Бұрнағы күні елордадағы «Көрме» орталығында екі күнге созылған «Қазақстандағы және бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігіндегі азаматтық қоғам: қалыптасуы және 20 жыл бойы дамуы» тақырыбындағы үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық конференциясы өз жұмысын аяқтады.
Конференция жұмысы қорытындыланған күні жиынға қатысушылар бірнеше секция төңірегінде ой-пайымдарымен бөлісіп, пікірталас өткізді. Мәселен, «Азаматтық қоғамның дамуы: түйткілдер және зерттеу ұйымдарының мүмкіндіктері», «Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға халықтың қатысу тиімділігін арттыру», «Еуропа мен ТМД елдеріндегі ҮЕҰ қызметін жүйелендіру саласындағы үрдістер», «ҮЕҰ-ның Мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға зерттеу жүргізуі мен оларды бағалауы», «ҮЕҰ жаңа медиа-технологияларды қалай пайдалана алады?», «Бағдарламаны тұрғындардың игілігі жолына қалай бағыттауға болады?» сынды тақырыптарды көтерген секция жұмыстары көптің көкейінде жүрген дүниелерді қозғауымен маңызды болды.
«Азаматтық қоғамның дамуы: түйткілдер және зерттеу ұйымдарының мүмкіндіктері» тақырыбында өткен секция жұмысына Ресейдегі Азаматтық қоғамды зерттеу орталығы мен «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университеті жекеменшік емес секторының директоры Ирина Мерсиянова сөз алып, өз еліндегі үкіметтік емес сектордың қызметіне, оларға тұрғындардың сенім арту көрсеткішінің дейгейіне қатысты қызықты мәліметтер келтірді.
«Еуропа мен ТМД елдеріндегі ҮЕҰ қызметін жүйелендіру саласындағы үрдістер» тақырыбындағы секция жұмысында сөз сөйлеген ICNL халықаралық ұйымының ТМД елдері бойынша вице-президенті Наталья Боржелли әлем елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жандандыруды және азаматтық қоғамның дамуына қолдау көрсетуді мақсат тұтатын ұйымға қатысты кеңірек мәлімет берді. «Біздің ұйымның бас кеңсесінен бөлек, әлемнің 25 елінде кеңселері орналасқан. Әлемнің 80-нен астам елінде азаматтық қоғамның дамуына техникалық, ақпараттық көмек беруді, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қажетті заңдарды жетілдіруді көздейтін арнайы бағдарламаларымыз бар. Біздің ұйымның Қазақстандағы жұмысы да жақсы жолға қойылған», – деді Н. Боржелли.
Бір айта кетерлігі, халықаралық форум аясында азаматтық қоғамдағы, үкіметтік емес ұйымдар қызметіндегі түйткілдер сөз етіліп қана қоймай, оларды шешу жолдары мен ауқымды міндеттер шоғыры талқыға салынды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.