Ағынды судың арынды толқыны серпіп, сынаптай сырғып өтіп бара жатқан өмірдің қалған ізіне қайырылып бір мезгіл қарай қалсаң, талай жақсы да жасампаз адамдар бейнесі көз алдыңнан елес болып өтіп жатады. Олардың кескін-келбеті, сөйлеген сөзі, атқарған істері, қоршаған ортасы еріксіз қиялыңды қиянға жетелейді. «Көкіректегі көрікті ой» (Абай) сыртқа шығып, не айтыла, не жазыла бастаса тұздығы тапшы тамақтай болып қалуы да мүмкін-ау.
Айтайын деген әңгімем «Жетісудың жұлдызы» атанған, халқына қалтқысыз 55 жыл еңбек еткен Зылиха Тамшыбаева туралы болмақ. Ол – ерен еңбектері үшін бірнеше марапаттарға ие болды. Атап айтқанда Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Октябрь революциясы», «Құрмет», «Парасат» ордендерін алды. КОКП ХХII, ХХIV, ХХVII съездерінің, сондай-ақ Қазақстан Компартиясының съездеріне делегат болып сайланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі V, Х, ХI, ХII шақырылымының депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХI шақырылымының төраға орынбасары қызметін атқарды.
Зылиха Жанболатқызы 1936 жылы 5 қазанда Түлкілі тауының сілеміндегі Матай шоқысына тірелетін Алтынемел асуының маңындағы Шоқан Уәлиханов атындағы колхозда қарапайым отбасында дүниеге келген. Ел қатарлы жұпыны тіршілік етіп жүрген әке-шешесі «ел аш болса, тоқпын дегенің өтірік, ел тоқ болса, жоқпын дегенің өтірік» дегендей, шүкіршілікпен өмір етіп сүріп жатқан еді. Бейбіт өмірді аңсаған елдің Ұлы Жеңісті тойлап, қуанышы басыла қоймаған шақта 9 жасар Зылиха анасы Бибіштен мәңгілік көз жазып, жетімдіктің зардабын тартты.
«Жер туралы жыр» деген деректі естелік кітабында Зылиха былай деп жазады: «Балалық балғын шағымыз адам өмірінің ең қиын кезеңіне тап келді. Өз басым ойыншық дегеннің не екенін білмей өстім. Қыз болып бар ермегім – бір қарыс ағашқа шүберекті орап, оны қуыршақ етіп ойнау болатын».
Орта мектепті бітіргеннен кейін өзінің туған ауылында кітапхана меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Осы жерде көркемөнерпаздар үйірмесі құрылды. Ауыл жастары, мектеп оқушыларымен бірігіп концерттер берді. Ұйымдастыру қабілетімен көзге түскен кітапханашы қызды жастар колхоздың бастауыш комсомол ұйымына хатшы етіп сайлады. Ұйым мүшелері қоғамдық жұмыстарға, қолғабыс тигізе бастады. Мысалы, тұқым тазалау, күзет ұйымдастыру, қарт адамдарға көмектесу, қар күреу, баубақшаларға қол ұшын беру сияқты шаруашылық жұмыстарымен шұғылдану олардың патриоттық сезімдерін күшейтіп, қоғам ісіне деген жауапкершілікті анық сезіндіретін еді.
Осы жылдары кеңседегі қызыл мүйісте тың және тыңайған жерлерді игеру ұранымен әр жерлерден Қазақстанға жастардың ағылуы, олардың игі бастамалары туралы әңгімелер радио мен газет-журналдарда күн құрғатпай баяндалатын. Шоқан Уәлиханов атындағы колхозға жақын маңнан «Қарашоқы» совхозы құрылды. Оған алыстағы Молдавия, Белоруссия елдерінен жастар келген болатын. Жергілікті қыз-жігіттер оларға қызыға қарайтын. Ал біздің Талдықорған облысының жастары Қарағанды, Көкшетау облыстарына тың игеруге өздері өтініш беріп, аттанып жатты. Теміртау магниткасы, Соколов-Сарыбай, Атасу кен байыту комбинаттары сияқты үлкен құрылыстарға комсомолдық жолдамалар берілді.
Еліміз үшін ендігі кезектегі маңызды саланың бірі мал шаруашылығын өркендету еді. 1955 жылғы КОКП Орталық Комитетінің кезекті Пленумы осы мәселеге арналды. Жер-жерлерде бұл шараны да қолдаушылар көбейді. Шанханай ауылындағы он қыз бен екі ұл мал фермасына аттанып, оны жайлауға бастауыш комсомол ұйымының хатшысы Зылиха Тамшыбаева бастап барды. Сол жерде комсомол-жастар бригадасы құрылды. Олардың «Мал шаруашылығына аттанайық!» деген үндеуі республиканың бүкіл жастарына өнеге болды. Осындай бастаманың жаршысы болған Талдықорған облыстық комсомол комитеті қыз-жігіттердің жігерін жанып, оларға ұдайы көмек қолын созды. Зылиха жоғарыдағы жұмысын істеп жүріп Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтын тәмамдады. Еңбегі әділ бағаланып, Қазақстан Республикасының депутаттығына сайланды.
