Қырғыз елі өзінің тәуелсіздігін алғалы бері бірнеше рет парламенттік және президенттік сайлауларды өткізді. Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерге қарағанда, Қырғызстанда саяси науқан – сайлаулардың дау-дамайсыз өз деңгейінде өткені өте сирек. Бұл демократиялық қоғамға тән нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ, өздері сайлаған парламентті тарату үшін атойлап «атқа қонған» қырғыз ағайындардың кейбір әрекеттеріне кейде еріксіз бас шайқайсың. Тіпті егемендігін алған жылдар ішінде құдай қосқан көршіміз заңды жолмен сайланған екі президентті күш көрсету арқылы елден «қашып» кетуге мәжбүр етті. Әлемдік қоғамдастық мұны мемлекеттік төңкеріс деп бағалады.
Биылғы президенттік сайлау науқаны да аса белсенді және ширыққан жағдайда өтетін сияқты. Өйткені, қазірдің өзінде елдің Орталық сайлау комиссиясына кандидаттыққа тіркелуге құжат тапсырған үміткерлердің қатары 30 адамнан асқан. Олардың 25-тен астамы өзін-өзі ұсынып отыр. Араларында саяси партия жетекшілері де, заңгерлер мен кәсіпкерлер де, университет ректоры да, дипломат та, бұрынғы депутат та бар.
2011 жылы өткен президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелуге 83 адам өзін-өзі ұсынған еді. Олардың 23-іне ғана кандидаттыққа мандат берілген-ді. Ал елдің қазіргі премьер-министрі Сооранбай Жээнбеков Қырғызстан социал-демократиялық партиясы атынан үміткер болмақ. Атап өтейік, елдің конституциясына сәйкес, бір адам бір рет қана президенттікке сайлана алады. Сондықтан да, Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев сайлауға қатыса алмайды. Сондай-ақ, Атамбаев мемлекет басшылығына келгеннен бері елде біршама саяси тұрақтылық орнағаны және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге бағытталған бірқатар реформалар жүзеге асырылғаны шындық.
Сарапшылар бұл жолғы президенттік сайлауда екінші тур болуы мүмкін екендігін де айтып отыр. Себебі, сайлау науқанына қатысуға ниет танытып отырғандар арасында көпшілікке танымал тұлғалар, кезінде жоғары билік сатысында қызмет атқарған саясаткерлер жетерлік. Мысалы, бұрынғы премьер-министрлер Темир Сариев «Ақ Шумкар» партиясы атынан, Омурбек Бабанов «Республика» партиясы атынан бақтарын сынап көрмек. Бұлардың қатарына, сондай-ақ, парламенттің бұрынғы спикері Ахметбек Келдібеков пен «Ата-Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевты қосуға болады. Жоғарыда атап өткен Қырғызстанның қазіргі премьер-министрі Сооронбай Жээнбековтің де қолдаушылары аз болмаса керек. Президенттік сайлау дүбірі шыққаннан бері осы жылдың 26 ақпанында Бішкектегі «Манас» әуежайында ұсталған Омурбек Текебаевқа қатысты мәселе қайта өршіді. Оған байланысты тергеу-тексеру ісі әлі жалғасып жатыр. Сот оның қамауда ұстау мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Оппозициядағылар билік мұны әдейі істеп отыр, сондағы мақсаты – О.Текебаевты президенттік сайлауға қатыстырмау, деген уәж айтады. Ал Текебаевқа сыбайлас жемқорлыққа салынды деген айып тағылған.
Бірқатар сарапшылар сайлауда «Республика» партиясының жетекшісі, кәсіпкер Омүрбек Бабанов пен қазіргі премьер-министр С.Жээнбековтің сайлауда жеңіп шығу мүмкіндігі жоғары екенін айтады. Ал ел президенті А.Атамбаевтың қазіргі премьердің кандидатурасын қолдайтыны бұған дейін-ақ белгілі болған.
Бірақ «Вечерний Бішкек» газетінің оқырмандар арасында жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, О.Бабановтың өзге үміткерлерден сәл басым екені анықталған. Кейбіреулер оның мүмкіндігі жоғары бола тұрса да, өзінің сайлау науқанын белгісіз себептермен тоқтатты деген болжам жасайды. Өйткені, оппозициялық көзқарастағы кандидаттарға аяқ астынан айып тағылатыны жасырын емес.
Қазақ пен қырғыз түбі бір туыс, еншісі бөлінбеген бауырлас халық. Көршілес елдегі саяси тұрақтылықтың мығым орнауы, кезекті президенттік сайлаудың ойдағыдай өтіп, ел басшылығына лайықты адамның келуін қырғызстандықтармен қатар, қазақстандықтар да күтеді. Ал бұл екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге ықпал етеді.
Әлисұлтан Құланбай, «Егемен Қазақстан»