• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2011

Ынтымақтастық жайы қозғалды

272 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Литва Президенті Даля Грибаускайтемен кездесті. Мәжіліс Төрағасы Литва Президентінің Қазақстанға жа­саған осы арнайы сапары екі мемлекет арасындағы ын­тымақтастық байланыстың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ететініне сенім білдірді, деп хабарлады осы палатаның бас­пасөз қызметі. «Қазақстан үшін Литва Бал­тық теңізі аймағындағы маңызды саяси және экономикалық әріптес болып саналады. Біз Литвамен байланыстың барлық салада те­рең­дей түсуіне және ауқымы ке­ңеюіне үлкен мән беріп отыр­мыз», деді О.Мұхамеджанов. Өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында екі елдің арасында жоғары деңгейде пікір алмасу байланысы тұрақты өрбіп келеді. Халықаралық мәселелерде Қа­зақстан мен Литваның ұс­та­нымдары бір-біріне жақын және ұқсас. Мәжіліс Төрағасы Еуропа деңгейінде жасалған Қазақ­стан­ның бастамаларына қолдау білдіріп келе жатқан литвалық тарап­қа ризашылығын жеткізді. О.Мұ­ха­меджанов: «2010 жылы елі­міз­дің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде және осы мыңжылдықтағы бірінші рет болған Саммитті өт­кізу барысында Литваның қол­дауын айрықша байқадық. Қазір Литваның ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуіне ыждағаттылықпен назар салып отырмыз»,  деді. Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманға: «Сіздің сапарыңыз Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында жүзеге асып отыр. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығы арқасында осы жыл­дар ішінде Қазақстан халық­ара­лық деңгейде, атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті ны­ғай­туда, ұлттараралық және дін­дер­аралық үнқатысуды жүзеге асы­руда, ядролық қарусыз әлемді орнатуда толағай табыстарға қол жеткізді», деп мемлекетіміздің жетістіктерін баяндады. Өз кезегінде Даля Грибаускайте ханым елдер арасындағы ынтымақтастық байланыс жан-жақты даму үшін қарым-қаты­нас­тың жоғары деңгейде болуы маңызды екенін айтты. Осы ретте парламентаралық байланыс та үлкен маңызға ие. «Ең бастысы, бұл істе екі елдің саясаткерлері де, кәсіпкерлері де белсенділік танытқаны жөн. Және де нақты нәтижелерге қол жеткізілуі керек. Соның ішінде келісімдерді заң түрінде бекіту парламентші­лер­дің қосқан үлесі болмақ», деді Д.Грибаускайте. Сондай-ақ ол ел ­ара­­сындағы, қалалар арасындағы бай­ланысты дамыту туралы ой­ларымен бөлісті. Қазақстанның жетістіктері жайлы айта келіп,  көрікті Астанаға жылы пікірін жеткізді. Даля Грибаускайте Мәжі­ліс­тің құрметті қонақтар кітабына ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қал­дырды.