Ол мал фермасында 8 жылдан аса адал еңбек етті. Бригада мүшелері еңбекте зор табысқа жетуінің нәтижесінде республика жастарын өздерінің соңдарынан ерте білді. Еңбекке икемді болсаң, еліңе сүйкімді боларсың деген емес пе? Олардың ерлігі Бүкілодақтық комсомол комитетінің кезекті пленумында аталып өтті. Алматыдан Алтынемелге зиялы қауым өкілдері арнайы атбасын бұрып, жастардың жұмыстарына ризашылық білдірді. Елімізге белгілі «Беу, қыздар-ай!» пьесасы (авторлары Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев), «Оның уақыты келді» атты деректі кинофильм (режиссері Файзолла Әбсәлямов) міне, осы комсомол-жастар бригадасының өміріне арналған еді.
Уақыт өте келе Зылиха Жанболатқызына арнап атақты ақындарымыз: Қуандық Шаңғытбаев, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Марфуға Айтхожина, Әбен Дәуренбеков өлеңнен шашу шашты. Белгілі қоғам қайраткері, атақты композитор Еркеғали Рахмадиев пен ақын Әбдірахман Асылбековтің «Жетісудың қыздары-ай!» әні халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың орындауында :
Балқыған баулары, тәкаппар таулары
Жетісу аймағы-ай!
Күлкісі қымбатты, әзілі тым тәтті
Сүмбіл шаш сымбатты,
Өң берген аянбай, Жібек пен Баяндай
Жетісу қыздары-ай!
Зылиха, Күләштай, Мәрия, Жұмаштай –
Жетісудың қыздары -а-а-а-й! – деп барып үзілгенде тыңдаған жұрт бір сәт үнсіз қалатын. Бұл ән сол уақыттарда тек Жетісу қыздарына ғана емес, бүкіл халқымыздың бойжеткендеріне арналған ән іспетті қабылданған еді.
1964 жылғы жергілікті кеңес орындарына сайлауы кезінде Шанханай ауылының тұрғындары ұйымдастыру қабілетімен көзге түскен Зылиха Тамшыбаеваны ауылдық кеңестің төрайымы етіп сайлады. Бұл жұмысты ол бірден меңгеріп әкетті. Ал, 1969 жылы облыстық партия комитеті оны Кербұлақ ауданымен көршілес орналасқан Көксу аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне бекітті. Осы орында қызмет істеп жүргенде аудандағы артта қалған шаруашылықтың бірі «Еңбекші» кеңшарына партком хатшылығына ұсынылып, бірауыздан сайланды. Сөйтіп, Зылиханың тағы да ауыл шаруашылығына араласуына тура келді. Содан кейінгі ғұмыры қайнаған еңбектің бел ортасында өтті. «Жұмыстың көзін тапқан, жақұттың өзін табады», дегендей сіңліміз қажетті саланың әр буынын терең меңгере отырып, озық тәжірибелерді ортаға тартты. Мұндайда отбасының татулығы болмай, әйел адамның басшылық қызметті атқаруы екіталай еді. Бұл ретте отағасы Тоқсанбай Әріпұлының нағыз жанашыр жар бола білгенін атап өткен ләзім. Өйткені, оның да жас кезінде қарайласар ет жақыны болмай, жетімдіктің кермегін аз татпаған азамат-тын. Ақтөбеден Алматының зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына келіп оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірген ол жолдамамен осы Шанханай ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы кеңшарға мамандығы бойынша қызметке келген еді.
Адамның нәр беретін тамыры мен сән беретін жапырағы қашанда перзенттері екені рас. Бауырыңнан өрбіген ұрпақ – Жаратқан Иеміздің ұлы сыйы, өлшеусіз бақыты. Дана халқымыз: «Ел қанатымен танылады, өнерімен теңеседі және ұрпағымен жалғасады», деп бекер айтпаған. Бақытты отбасында төрт бала: екі ұл, екі қыз тәрбиелі болып өсті. Бәрі де жоғары оқу орындарын тәмамдады. Бірі дәрігер, енді бірі инженер-механик болса, қалғандары экономист, агроном мамандықтарын таңдады. Тұңғыш қызы Сағира медицина ғылымдарының докторы, профессор, ал Шолпан экономист болды. Күйеу балалары да республикаға белгілі азаматтар дер едік. Серік Әбдірахманов Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, Жоғарғы Кеңеске талай рет депутат болып сайланса, Төкен Егінбаев атақты «Құлагер» құрылыс корпорациясын басқарып, Астана қаласын көркейтуде үлкен еңбек сіңіріп келе жатқан азамат. Бақытты шаңырақтар 14 немере мен 4 шөберенің күлкісін көріп, ата-ана жүрегін шаттыққа бөледі.
