Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойлы жылын өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Оның жұмысына Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойлы жылын бүкілхалықтық көтеріңкі ынтамен, мерекелік көңіл-күймен өткізу қажеттігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жылдың басында атап көрсеткен еді. 2011 жылғы Жолдауында да ол Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Ал 2011 жылдың 28 қаңтарында болған мерейтойды өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында Президент: «Тәуелсіздік – бұл біздің басты байлығымыз, баға жеткізгісіз жетістігіміз. Жас елдің тарихындағы жаңа дәуір шынтуайтында өзінің бастауын Тәуелсіздіктен алады. Сондықтан Тәуелсіздік мерейтойы айрықша мәнге ие. Біздің алдымызда бұл жылды жоғары ұйымдастыру және идеологиялық деңгейде өткізу міндеті тұр», деген еді.
Президенттің тапсырмасына орай Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өткізу жөніндегі тұжырымдама мен іс-шаралар жоспары белгіленген болатын. Жыл бойы осы шаралар іске асырылып келеді. Соның ішінде «Нұр Отан» ХДП, Қазақстанның азаматтық альянсы желілері бойынша ондаған акциялар өткізілді. Әсіресе, «Нұр Отан» ХДП белсенділігі биыл арта түсуі керек деген мақсат алға тартылып, «Менің табысым – Отанымның табысы», «Елдік үшін, ел үшін», «Ел қазынасы» және т.б. акциялар өткізу ұйғарылған. Соның ішінде партияның «Жас Отан» жастар қанатының белсенділігімен «Ерлік даңқы өшпейді», «Дипломмен – ауылға», «Тәуелсіздік құрдастары» және т.б. ірі шаралар өткізу жоспарланған еді. Жалпы, мерейтойлық жылды «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты ұранмен өткізу белгіленген.
Сонымен бірге, мерейтойлы жылдың шараларын өткізуге азаматтық қоғам институттары кеңінен тартылды. Олардың қатысуымен еліміздің барлық өңірлерін қамтыған іс-шаралар қарастырылған еді. Қазір олардың бәрі ұйымшылдықпен іске асырылуда. Әсіресе, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясы халықтың зор ынталы қолдауына ие болды. Бұдан басқа да 30-ға жуық мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу көзделген.
Кешегі отырыста Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев осы іс-шаралардың орындалу барысы жөнінде қысқаша хабарлама жасады. Тоғыз ай бойына елімізде қыруар жұмыстар атқарылды. Астанада және барлық өңірлерде мыңнан астам іс-шаралар мен түрлі деңгейдегі жұмыстар жүзеге асты. Бұларды өткізуде жастар, ғылым және шаруашылық өкілдері, экономиканың өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы секторлары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қозғалыстар белсенділікпен атсалысты. Бір сөзбен айтқанда, мерекелі жылға арналған іс-шаралар жалпыхалықтық сипат алды, деді Мемлекеттік хатшы. Одан әрі Қанат Бекмырзаұлы Қазақстанның қол жеткізген ірі табыстарының қайнар көзі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы дана да көреген басшылығының арқасы екендігі жасалған іс-шаралар барысында айқын көрінгенін тілге тиек етті. Мерейтойлық жылдың өне бойында еліміздің барлық өңірлеріндегі отандастарымыздың хал-ахуалының жақсаруына, тұрмыс сапасының артуына барлық жағдайлар жасалды, деді ол.
Комиссия отырысында мерейтойлық іс-шаралар жоспарының 9 айдағы орындалу барысы тыңдалып, талқыланды. Сонымен қатар, жоспарда қарастырылған қалған іс-шараларды жыл аяғына дейін ұйымшылдықпен әрі мазмұндылықпен өткізу үшін нақты тапсырмалар берілді.
Отырысты қорытындылай келе, Қанат Саудабаев комиссия мүшелерін өткізілетін іс-шаралардың белсенділік қарқынын төмендетпеуге және желтоқсан айында Елбасының қатысуымен өтетін ең басты мерекелік шараның мазмұнды, жарқын және жарасымды болуына үлес қосуға шақырды.
Жақсыбай САМРАТ.