Әрине, тұтынушы сапалы сүтті қалайды. Осылай деп саңқ еткізгенімізбен, оның астарындағы пәлсапаны білмесең, ағарғанның табиғатын түсінбесең сапа дейтін ұғымның кең шеңберіне бойлай алмайды екенбіз. «Сүттің тарихы адамзат тарихымен сабақтас, – дейді Целиноград ауданындағы «Родина агрофирмасы» ЖШС бас директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Иван Сауэр. Ғұламалар жаратылыстың өзін сүтпен байланыстыратыны тегін емес. Оның құрамында екі жүзден астам пайдалы қоспа бар. Яғни, кез келген жастағы организмнің өсіп-жетілуі мен дамуына қажетті заттардың бәрі табылады. Ол денсаулықты нығайтумен қатар, кеселдің алдын алу мен қорғаныштық міндетті де атқарады. Мәселе оны өндіре білуде, қастерлі қасиетін сақтай білуде». Міне, осындай ойдың адамдарының қолынан шыққан өнім сапалы болмай қайтсін.
Қазіргі таңдағы ең жоғары өндірістік баға – «Алтын сапа». Родиналықтар 2006 жылғы республикалық бірінші байқауға қатысып жеңімпаз атанса, 2010 жылы да мерейлері үстем болып, екінші рет алтын медаль және кубокпен марапатталды. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің «Қараөткел-2010» көрмесінің қорытындысымен «Алтын белгі» медалі мен дипломына да ие болды. Салалық министрліктердің, тұтынушылар мен әріптестердің алғыс хаттары қаншама. Бұл жай ғана көрсеткіш емес, баршамыздың басты мақсатымыз саналатын сұраныстың өскендігі, маңдай тердің ақталғандығы, еңбектің жанғандығы, жалпыхалықтық мойындау, алғыс-рахмет деп, тоқтаусыз толғануға тұрарлық бағам. Басты тұтынушы – талғамы биік Астана тұрғындарының ниет-тілектерінен таратып, нақтырақ сөйлелік. Агрофирма соңғы үш жылда елорда дастарқанына 4000-нан 5200 тонна аралығында, ал 2011 жылдың алты айында 2500 тонна сүт өнімдерін жеткізіп отырған. Мұның барлығы бас қаланың 200-ден астам дүкенінде сатылып, 50 мектеп пен балалар бақшасының, 10 денсаулық сақтау мекемесінің игілігіне жаратылыпты. Астананың азық түлік белдеуін толықтыру, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы мерейлі жүктің жауапкершілігіне адалдықты аңғарамыз бұдан. Облыс орталығы мен аудандар тұрғындары да родиналықтарға абырой, табыс тілеп отыратыны сүйінішті.
Сапа дегеніңіз осы. Шаруашылыққа 2010 жылы голштин тұқымды ірі қара өсіруге бағытталған асыл тұқымды зауыт мәртебесі берілген. Заманалық жабдықтар орнатылған цехта сүт өнімдерінің жеті түрі шығарылады. Бұлардың барлығы СТ РК ИСО 9001-2009 сапа менеджменті жүйесімен сертификатталған. Азықтық тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі СТ РК ИСО 22000-2006 және СТ РК 1733-2007 сертификаттары талаптарына сай сүтті 120 сағат, ал айран, қаймақ, сары май, сыр, ірімшік пен сүзбені 7 тәулік бойы алаңсыз сақтай аласыз. Сапа менеджментінің халықаралық негіздерге сай келуі шаруашылықтың әлемдік деңгейдегі өнім шығаруына мүмкіндік ашып отыр. Айналып келгенде, жоғарыда аталған сертификаттар жиынтығы барлық өндірістік және басқару процесін халықаралық ISO 9001:2008 стандарттары талабында жүргізуге кепілдік береді.
Астана қаласынан 70 шақырымдағы шаруашылық күн сайын негізгі тұтынушыларының дастарқанына 15-17 тонна сүт өнімдерін жеткізіп жүр. Ой жүгіртсек, «сүт бұлағы» дейтіндей деңгей. Бірақ, бұл сұраныстың 50 пайызы ғана екен. Осы жетпей жатқанның өзі дұрыс па деп қаласың кейде. Өйткені, «Родина» қазір іргелі ізденістер, ұлан-ғайыр өзгерістер құшағында. Былайша айтқанда, замана талабындағы жоспар, жобалар тетігі тезірек айналуда.