Біз жоғарыда Зылиханың өміріне, еңбек жолына, отбасына тоқталып өттік. Ондағы ойымыз – адам үнемі іздену үстінде жүріп, шаруаның жүйесіне терең үңіліп, тетігін табуға тырысса, таудай талап пен ізгі ниетті тең ұстап, оған табандылықты қосса, әр істің де нәтижесі айтарлықтай болары анық деген жәйтті елге жеткізу еді. Тегінде адам ісімен ірі, әрекетімен абыройы асқақтамай ма?! Біздің анық байқағанымыз, Зылиха Жанболатқызы әлсіздерге медет, зарыққанға жебеу, торыққанға демеу бола білетін жан болатын.
Көксу ауданының «Еңбекші» кеңшарында басшылық ету үшін партком хатшысы Зылиха Тамшыбаева әсіресе, қант қызылшасы технологиясын толық меңгеруі тиіс еді. Канада, Франция сияқты шетелдерге іссапармен барғанда, олардың осы дақылды өсіру тәжірибелеріне баса ден қойып, сол елден бірнеше техникалар алғызды, сапалы тұқымдарын пайдаланды. Өйткені, 1971 жылы «Еңбекші» кеңшарына директор болып тағайындалған кезде бұл, жоғарыда айтып өткеніміздей, аудандағы ең артта қалған шаруашылық еді. Қант қызылшасының әр гектарынан небәрі 240 центнерден, дәнді дақылдардан 15 центнерден ғана өнім алып, әр сиырдан 1600 килограмм сүт өнділіріліп келген. Жұмыстың барлық саласына үнемі технологиялық жаңалықтарды енгізіп, мал басын асыл тұқымдандыру нәтижесінде 1975 жылы кеңшар әр гектардан 512 центнерден тәтті түбір, 40-45 центнерден алтын дән алып, әр сиырдан 4500 килограмм сүт саууды қамтамасыз етті.
Бұлармен қоса кеңшардың ішкі-сыртқы бейнесі мүлдем өзгерді. Аз уақытта 480 орындық мәдениет үйі, жазғы кинотеатр, 640 орындық екі қабатты мектеп, 90 орындық балабақша, малшылар балаларына арналған интернат, дәрігерлік амбулатория, асхана-сауда орталығы, жүздеген тұрғын үй құрылыстары бой көтерді. Ауыл сөйтіп кішігірім қалашыққа айналды. Әрбір отбасы электр жарығымен, радио желісімен, телефон байланыстарымен қамтамасыз етіліп, көшеге асфальт пен тас жолдар салынды.
Кешегі 90-шы жылдар мен нарық кезеңінде бірқатар шаруашылықтардың жекешеленгені мәлім. Көршілес кеңшарлардың өндірісі құлдырап, тұрғындары ала сөмке арқалап, қалаларды жағалап кетті. Алдыңғы қатардағы кейбір кеңшарларда тұрғын үйлердің орны қаңырап бос қалып жатса, «Еңбекші» ауылының тіршілігі бастапқы қарқынынан танбаған, 247 шағын шаруа қожалықтары құрылған құрылым ретінде елге аңыз болды. Оларды тұқыммен, техникамен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері сервистік қызмет көрсету жүйесі арқылы жүргізілді. Осының арқасында «Еңбекші» тұрғындары баяғы «айрандай ұйыған» қалпын сақтап қалды. Бұл жағдай біріншіден, Зылиха сіңіліміздің жаңалыққа бейімдігін аңғартса, екінші жағынан, ауылдастарының оған деген зор сенімі еді.
2006 жылы күзде 50 жылдық еңбегінің қорытындысы іспеттес болып, Зылиха Тамшыбаеваның 70 жылдық мерейтойы «Еңбекші» ауылында және Талдықорған қаласында дүркіреп аталып өтілді. Оған лауазымды азаматтар, депутаттар, көршілес облыстардан қонақтар көп келді. Қостанайдан замандасы, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева, ұстаздары мен шәкірттері құттықтау сөздер арнады. Осы салтанатты мәжіліске басшылық еткен сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов: «Сіздің облыс дамуына қосқан ерен еңбегіңізді риясыз бағалаймыз. Қуатты қажыр-қайратыңыз, ақыл-ойыңыздың кемелдігі сізді талай биіктерді бағындыруға жетеледі. Осынау жарық дүние жаратылғалы бері өмірдің бастауы әйел болған. Әйел-ана отбасының жылылығын сақтаушы, сенімді жар. Тал бойыңыздағы пір тұтуға лайықты қасиеттерді жинаған сізге денсаулық, бақыт, толағай табыс тілеймін!» деген сөзін дүйім жұрт зор ризашылықпен қабылдаған болатын.
