Жер, су атаулары біздің тарихымыздың айғағы. Өткеннің ізі сайрап жатқан жеріміз талай заманның жаңғырығын осы атаулар арқылы бізге жеткізгені анық. Бүгінде егемен ел болып, қабырғамыз қатайған кезде сол жоғымызды іздей бастадық. Дәлірек айтқанда, ел болып ата-бабамыздан қалған тарихи топонимикамызды қайта қалпына келтіру ісіне кірістік.
Біздің облыста да елді мекендердің аттарына байланысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде, көше аттарын қазақыландыруда бірсыпыра жұмыс атқарылып жатыр. Бұл игі шара өңірімізде тіл басқармасы құрылғалы нақты қолға алынды. Облыс көлемінде 2004 жылдан бері 95 нысанның (ауылдар, ауылдық округтер, мектептер, балабақшалар, темір жол стансалары, су қоймасы және т.б.) атауы өзгертіліп, жаңа атаулар берілді. Бұл істе Астана-Көкшетау бағытындағы мемлекеттік маңызы бар автожол бойындағы топонимдерге баса назар аударылуда. Соның нәтижесінде Көкшетау қаласын елордамен байланыстыратын 18 елді мекеннің 11-і тарихи атауын иеленді. Қалған елді мекендер атауларының өзгеруі уақыт еншісінде, қазіргі кезде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Атаулары өзгертілген нысандарға халқымыздың белгілі тұлғаларының есімдері берілді, олардың арасында Бөгенбай би, Үмбетей жырау, Балуан Шолақ, Есмағамбет Ысмайылов, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Мәди Хасенов және басқалары бар. Сондай-ақ елді мекендерге өзінің тарихи атаулары қайтарылуда, мәселен Трудовое – Ақтас, Придорожное – Ақбұлақ, Богдановка – Алакөл, Красноводское – Айнакөл, тағы басқа болып жүрекке жылы үндесті.
Ал ежелгі, тарихи атаулары табылмаған елді мекендерге қазіргі заманға лайық, сол елді мекеннің географиялық ерекшелігіне, жер бедеріне сәйкес атаулар берілуде. Атап айтсақ, Зеренді ауданындағы Водопьяновка – Ақадыр, Подлесное – Бәйтерек, Бурабай ауданындағы Климовка – Атамекен, Аршалы ауданындағы Нововладимировка – Бұлақсай болып қайта аталды.
Біз Елбасының «Отаршыл заманды еске салып, халықтың намысына тиетін атауларды да, тілдің төл заңдылықтарын, табиғи үйлесімділігін бұзып тұрған атауларды да өзгерту керек!» деген сөзін басшылыққа алып, ономастика саласында көптеген семинар-кеңестер өткізуді дәстүрге айналдырып отырмыз. Аталмыш шараға облыс аумағындағы ауылдық округ әкімдерін жинап, заң тетіктерін түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізуге бағытталған практикалық сабақтар өткізудің нәтижесі де жоқ емес.
2004-2010 жылдар аралығында Целиноград ауданы – 15, Ерейментау ауданы – 14, Аршалы ауданы – 13, Ақкөл ауданы – 12, Бұланды, Зеренді аудандары – 10-нан, Бурабай ауданы – 9, Еңбекшілдер ауданы – 5, Шортанды ауданы – 4 нысанды қайта атаса, Астрахан, Сандықтау және Егіндікөл аудандары бір-бір елді мекенге тарихи атауларын қайтарды.
Басқарма тарапынан жыл сайын облыс аумағындағы ономастикалық жұмыстарға сараптама жасалып, әрбір жылдың басында аудан басшыларына талдау қорытындылары көрсетіліп, хат жолданады. Бұл мәселеге қырын қарайтын аудан басшылары тіл мәселелері жөнінде өткізілетін қорытынды кеңесте сынға алынады.
Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы облыстық тіл саясаты және ономастика комиссиясы 2006 жылғы 19 қазанда өткен кезекті отырысында Ақмола облыстық филармониясына халық ақыны Үкілі Ыбырайдың есімін беру туралы шешім қабылдаған болатын.
2007 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы Ақмола облыстық филармониясына халық ақыны Үкілі Ыбырайдың есімі берілсін деген ұйғарым жасады. Алайда, осы уақытқа дейін аталмыш мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауында жатыр. Биыл халқымыздың белгілі әнші-сазгері, халық музыкасының алыбы Үкілі Ыбырайдың туғанына 150 жыл толып отыр. Осы ұсынысты 4 жыл бұрын қолдаған ел зиялылары, ардагерлер мәселенің шешімін бізден сұрайды. Бізде мардымды жауап жоқ, жоқ болатыны жоғарыдан нақты шешім жоқ. Айтайын дегенім, жергілікті жерлерден жолданған ұсыныстар дер кезінде оңтайлы шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Осы сияқты 2006-2007 жылдары жолданған Ақмола облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақ есімін, Бұланды ауданындағы Карамышевка орта мектебіне Қайыржан Ескендіровтің есімін, Целиноград ауданы, Жалғызқұдық ауылындағы орта мектепке белгілі қайраткер Рақымжан Дүйсенбаевтың есімін беру, Ерейментау ауданы, Күншалған ауылындағы Ленин орта мектебін Күншалған орта мектебі деп қайта атау туралы мәселелер де әлі күнге шешімін таппай отыр. Биылғы жылы оншақты мектеп пен балабақшаны қайта атау туралы ұсынысты тағы жолдадық.