Серіктестікте 2007 жылы қанатқақты жоба негізінде сүт-мал шаруашылығы кешені құрылып, жаңа 20 жұмыс орны ашылды. Осы жылы Канададан 752 бас голштин-фриз тұқымды ірі қара сатып алынды. Қазір оның саны 2500 басқа жетіп, асыл тұқымды зауыттағы әр сиырдан алынатын өнім 7200 литрге жеткен. Түбінде шаруашылықтағы барлық мал осы тектес сиырлардан құралатын болады. Селекциялық сұрыптау жұмыстары, малды өз төлі есебінен өсіру қадамдары бұл мақсаттың орындалатынына шәк келтірмейтіндей. Инновациялық технологияны ұстанатын кешендегі бүкіл жабдық Гераманиядан алдырылса, өндірісті автоматтандыру, компюьтерлік басқару мен бақылау қол ұзартып отыр. Жалпы, мұнда өндіріске қаржы құю бірінші кезектегі мәселе саналып, тартынып қалу қайтарымды әлсіретеді деген ұғым қалыптасқан. Яғни, тиімді бизнес арқылы кәсіпорынды дамытудың стратегиялық бағдарламасы болашақтың өскелең талабынан өзек тартады деуімізге болады.
– Біздің шаруашылық табиғи шикізатты бірінші кезең сатысында өңдейтіндіктен, өзге әріптестерге қарағанда елеулі артықшылық жағдайда,– дейді «Родина агрофирмасы» ЖШС бас технологы Константин Банщиков. –Біздің ұстанымымыз – қоспасыз өнімдер ұсыну, технологиялық талаптарды қатаң бақылау, өндірістің жоғары мәдениеті, өнімді қолжетімді бағамен базарлау. Зертхананың күн сайынғы тексерісінен тысқары облыс, аудан, тіпті, Астана қаласындағы мекемелерде қосымша сараптама зерттеулер жүргізіледі. Тұтынушы талғамындағы жеті түрлі өніміміздің құрамында май, белок жұғымдылығы сияқты нормалы сұраныстар қамтамасыз етіліп, әр өнімнің ерекшелігіне сай 3,2-ден 72,5 пайыздық майлылық дәрежесі ұсталады және витаминдердің бай қоры сақталады. Тоңазытқыштармен жабдықталған авторефрижераторлар айрықша маңыз артылатын тасымал ісін алаңсыз ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сүтті қайта өңдеу желісіндегі жұмысшы-операторлардың барлығының арнайы сертификаты бар. Шаруашылық беделін өз қолымен көтерген жерлестерім айта қаларлықтай ауытқушылыққа жол берген емес.
Осындайда халқымыздың қарабайырлау болса да кез келген кәсіптің қыр-сыры мен қасиетін дөп басатын «Малды малдай адам бағады» деген нақылы ойға оралады екен. Өндіріс меңгерушісі Максим Судникович, технолог Людмила Марталер, Наталья Паскаль, Лилия Белоусова, Людмила Овадок сияқты лаборанттар, сұрыптаушы оператор Лагир Азимов, сауыншы Надежда Сокольская, бақташы Андрей Иванов, тағы басқалар өнегелі істеріне риза боласың. Шаруашылық басшылары осындағы үш ауылдың тұрғындарына қала тұрмысына мейлінше жақын қолайлылықтар туғызуға тырысатынына қайран қаласың. Көкөрімге бөленген Родина ауылының үйлері орталықтан жылытылады. Су жүйелерінің өзі 40,6 шақырымды, электр шамы тартылған асфальтты көшелердің аумағы 40 шақырымды алып жатыр. Үйлену тойы мен сәби туғандағы дәстүрлі базарлық 50000 теңгеден екен. Ұжым мүшелері 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Алтын белгі» иегерлері 150000 теңгені иемденеді. Өткен жылғы 65 жылдық мерекеде соғыс ардагерлері С.Глушко мен П.Богатыревқа «Ваз-2167» автокөлігі мінгізілді. Жалпы, агрофирманың әлеуметтік бағыттағы ақшалай үлесі 554,5 миллион теңгені құрайды. Ауыл мәдени ошағы республиканың «Үздік клубы» атанса, алдыңғы жылы шаруашылық «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша республикалық «Парыз» байқауының жеңімпазы атанды.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.