Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық жастар мен студенттердің «Біз – еліміздің болашағымыз» атты форумы аясында балалар ұйымдары мен қоғамдық қозғалысының көшбасшыларының І облыстық слеті өткізілді. Оны өткізудегі мақсат балаларды ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтарға сәйкес жеке тұлға етіп тәрбиелеу, олардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Слетке қала және аудан мектептерінен үздік оқитын, 300-ден астам оқушы, балалар ұйымдарының жетекшілері, аға тәлімгерлер, жас көшбасшылар қатысты.
Содан кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы саябақта «Біз – еліміздің болашағымыз» атты жастар мен студенттердің облыстық форумы өткізілді. Мұнда «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасына қатысушыларды марапаттау болды. Марапаттау рәсіміне «Жасыл ел», студенттік құрылыс және педагогикалық жасақтарының, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасының 4000 үздіктері қатысты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов форумға қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол марафон-эстафетаға қатысушылардың қыруар жұмыстар жасағанын тілге тиек етті. Марафон-эстафетаға, студенттік құрылыс жасақтарына биыл 92 мың жас қатысты. Бұл оның алдындағы жылға қарағанда, олардың қатары 22 мың жасқа көбейгенін көрсетеді. Олар 400 елді мекенді көріктендіріп, көгалдандырып, күл-қоқыстан тазартқан. Нақтылап айтқанда, 300 саябақ, 1000 көшелер мен аллеялар, 200 әлеуметтік нысандар тазартылып, тәртіпке келтірілген, 20 мың тонна қоқыс шығарылған. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов марафон-эстафетада, «Жасыл ел» және студенттік құрылыс жасақтарында жақсы жұмыс істеген үздіктерге, жасақ командирлеріне 55 жеңіл автокөліктің кілтін тапсырды. Аудандардың қай-қайсысы да жеңіл көліктен құр қалмады. Соның ішінде бұл бағыттағы жұмысты жақсы ұйымдастырған Мұғалжар ауданының төрт білім мекемесі автокөлікке ие болды. Бұдан басқа 1200 жасқа ноутбук, 2500 сарбазға Астана қаласында демалып қайтуға жолдама табыс етілді. Өңір басшысы марафон-эстафетаның алдағы жылы да жалғасатынын, алайда, жастардың тұрғын үй құрылысын салуға, газ және су құбырларын жүргізуге тартылатынын жеткізді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.