дәмесі бар. Басқа не айтайын, бәрін шаршы алаң көрсетеді ғой.