Осы жылдың 4 қазанында Вашингтон қаласында «Ядролық қатерді қысқарту бойынша бастама» (NTI) беделді америкалық қорының құрылғанына 10 жыл толуымен ұштастырылған сыйақылармен марапаттау салтанатты рәсімі өтті. Қор жаппай қырып-жою қаруын қолданудың және таралуының тәуекелін азайту жолындағы ғаламдық қауіпсіздікті өзіне мақсат етеді.
Қордың наградаларымен марапатталғандардың арасында Австралияның, Ұлыбританияның, Германияның, Норвегияның, Ресейдің, АҚШ пен Таяу Шығыстың бірқатар ірі мемлекет қайраткерлері бар.
Марапатталушылардың бірінші қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі аталды. Қордың негізін салушы АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Сэм Нанн мен белгілі америкалық бизнесмен және филантроп Тед Тернер өздерінің сөйлеген сөздерінде атап өткендей, NTI шешімі Президент Н.Назарбаевтың ядролық қарусыздану ісіне қосқан ауқымды үлесін тану белгісі ретінде қабылданған. Мемлекет басшысының қызметіне қор «Ядролық қатерді азайтуға үлгі болған тұңғыш жол салушының батыл көшбасшылығы үшін», деп өзінің жоғары бағасын тұжырымдап отыр.
Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов Президент Н.Назарбаевтың наградасын қабылдай отырып, өзінің жауап сөзінде NTI-ді құрушыларды 10 жылдық мерейтойларымен құттықтады және Қазақстанның NTI өзінің алдына осыдан 10 жыл бұрын қойған игілікті мақсаттарды толық қолдайтындығын білдірді. Келесі аптада Астанада Президент Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша NTI міндеттерімен үндес игілікті мақсаттар қоятын ядросыз әлем үшін ірі халықаралық форум өтпекші.