Мен Зылиха Жанболатқызын бала кезінен білетіндіктен, азды-көпті өмір жолына куә болған жайым бар еді. Онымен хабарымыз еш үзілмегендіктен, кейбір адамгершілік қасиеттеріне тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Ондағы ой – бүгінгі зерделі жас қауым, құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан балаларымыз өз кәделеріне жаратар деген ниет.
Зылиха – тағдыры, еңбегі арқылы тұлғалық келбетін өзі қалыптастырған жан. Адамның ойлылығы, жасампаздығы мен жақсылығы да еңбекпен келіп іске асатынын ол өмірлік өрнегімен дәлелдеп берді. Қандай іс бастаса, сонысын тыңғылықты етіп аяқтады. Бабамыз Әл-Фараби: «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді», деген екен. Сол айтқандай, ол тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында діттеген мақсатына қол жеткізді. Шыдамды, сабырлы қалпынан айнымады. Нәзік жаратылыс иесі болғанмен өзгені күндеуден, біреудің атына ғайбат айтудан ада еді. Өзімен тағдырлас, замандас әр адамның маңдайынан сипап, жан-дүниесін түсінуі оның туа біткен асыл қасиеті болатын. Мейлінше кішіпейіл еді, қай ортаның да «өз адамы» болатын. Замандастары мен құрбылары арасында қалжыңдары жарасқан Зылиха, аудан, облыс басшылары алдында әділ де адал орындаушы қызметкер, жауапты жиналыстарда әр мәселенің түйінін бүкпесіз айтар білікті басшы, өзінен жасы үлкен аға-апаларының арасында ұяң жүзді тыңдаушы, жастар арасында, әсіресе, қыз-келіншектерге үлгі-өнегелі істерді насихаттаушы, ал отбасында – сүйікті жар, аяулы ана, мейірімді әже болып ғұмыр кешті.
Егер ол диқандық кәсіппен емес, шығармашылықпен шұғылданғанда мұнан да үлкен табысқа жетер еді деп ойлаймын. Бұлай деуге себеп – естелік кітап жазып шығарды. Көптеген газет-журналдарға, телеарналарда терең мазмұнды сұхбаттары шықты. Талай жауапты мінбелерде сөз сөйлегенде мақал-мәтелдермен ойын астарлап, айшықтап жинақы жеткізетін. «Батыр туар ел үшін, жақсы туар көп үшін», демекші, халыққа жақсылық жасаудан тарынбай, көл-көсір көмегін аямады. Ол күйге құмар, әнге әуес еді. Халық руханиятының шын жанашыры болатын. Отбасына қажетті киім-кешек, төсек-орын заттарын да өздігінше ұқсата білетін. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу қазақтың нағыз осындай еңбекпен ержетіп, Отан үшін адал қызмет атқарып кеткен ардақты перзенттеріне арналып айтылса керек.
Бүгінде арамызда Зылиха Жанболатқызының өзі жоқ. Көзі тірі болғанда осы жылдың қазан айында 75 жасқа келер еді. Тәуелсіз Қазақ еліне қажырлы еңбек еткен аяулы жан республикамыздың 20 жылдық мерейтойын бәрімізбен бірге тойлар еді. Әр адамға өлшеммен берілген уақыт шешімін ешкім өзгерте алмайтыны хақ. Алайда, оның ұзақ жылдар атқарған істері тарихта сақталып, жастарға үлгі-өнеге болып қалады деп ойлаймыз. Тарих көші алға жылжып ұрпақтар сабақтастығы жалғаса бермек. Тәуелсіздігіміз баянды болып, алтын құрсақ аналарымыз аман болса өмірге әлі де талай даңқты Әлия, Мәншүк, Хиуаз, Зылиханың ізбасар сіңлілері келе береріне күмән жоқ.
Бұл күндері оның әріптестері, еңбектес ауылдастары қызу еңбек етуде. Кешегі өтпелі кезеңнің, өлара шақтың қиындығын жеңіп, жас мемлекетіміздің қаз тұрып қадам басуына өз шама-шарқынша үлес қосып келе жатқан «Еңбекші» ауылының тұрғындары, әсіресе, жастар жағы көктеммен бірге гүлдеп, жазбен жадырап, күздің қарбалас шаруаларында қыс қамы үшін жұмыла қызу еңбек етуде.
Бижамал РАМАЗАНОВА, қоғам және мемлекет қайраткері.
Алматы.