Тағы бір өзекті мәселе – отаршылдық кезеңі мен тоталитарлық замандағы қалпында қалып қойған гидроним, яғни су объектілері мен оронимдердің (тау,қырат, шоқы) атауларын қазіргі заман талабына сәйкестендіру. Физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атау туралы нақты шешімді жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша Мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысымен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Алайда, жергілікті өкілді және атқарушы органдар қандай негізге сүйеніп шешім шығарады? Жалпылама халыққа ортақ өзендер, көлдер, таулар мен шоқыларды қайта атау жөнінде ұсынысты кімдер немесе қандай орган береді? Ономастика саласындағы заңнамаларда осы және осыған ұқсас сұрақтарға жауап беретін тетіктер қарастырылмаған.
Ұлттық ономастиканы дамыту олардың нормативтік құқықтық қамтамасыз етілуімен тікелей байланысты екені сөзсіз. Қазіргі кезде ономастикалық жұмыстың нормативтік құқықтық базасы «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Заңы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, темір жол стансаларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің тәртібі» және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасына» негізделеді. Алайда, осы аталған заңнамалар еліміздегі ономастиканың өзекті мәселелерін түбегейлі шеше алмай отырғаны жасырын емес. Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңды алайық. Аталмыш заңға бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілгенімен, осыдан 17 жыл бұрын бекітілген заңның негізі сол қалпында қалып отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы қаулысы да осы тақылеттес. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы жағдаймен қазіргі жағдай бірдей емес. Ал, аталған заңнамалар тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында дайындалып, бекітілген нормативтік құжаттар.
Үкіметтің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасы» да өз қызметінің шегіне жетті деп айтуға болады. Сөздің тоқетері, ономастика саласындағы түйткілді мәселелердің шешімін табуға оң ықпал ететін, осы салада мол тәжірибе жинаған елдердің үлгісіне сүйеніп дайындалған «Қазақстан Республикасының ономастика туралы» жаңа заңы қажет.
Ономастиканың құрамдас бөлігі болып саналатын көше атауларын ретке келтіру де басқарманың назарынан тыс қалған емес. Елбасының тікелей бақылауындағы «электронды үкімет» ақпараттық бағдарламасын енгізіп, толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екені сөзсіз.
Осы бағыттағы біздің сала бойынша басты міндеттердің бірі – «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін ұйымдастыру. Үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы ғана 308 көше қазіргі заман талабына сай қайта аталды.
Басты назардағы мәселенің бірі – көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың ахуалын қадағалау мен реттеу.
Көрнекі ақпаратты, барлық жарнамалық өнімдерді тіл заңдылығына сәйкестендіру мақсатындағы жұмыс тиісті нәтижесін беруде. Облыс орталығының көрнекі ақпараттарындағы заңның орындалу барысына тоқсан сайын зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Былтыр 127 сауда орыны мен кәсіпорынның маңдайшалары мен жарнамаларының мәтіндері тексеріліп, орын алған заңбұзушылықтар негізінде сауда орындары мен мекемелердің басшыларына ескерту жасалды. Осының нәтижесінде Көкшетау қаласында 56 жарнама алынып тасталып, 71 жарнама мәтіні қайта жазылды.
Тіл басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес, қараша айында «Қала келбеті – 2010» бақылау рейдін ұйымдастырдық, оған БАҚ өкілдері және «Нұр Отан» ХДП «Жастар қанаты» тартылды. Қорытындысында 200-ден аса маңдайша жазбалары мен жарнамаға түзету амалдарын жүргіздік.
Бұл шара жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, 2009 жылғы тексеріс барысында 158 сауда орны мен кәсіпорын басшыларына жазбаша ескерту жасалып, бір ай ішінде орын алған заңбұзушылықтар қалпына келтірілді. Сондай-ақ, Көкшетау қаласының прокуратурасы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің 50 басшысының атына прокурорлық ықпал ету шарасын жасап, оларға заңды түсіндіру кесімі қолданылды.
Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасының жарнамаларға қатысты атқарған көлемді жұмыстары мен бұл мәселені жіті бақылауда ұстауының нәтижесінде облыс аумағындағы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың сапасы мен сауаттылығы жылдан-жылға жақсарып келеді. Әлі де атқарылар жұмыс, алынар асу жетерлік.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы.
Көкшетау.