Ел мен елді жақындастырып, адамдардың өзара түсіністігін арттыруға септігін тигізетін игі нәрсе бұл дүниеде аз емес қой. Мысалы, Мәскеудің келесі жылы пайдалануға берілетін бір метростансасын Қазақстан елшілігінің бастамасымен «Алматы» деп атауға қол жеткізілгендігі туралы жақсы хабар жария болғаннан бері осы маңайдағы Братеево ауданында тұратын мәскеуліктердің елімізге деген ықыласы бұрынғыдан да артып, қазақстандықтарды жақын тартып, өзара тығызырақ қарым-қатынас жасауға бет бұрғандық байқалады.
Братеево – Мәскеу қаласының құрамына 60-жылдары кірген шағын селоның аты. Әуелі муниципалды округ болған, кейін ауданға айналған. Ал Братеево атауының қайдан шыққандығы жөніндегі аңызға бойлап көрсеңіз, бәрі де адами туысқандықтан (ағайынды екі жігіт, Братей есімді адам, белгілі тұлғаның інісінің аты) тарайтынын байқайсыз. Соған қарағанда, болашақ «Алматы» метро стансасының туысқандықпен байланысты жерде пайда болуын жаратылыстың өзі алдын ала заңдастырған сияқты...
Елшіліктің бастамасымен жүзеге асырылған жаңаша байланыс осы аудандағы №975 мектеп – білім орталығының үстіміздегі жылды Қазақстанмен танысу жылы деп жариялауынан серпін алды. Білім ұясындағы салтанатты линейкаға қатысқан елші Зауытбек Тұрысбеков ұстаздар қауымы мен оқушыларға Қазақстан тарихы, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, қазіргі заманғы білім беру жүйесі туралы, ұлттық мәдениет пен халықтық дәстүр-салт, әдет-ғұрыптар жөнінде, сондай-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынастардың даму болашағы жайында кеңінен әңгімеледі. Мектеп директоры Александр Пименовтің пікірінше, мұндай ынтымақтастық мектеп үшін де, мектеп оқушылары үшін де өте пайдалы. Қазақстанмен танысу жылы мектеп ұжымына ежелгі көрші – тәуелсіз Қазақстан мемлекеті туралы көптеген жаңа да тың мағлұматтар алуға жол ашады, аралас-құраластықты арттырады, жеткіншек ұрпақтың жан-жақты жетілуіне жәрдемдеседі, дейді ол.
Сондай-ақ таяуда елшілік жергілікті әкімшілікпен бірлесіп Братеево ауданы тұрғындарының қатысуымен атақты 8-ші гвардиялық дивизияның Мәскеу үшін шайқастағы ұлы ерлігіне 70 жыл толуына арналған іс-шара өткізді. Жұртшылық алдында сөз сөйлеген елші З.Тұрысбеков, Братеево ауданының басшы қызметкерлері, басқа да ресейлік азаматтар бүгінгі таңдағы Қазақстан-Ресей байланыстарына, Ұлы Жеңіске қол жеткізген достық пен туысқандық жайына, 8-ші гвардиялық дивизия жауынгерлерінің тарихи ерлігіне айрықша тоқталды. Алматы көшесіне таяу жердегі үлкен саябақтың ашық алаңында аталған іс-шара шеңберінде ұйымдастырылған мерекелік концертте алғаш рет Алматыда тұсауы кесілген атақты «А-студио» тобының өнерпаздары көпшілік құрметіне бөленді.
Болашақ «Алматы» метростансасы өз атауымен бүкіл Қазақстанды бейнелейтінін ескерсек, енді көп ұзамай өзара байланыстарымыздың өрісі бұрынғыдан да кеңейіп, туысқандықтың тағы бір төркіні Мәскеудің Братеево ауданы болатындығына қазірден-ақ көз жеткізуге болады.
Серікқали БАЙМЕНШЕ. Мәскеу.