• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2011

Көп пікірінің көмегі көп

349 рет
көрсетілді

Кеше елордада Бейбітшілік және келісім сарайында ТМД мемлекеттері жолшыларының үкіметаралық кеңесінің ХХХІІ отырысы болып өтті. Оны еліміздің Көлік және коммуникация ми­нистрі Берік Камалиев жүргізіп отырды. Астанаға атбасын ті­реген әріптестерін құттықтаған ведомство басшысы оларға Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің құттықтау хатын оқып берді. Бұл басқосуда ТМД елдерінің жол шаруашылығының нормативтік базасын жетілдіру мәселе­ле­рі талқыланып, ТМД халық­ара­лық автомобиль жолдары және олардың шекаралас мемлекеттер шекараларына келуін да­мы­ту туралы хаттаманы іске асы­ру нәтижелері қаралды. Сондай-ақ, ассоциацияланған кеңес мү­ше­леріне инновациялық техноло­гия­ларды енгізу мәселесі қарал­ды. Бұл мәселені талқылау бары­сында ТМД елдерінде маман­дан­дырылған семинарлар мен көр­ме­лер өткізу кезінде иннова­ция­лық шешімдерді кең және тиімді ұсынуды қамтамасыз етілуі белгіленді. Аталған үкіметаралық сала­лық органның басты мақсаты – жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары желісін дамыту мен жетілдіру, жол ұйымдарының өн­діріс­тік және ғылыми-техни­калық әлеуетін толық пайдалану үшін жағдайлар жасауға саяды. Сонымен қатар, келісілген жол саясатын жүргізудегі үкіметтің күш-жігеріне, интеграциялық үр­діс­тердің тереңдеуіне және кадр­ларды даярлау деңгейін көтеруге қолдау көрсету болып табылады. Мұнан кейін жолшылардың үкі­мет­аралық кеңесі «Халықаралық көлік дәліздерінің инновациялық дамуы» тақырыбында халықара­лық ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­циясымен өз жалғасын тапты. Биылғы жылы ТМД-ның 20 жылдығын тойлауға байланысты кеңес осы оқиғаға арналған бір­қа­тар іс-шаралар өткізуді назарда ұстаған. Оның ішінде, қазіргі күні Астанадағы «Көрме» көр­мелер кешенінде өтіп жатқан VIII «ҚазАвтожол-2011» халықаралық көрмесі бар. Сонымен бірге айтулы датаға орай алдағы уа­қыт­та II «Жол» халықаралық ма­мандандырылған көрме-форум (Мәскеу), «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 20 жыл» атты ха­лықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Минск) және ТМД мемлекеттеріндегі «ТМД апта­сы» іс-шараларын өткізу жоспарланған. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.