Қазіргі таңда еліміздің бітімгерлік бастамаларының тұтас тарихы қалыптасып отыр. Бұл тарих Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде орын алған Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ жанжалын реттеудегі араағайындық қызметінен бастау алады. Содан бергі аралықта Қазақстанның бітімгерлік іс-қимылы жандана түсті. Еліміздің жүргізіп келе жатқан саясаты Президент тарапынан нақтыланатынын ескере сөйлесек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік бағытындағы ізгілікті ұстанымдары өзгерген жоқ. Бұл өз кезегінде Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты мақсаты мен мүддесі ешқашан өзгермейтінін, осы орайдағы күш-жігері алдағы уақытта тек бейбіт әлем құруға жұмсала беретінін айқындайды. Халықаралық қарым-қатынастар жүйесіндегі әрбір қадамымызды сөз еткенде еліміздің бітімгершілік миссиясын салқынқандылықпен, сауаттылықпен атқарып келе жатқанын атап өтуіміз керек. Бұл бір жағынан еліміздің жаһандық түйткілдерді шешуде мол тәжірибе жинақтағанын, өзінің миссиясын орындауда бұра тартпай, әділдікке жүгінетінін аңғартады. Сондықтан да болар, қазіргі таңда АҚШ, Ресей, Франция және басқа да алпауыт мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ, халықаралық беделді ұйымдардың жетекшілері аса күрделі, жаһандық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселелерде Қазақстан тарапының араағайындық жасауын қалайтындықтарын білдіріп келеді. Мәселен, АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обаманың 2014 жылы Қазақстан басшысына бірнеше рет телефон соғып, АҚШ-Ресей қарым-қатынасын реттеп, орын алған күрделі мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етуін өтінгенін, сондай-ақ, оның Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайға байланысты сан мәрте хабарласып, Елбасына ондағы түйткілдерді реттеуге үлес қосуын сұрағанын атап өтуге болады. Содан кейін көп өтпей, яғни сол жылдың желтоқсан айында Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд Украина дағдарысын реттеу ісіне байланысты Қазақстанға келіп Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімелескен соң, әуелгі бағытын өзгертіп, қайтар жолында Мәскеуге соғып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескені талайдың есінде. Әрине, мұның барлығы Елбасының бітімгерлік рөлінің зор екенін ұқтырады. Сонымен қатар, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресейлік бомбалаушы ұшақтың атып түсірілуіне байланысты туындаған Түркия-Ресей жанжалының тез арада басылуына сіңірген еңбегі ерекше. Егер бұл кикілжің ұзаққа созылып немесе басқа да күрделі жағдайларға ұласып кетер болса, екі жаққа да оңай тимесі анық еді. Дегенмен, олардың бағына орай іске Президент Н.Ә.Назарбаев кірісіп, Түркия-Ресей қарым-қатынастары қалпына келді. Бұл да еліміз бен Елбасымыздың халықаралық аренадағы беделін одан әрі биіктете түсті. Иә, мұндай дәнекерлік деректері Елбасының қызметі жолында баршылық. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің қуаты жағынан әлемде төртінші орында тұрған ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартуын, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты кереғар көзқарастарды бір-біріне жақындатып, негізгі түйткілдің шешілуіне Астана келіссөздері өзіндік зор ықпалын тигізгенін бүгінде мақтанышпен айтуға болады. Тағы бір айта кетер жайт, Елбасының салиқалы саясаты арқасында еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Осынау беделді ұйымға мүше болуымызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қоғамдастық алдындағы жоғары беделі мен бітімгершілік бастамалары тікелей әсер еткені анық. Соңғы кездері Сирия дағдарысына қатысты келіссөздерді жүргізуге Астана алаңы таңдалды. Бейтарап Астанада өткен аталған келіссөздер «Астана процесі» деген атаумен тарихқа жазылуда. Бүгінде оның Астанада 5 раунды өтті. Осы Астана кездесуіне қатысушылар алғаш рет Сирия ұлттық бірліктің мемлекеті болып қалуы тиіс екенін қуаттады. Иә, бүгінде көптеген мемлекет басшылары аймақтық немесе әлемдік өзекті мәселелерді шұғыл шешуде Елбасына жүгінетіні, елімізді араағайындыққа шақыратыны дәстүрге айналып отыр. Мұның барлығы ел мерейінің биіктегенін білдіретін фактор болса керек.
•
13 Шілде, 2017
Мәмілегер елдің мәртебесі
486 рет
көрсетілді
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан өзінің сыртқы саяси ерік-жігерін жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін күрделі саяси кикілжіңдерді реттеуге жұмсап келеді. Бүгінде еліміздің бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарын әлемдік қоғамдастық ашық мойындайды.