• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2017

Абыройдың асқақтығын ойлайық

394 рет
көрсетілді

Қазақ елі ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесіне жан-жақты дайындық жасағанын жұртшылық жақсы біледі. Елбасының өзі әу бастан-ақ әзірлік шараларын қатаң қадағалауға алды. Ал Үкімет көр­меге дайындық мәселесін күн тәр­­тібінен түсірген жоқ.

ЭКСПО аума­ғындағы құрылыс жұмыс­тарының да қарқынды жүргізілгені есімізде. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы мен жауапты министрліктер, Астана қаласы­ның әкімдігі көрмеге келушілерге жағдай жасау жөнінде бір емес, бірнеше мәрте алқалы жиын өткізіп, ұсақ-түйек саналатын мәселелердің өзін қалдырмай тыңғылықты пысықтаған еді. 

Иә, әзірлік тап-тұйнақтай жүргі­зілді. Өйткені, халықаралық көрмені ойдағыдай өткізу тәуелсіз қазақ жұрты үшін асқақ абырой ғана емес, сонымен бірге, үлкен сын.

Ауылдағы ағайын да бас қалаға қарай құлағын түріп, көрменің тезірек басталуын асыға күтіп жүрді. Тіпті, Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ас­тана­дағы ағайын-туыстары мен бауыр­ларына хабарласып, билетке алдын ала тапсырыс бергендерді де білеміз. «Көрмеден қалып қоймайық» деген қарекеттің қамы ғой. «Елордаға барған кезде соншама адам топырлап қайда қонамыз, күні бұрын пәтер жал­дайсыңдар ма, қайтесіңдер?» деген­ді де құлақ естіді. Әйтеуір, ауыл­да­ғылардың бәрін ойластырып, ала­шап­қын болғаны белгілі. 

 Атам қазақ дұрыс айтады ғой, «Тойдың болғанынан боладысы қызық». Осылайша абыр-сабыры көп болған халықаралық көрменің салтанатты түрде ашылғанына да бір айға жуық болып қалды. Шет елдер мен алыс-жақыннан көрмені көруге келіп жатқан туристер мен қонақтардың қарасы көп. Олар алдағы күндері де толас таппасы анық. 

Әйтсе де, халықаралық көрме бары­сында Қазақ елінің дархан көңілі мен қонақжайлылығына дақ түсіріп, кір келтіретін келеңсіздіктердің де кездесіп жатқаны көңілге кірбің ұялатады. 

 Дәл маусым айының алдында Астананың бір сәтте қымбат қалаға айналып шыға келгені қалай? Әсіресе, жалға берілетін пәтерлердің құны аспандап кетті. Маусым айының алдында сол жағалаудан барлық жағдайы бар бір бөлмелі пәтерді бір айға 80-85 мың теңгеге шекесінен шертіп жүріп, таңдап, жалға алуға мүмкіндік болған еді. Қазір мұндай баға жоқ. Бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 120 мың теңгенің үстіне шарықтап шыға келді. Онда да табылса жақсы. Табылмаса, үш-төрт күн күтуіңізге тура келеді. 

Бірнеше жылжымайтын мүлік агенттігіне хабарласқанымызда, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, бәрінің алдымен айтатыны: «Қандай көлемдегі қаражатқа іздеп жүрсіз пәтерді?». Және де қанша адам тұратынын, шетелдік пе, жоқ әлде, қазақстандық па, соның бәрін тәптіштеп тұрып сұрап алады. Сөйтсек, шетелдік қонақтар үшін баға тіпті жоғары болып шықты. Қалай болғанда да, алыпсатарлардың ашкөздігі көрме қонақтарының көңіліне кірбің түсірмесіне кім кепіл? Жаныңды жабырқататын осындай жағдайлар арқылы туристерді шошытып алмасақ жарар еді.

Қазақстандықтарды қойшы, олар түсінеді ғой» деп өзімізді өзіміз жұбатармыз-ау, ал Астанаға алғаш келген шетелдік қонақтар қандай ойда болатынына пысқырмағанымыз ба сонда? Билік тармақтарының осыны бақылауға алып, тиісті шара қолдануға шамасы жоқ па? Әлде, ЭКСПО арқылы баюды көздегендер «Барлық ақшаны осы көрме кезінде жинап аламын» деп ойлай ма екен? Бұл не деген ашкөзділік? Қонақжай қазақ елі қонақтарды құшақ жая қарсы алып, барлық жағдайды жасаумен бірге олардың көңіліне ерекше көңіл күй сыйлап, Қазақстанға ертеңгі күні қайта оралуын ойлауымыз керек емес пе! Өйткені, туристерді көбірек тарту арқылы елімізге қаржы-қаражат құйылады, Қазақстанды шетелдіктер қазірден де көбірек білетін болады. Оның үстіне, өмір ЭКСПО-мен бітіп қалмайды ғой. Ертең де күн бар. Осыны неге ойламаймыз?

Жалға берілетін пәтерлер өз алдына, сонымен бірге, бір айдың шамасы болып қалды, Астанада азық-түлік пен жеке такси жүргізушілер қызметінің құны да аспандап шыға келді. Бәрі де ЭКСПО арқылы екі-үш ай болса да табыс тауып, байығысы келе ме, қалай? Сарапшылар осылай түсіндіріп жатыр. Қазір әуежайдан Астананың қонақүйлеріне дейін такси жүргізушілері 4 000 теңгеден жоғары ақша сұрайды. ЭКСПО басталғанға дейін әуежайдан Астананың шағын аудандарына жолаушыларды жеткізу 2 000 теңгенің айналасында еді. Енді екі есеге жуық көтерілуіне не себеп болды екен?..

Ғалым Омархан,  «Егемен Қазақстан»