• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 19 Шілде, 2017

Ирактың сенімді өкілі: «Мосулды азат ету – адамзаттың жеңісі»

243 рет
көрсетілді

Мосул қаласының азат етілуіне орай Ирактың Қазақстандағы сенімді өкілі Юнус Салим Сархан баспасөз жиынын өткізді. Журналистермен кездесу барысында Юнус Салим шаһарды қайтарып алу арқылы ИЛИМ (ДАИШ) содырларының тамырына балта шабылғанын мәлімдеді.

Ирактың сенімді өкілі өзінің кіріспе сөзінде Мосул қаласын азат етудің маңыздылығына тоқталды.

«Біз бүкіл әлем халықтары атынан күресіп, елдің тыныштығына қауіп төндірген аса қауіпті террористік топтың көзін жойдық. «Ислам мемлекеті» деп айдар таққан содырлардың тамырына балта шаптық. Біздің өрендеріміз шаһарды азат ету жолында өз өмірлерін қиып, Ирактың тарихы мол, өркениетті ел екенін дәлелдеді. Бұл – біздің ғана емес, бүкіл адамзаттың жеңісі», – дейді Юнус Салим.

Ирактың Қазақстандағы сенімді өкілінің айтуынша, азат ету операциясы кезінде ең әуелі содырлар тірі қалқан ретінде қолданған азаматтардың қауіпсіздігі ескерілген. Сондай-ақ, Юнус Салим босату шарасы кезінде одақтас елдердің де маңызды рөл ойнағанын айта кетті. Оның пікірінше, Ирактағы үлкендігі һәм маңыздылығы жөнінен екінші орында тұратын шаһарды террористерден тартып алу – ИЛИМ-нің біржола жойылғанының айғағы.

Әйтсе де, Ирак әскері содырлардың шаһардағы көне жәдігерлерді қиратуына тоқтау сала алған жоқ. Мәселен, содырлар XII ғасырда салынған ән-Нури мешітін талқандап кетті. Юнус Салим Мосулда қираған тарихи нысандардың көп екенін, оны қайта қалпына келтіру үшін Ирак халқы барын салатынын мәлімдеді.

«Qadimun Ya Nayawa» деп аталатын Мосулды босату операциясы 9 ай бұрын басталған еді. Аталған әскери қимылға Ирак әскері, антитеррорлық күштер, федеральды полиция, халықтық еріктілер секілді түрлі қарулы күштер қатысты. Осы мерзім аралығында коалиция көмегімен Ирак қарулы күштері 16 мыңнан астам содырдың көзін жойған. Сондай-ақ, 70-ке жуық жарылғыш көлік пен 6 мыңнан астам жарылғыш зат залалсыздандырылған болатын. Естеріңізде болса, ДАИШ содырлары Мосул қаласын 2014 жылдың ортасына таман басып алып, «Ислам мемлекетінің» құрылғанын жариялаған-ды.

Фото:reuters.com

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»